Павлодарда тіл үйрету жобасының ашылу салтанаты болды
Павлодар облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға арналған «Тілдік келісім» жобасының ашылу салтанаты болды, - деп хабарлайды Алаш айнасы.
Бұл жобаның ерекшелігі балаларға қазақ тілін үйрете отырып, жергілікті тарихты зерделеуге бейімделген өлкетану бойынша оқытудың жаңа форматы арқылы қолданылатын курстар жүргізіледі.
Тағы бір айта кетерлік ерекшелігі жобада халқымыздың салт-дәстүрлерін дәріптеуде заманауи технологиялар қолданылады. Курс барысында интерактивті презентация, бейне материалдар, практикалық сабақтар, тренингтер, топпен жұмыс жасау тәсілдері жүргізіледі. Сонымен қатар, тыңдаушыларды қасиетті жерлерге, музейлерге, театрларға, әлеуметтік маңызы бар шараларға апару жағы да қарастырылған.
Тіл мен дәстүрді дәріптейтін шараға Павлодар қаласындағы және Кенжекөл ауылындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері қатысып, білімдерін жетілдіре түседі. Курсқа қатысқан жас өскіндер қазақ тілін, дәстүрін жетік біліп, өзгелерге үлгі болары сөзсіз. Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда өткізіліп отырған қазақ тілі курсының басты мақсаты қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, жастардың бойына тілге, елге құрметпен қарау қасиеттерін дарыта түсу болып отыр.
Нұрлы Еділов