Тілім - тағдырым

Ономастика саласына ұлттық пайым артық болмас, сірә!

  • Ономастика саласына ұлттық пайым артық болмас, сірә!

    Ономастика саласына ұлттық пайым артық болмас, сірә!

 


Ономастика деп аталатын ғылым бар. Ғылым ғана емес, ол тұнып тұрған саясат. Өйткені, ел территориясындағы жер-су, елді мекен, өзен-көл, мекеме мен көше аттары – халықтың тарихи жады, кешегісі мен ертеңгісін қосатын ұзын сонар жол, мәдениеті мен рухының терең тамыры. Сондықтан да ономастика мәселесі өзін осы елдің азаматы танитан кез-келген адамды бейжай қалдырмайтын дүние. Бұл жерде күрестің болуы да заңдылық. Әрбір халық пен ұлт өзінің тарихи жадысын жаңғыртуға тырысады, болашаққа соны жеткізудің бір жолы осы ономастика деп біледі. Оның терең саясат екенін өткен ғасырдағы патшалық жүйе мен кеңестің әміршіл заманы бізге жақсы көрсетіп берді. Кең байтақ қазақ даласындағы қанша жер-су аттары өзгеріп кетті. Жер мен елдің тарихына еш қатысы жоқ адамдардың есімі қойылды. Тіпті осы далаға отаршылдық қамытын көтеріп келген Ермак, Черняев сияқты жаулап алушылардың есімі жалаулап тұратын. Ал, Жайық пен Есіл сияқты үлкен өзендердің аттары да бұрмалауға түсіп, Урал мен Ишим аталып кетуі жергілікті халықтың тарихи санасын өшіруге қатты кұш салғанының айқын дәлелі. Қазақстандағы ономастика мәселесі тек тәуелсіздік алған соң бір жөнге келе бастады. Бірқатар қала мен елді мекендерге тарихи аты қайта берілді. Елімізде ономастика туралы заң қабылданды. Міне, қазір солтүстік өңірде сіресіп тұрған сең бұзылып, көптеген елді мекендердегі патша жандайшаптар мен коммунизм көсемдерінің есімдері өзгере бастады. Дегенмен де әлі біраз жұмыс жасалуы керек-ақ. Әлі де болса ономастика мәселесінде бір ізге түспеген түйткілдер аз емес. Бұл дүние Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында:

« Аталған бағытты іске асыру арқылы ең алдымен, әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын жүйеге келтіруді қамтамасыз ету көзделеді.

Ономастика саласындағы жұмысты жетілдіру арқылы, ең алдымен, ономастикалық жұмыстарды жүргізген кезде ашықтық қағидаттарын енгізу, қоғамдық пікірді ескеру, шешімдерді қабылдау процесіне азаматтық қоғам институттарын және бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен тарту көзделеді.

Бұл нәтижеге қол жеткізу үшін ономастика саласындағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіре түсу, сондай-ақ географиялық объектілердің атауларын мемлекеттік тілде жазу, оны орыс және басқа да тілдерде транслитерациялаудың ережелерін әзірлеу талап етіледі» деп көрсетілген.



Рас, ономастика саласында атқарылып жатқан істер ұшан-теңіз. Бірақ, бір ізге түсіріп реттеуді қажет етіп тұрғандары да жетерлік. «Көкемнің аты – көшеге, атамның атын – ауылға» деп шу тудырып жатқаны да аз емес. Ол туралы келесі бір мақаламызда сөз етерміз. Қазір соның бірін, бірақ елге түсініксіз болып жатқан бір түйткілін айтуды жөн санап отырмыз. Ол мемлекеттік бағдарламада көрсетілген: «әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын жүйеге келтіруді қамтамасыз ету» мәселесі. Иә, орыс тіліндегі құжаттарда адамның тегі, фамилиясы алдымен айтылады. Есімі одан кейін жазылады. Бірақ, қазақ халқы адамның атына мән береді емес пе? Адамды атап шақырғанда да алдымен атын айтады. Құнанбаевты «Абай» деп, Сағырбайұлын «Құрманғазы» деп, Қазанғапұлын «Тәттімбет» деп, Құдайбердіұлын «Шәкерім» деп біледі, солай атайды. Олардың тегін жаттап жүрген кісі аз. Бірақ, орыс тіліндегі адамды тектеу бізден қалмағаны былай тұрсын, көше аттарына да қосылып кетіпті. Әрине, адамның атын алдымен жазып, соңынан тегін тіркесе түсінікті болар еді. Бірақ, көше аты қысқа да нұсқа болуға тиіс. Сондықтан да ескі түсінік бойынша тұлғаның тегі алдына шығып кетеді. Содан кейін қай «ұлының» атындағы көше екен түсінбей дал болып жатады. Қазір «Бөкейханұлы» деген көше аттары баршылық. Бұл қай Бөкейхановтар? Біз есімін білетін Бөкейхановтар бірнешеу. Бәрінің де есімі елеулі. Әрине, олардың ішінде Әлихан есімінің шоқтығы биік. Сондықтан көшеге ең алдымен Әлихан деген атын беру керек тәрізді. Мұндай деректер өте көп. Алматы облысындағы Ақсу ауылы қазір Жансүгіров атында. Бұл қазақтың ұлы ақыны Ілияс Жансүгіровтың кіндік қаны тамған жер. Қазір «ов» пен «евтен» арылып жатқан уақыт. Соған сай халық сол құтты мекенді енді «Жансүгір» деп атап кетті. Ілиястың аты қайда сонда? Мұндай мысалдар бұл күндері тіпті көбейіп барады. Рас, іс қағаздарын жүргізу әлемі қазақи салт-санаға, ұлттық дәстүрге икемделе қойған жоқ әлі. Ол біртіндеп жүретін үдеріс. Бірақ, елді-мекендер мен көше аттарына келгенде ұлттық түсінік ұмыт қалмағаны дұрыс болар. Өйткені, ерте ме, кеш пе, ұлттық танымға табан тірейтініміз анық. Сол кезде бірқатар «бұрыс» кеткенді қайта түзеуге мәжбүр боламыз. Соны ерте бастан қолға алып, ономастика саласында да ұлттық пайым қалыптастыра берсек қайтер еді?

С. Ақынжанов




Көрілген: 4646    Пікірлер: 0

сейсенбі, 19.06.2018, 10:40

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31