Талдықорғанда «Жыр – жауһар» атты оқушылар байқауы өтті
Ұлттың бүкіл болмыс-бітімі, табиғаты, әдет-ғұрпы, дәстүрі, өзегі ауыз әдебиетінде жатыр. Халқымыздың уыздай ұйыған жаратылысын таңып, тамырына үңіліп бабалар мұрасымен сусындау үшін осы тұма бастаудан қанып ішсең бойында ұлттық рухтың алауы мәңгі өшпесі ақиқат. Ұрпағымыз осы ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру үшін ауыз әдебиетін оқып, біліп өссе халқымыздың болашағы жарқын болары сөзсіз. Өйткені ұлтың сүйген ұрпақ, елдігіміздің болашақ кепілі. Осы бағытта елімізде атқарылып жатқан игі істер баршылық. Былтыр бастау алған батырлар жырын жатқа айтудан «Тұлпар мініп, ту алған!» әдеби және тарихи-танымдық байқауын сол істің бірі, тіпті бірегейі деп айтауға болады.
Бұл игі іс былтыр жер-жерде қолға алынып, республикалық деңгейде өтті. «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтқан жас өскіндердің сайысы рухымызды аспандатып, қанымызды тулатып, жігерімізді жани түсті. Ол байқау өз мәресіне жетіп, діттеген мақсатына қол жеткізді. Осы жақсы үрдіс биылда жалғасын тапты. Биылғы қатысушылар «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтуы керек. Ұйымдастырушылар бұл дүбірлі додаға республика бойынша 5 000 мектептен 50 000 оқушы қатысады деп жоспарлаған болатын. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Qazaq Epos» қоғамдық қоры осындай игілікті істің ұйытқысы болып отыр. Қазір осы бағытта еліміздің барлық аймағында түрлі шаралар атқарылуда. Бұл шаралар Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының аясында атқарлуда. Сонымен қатар аталмыш жоба тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мемлекеттік тілді қолданудың мәртебесін арттыру бағытымен де үндесіп жатыр.
Бұл бағытта Алматы облысында да түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Кеше Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен Талдықорған қаласындағы «Оқушылар сарайында» облыстық «Жыр – жауһар» байқауы өтті. Сайысқа мемлекеттік және мемлекеттік емес жалпы орта білім беретін мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың және жалпы білім беру мекемелерінің 6-11 сыныптарынан 51 оқушы қатысты. Байқауға қатысушылар халқымыздың көне мұрасы, кемел эпостық дастандарының бірі «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтты. Осы балалардың ішінен өнерімен оза шапқан 15 оқушы іріктеу кезеңіне жолдама алып екінші айналымға өтті.
Байқауға қатысқан сайыскерлердің өнеріне облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Н. Әбдірахым, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, ф.ғ.к, профессор Қ. Сарбасова, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, ф.ғ.к., профессор Г. Сырлыбаева, Талдықорған қаласындағы «Оқушылар сарайының» директоры Л. Есболова, облыстық «Алатау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, айтыскер ақын А. Бұлғақов, облыстық «Жетісу» телеарнасының бас продюссері Ж. Жайлаубаев, Талдықорған қаласы білім бөлімінің әдіскері Л. Жүнісбек, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының аға оқытушысы Ж. Елесбаева қазылық жасап, баға берді.
Байқаудың соңында додаға қатысөқан 51 үміткер қатар тұрып «Қобыланды батыр» жырын жатқа оқыды. Осы сәтте кеш бойы балалардың өнеріне тәнті болып отырған көрермен қауым, одан сайын қиқуға басып рухтанып кетті. Бұл сәтті бабалар рухы аспандаған сәт деуге болады.
Осындай игі істер болашақта да жалғасын табатынына сенеміз. Өйткені батырлар жырын жатқа айтып өскен жеткіншек ұлтын, елін, Отанын сүйер азамат болып қалыптасары сөзсіз.
Нұрлы Еділов