Тіл бағдарламасындағы пайыздар нені меңзейді?
Қазақстан тәуелсіздік алған соң жұртшылықтың ономастикаға байланысты талабы өсті. Ономастика дегеніміз, қысқаша айтар болса, жер-су мен елді-мекен атауларына байланысты саясат пен ғылым. Халықтың ономастикаға байланысты талабының күшеюіне де себеп бар. Өйткені, елді-мекен мен көше атаулары ел тарихы мен мәдениетінің, жадысы мен танымының тікелей жалғасы, бейнесі, туындысы. Тәуелсіздік алған елдің соны жаңғыртуға ұмтылуы – заңдылық. Бірақ, ономастиканы жүзеге асыру бүкіл халыққа ұран тастап, елді мекен атауларын жаппай өзгертетін науқандық шаруа ма? Жоқ, әрине. Бұл ғылым және саясат болғандықтан ол жерде байыпты, байсалды жұмыс болғаны ләзім. Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында бұған айрықша мән берілген. «Тұрғындардың ономастикалық комиссиялардың жұмысындағы шешім қабылдау процесін талқылауға қоғамдық қолжетімділік пен ашықтық қағидаттарының сақталуына қанағаттанушылық дәрежесін (2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға қарай - 75%, 2020 жылға қарай - 90%)» сақтап отыру көзделген. Бұл жердегі басты мағына «қанағаттанушылық дәрежесі» деген тіркесте тұр. Бұл ономастика мәселесін қоғамдық талқылауға салудың өзін ұстамдылық қағидасымен жүргізуді, оның үлесін біртіндеп өсіруді айтып отыр. Өйткені, ономастиканы жаппай науқаншылдыққа салып жіберу қоғамдық шиеленіс пен қайшылық тудыруы мүмкін. Қалайша дерсіз? Қазақстан Республикасында тұратын өзге ұлттың өкілдері аз емес. Кеңес Одағынан алып қалған еншіміздің бірі сол. Олар да Қазақстанды өз отаны санайды. Тұрғылықты елді-мекеннің атауына әбден үйренген. Енді бірден төп еткізіп сол жердің, елді-мекеннің атауын өзгерте салу, әжептәуір түсінбеушілік тудыруы мүмкін. Ол үшін алдымен түсінік беру жұмыстары жүргізілуі керек. Ал, сол жергілікті жұртты жаппай қатыстырып талқыға салу да дұрыс болады деу қиын. Өйткені, азшылық пен көпшілік талабы әр уақытта тарихи дүниеге сәйкес келе бермейді. Сондықтан бұл жерде байсалдылық артық болмайды. Дәл қазіргі солтүстік пен орталық Қазақстан облыстарында туып жатқан айтыс-тартыстар осының дәлелі бола алады. Төзімділік пен түсінік берудің арқасында бұл түйін де былтырдан бастап шешіліп келе жатыр. Оның үстіне әр аймақтың «мендігі» дейтін ұғым бар. Әрбір топ өзі тұрып жатқан жерді «меншігіне» балайды. Сондықтан да Отаным деп сүйеді. Сондықтан да ол жердегі барлық мәселені тек «өздері» тұрғысынан шешкісі келеді. «Ауылды - атамның, көшені - көкемнің атымен» атау талабының түп-тамыры осында. Ол ауылды бірнеше рудың мен тайпаның өкілдері мекендеп отырса, қып-қызыл айтыс туды дей беріңіз. Бірқатар өңірде осындай айтыстың туғаны рас. Міне, сондықтан да ономастика мәселесіне уақытша мораторий жариялауға тура келді. Енді мемлекеттік бағдарламаға және «Ономастика туралы» жаңа заңға сәйкес оның көбесі сөгіле бастады.
С. Ақынжанов