Қырдан шыққан қырандар

26 сәуір 2010, 10:09

Ауыл спорты. Біле білсек, қазақ спортының алтын бесігі ғой – ауыл. Ұлттық намысымыздың қайнар бұлағы десек те жарасар...

Шынымды айтайын, ауылдан шыққан чемпиондарымыз туралы мақала жазу тапсырылғанда, «санаулы күннің ішінде ауылдан шыққан саңлақтарымызды санап шыға аламын ба» деп қобалжыдым. Себебі ол үшін қазақ спортының тамыры мен тарихын тереңнен бойлау керек. Толықтай бойлай аламын ба, жоқ па – мәселе сонда. Ал баз біреулерді ұмытып кетсем ше? Ашығын айтсақ, спорт саласында «ауылдан кімдер шықты» деген сұрақтан гөрі «чемпиондарымыздың ішінде ауылдан шықпағандары бар ма» деген сауалға жауап беру анағұрлым оңай. Иә, иә, ауыл – біздің құтты қара қазанымыз.

Екінші мәселе, кейбір спортшыларымыз аудан орталықтарынан шыққан. Оларды қалай «ауылдан шыққан жоқ» деп айтуға болады. Басқасы басқа, менің тіпті Сидней Олимпиадасының чемпионы, марқұм Бекзат Саттархановты ауылдан шыққан жоқ деуге аузым бармайды. Қарапайымдылығы мен бекзадалығы ауылдың азаматы деп тұрған жоқ па?! Жалпы, маған ана тілімізде сөйлейтін, қазақы менталитетті қарапайым спортшыларымыздың бәрі ауылдан шыққандай болып көрінеді. Құдды, ауылдың иісі аңқып тұрғандай...

Десек те, ауылдан шыққан әйгілі спортшыларымызға тоқталып өтейік (кестені қараңыз). Бұл орайда төрт жылда бір өтетін Олимпиада ойындарында чемпион болған немесе жүлдеге іліккен ауылдың «қарадомалақтарын» тізіп шығумен шектелмесек, ауыл спортының саңлақтарын түгендеп шыға алмасымыз анық. Бірден айта кетейік, қазақы болмысты аудан  орталықтарын  ауыл санатына жатқызсақ, айып етпеңіздер. Әрі Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерінің қатарына екі әлем чемпионын қосқанымызды айта кеткіміз келеді (Байсейітов пен Сатыбалдиев). Сондай-ақ Нұрмаханов, Жарылғапов, Айханов, Бұғыбаев, Тұяқов сынды жас ұрпақққа үлгі болар даңқты ағаларымызды да енгіздік. Себебі аттары аңызға айналған атақты ағаларымыз КСРО құрамасының сапына әртүрлі себептермен алынбай, Олимпиада ойындарына қатыса алмаған. Әйтпесе жүлдеге ілігерлері анық еді-ау...

Ең бастысы, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы ауылдан шыққан. Қазақ спорты саңлақтарының көбісінің ауылдан шыққандығына осы маңызды деректің өзі дәлел бола алар. Өздеріңіз білесіздер, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы – баскетболшы Әлжан Жармұхамедов. Әлжан аға 1972 жылы КСРО құрамасы сапында Мюнхенде байрағы желбіреген ХХ Олимпиада ойындарында Кеңес Одағы баскетболшыларымен бірге тұңғыш рет төрт жылда бір өтетін дүбірлі доданың чемпионы атанған. Күні бүгінге дейін ресми түрде қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болып саналып келген Жақсылық Үшкемпіров те ауылдан шыққан. Жақсылық ағамыз 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алып, қазақтың абыройын асқақтатқан.

Жалпы, бүгінде ауыл спорты аса жоғары деңгейде дамыған деп айта алмаймыз. Байыптап қарасаңыз, ауылдан шыққан арыстардың көбісі – күрес түрлерімен және бокспен айналысатындар. Әлжан Жармұхамедов сияқты үлкен спортты студент кезінде меңгере бастағандары да жоқ емес. Алайда дәл қазір бұрынғыдай үлкен спорттың есігін өте кеш ашып, жоғары жетістікке жету, мүлде мүмкін емес. Қазір ауыл балаларына спорттық мектеп-интернаттар мен дарынды балаларға арналған спорт мектептеріне тезірек ауыспаса, өз қабілеттері мен мүмкіндіктерін жүзеге асыру  қиын. Математикалық ықтималдығы шектен тыс аз. Шыны керек, бүгінде ауылдан шыққан чемпиондар азайып келеді. Тек арнайы спорттық мектептерге жолы түскендер мен бағы жанып қабылданғандар ғана хас шеберлер қатарына қосыла алады. Сондықтан әрбір ауылда бір спорт үйірмесі (секциясы) жұмыс жасап тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Көп емес, біреу ғана. Бірақ әрбір ауылда. Әуелі аудан орталықтарынан бастап, содан соң шалғайдағы ауылдарға жетіп, әр ауылда бір-бір спорттың түрін дамытуды қолға алсақ, көп мәселені шешіп тастар едік. Чемпиондар да көбейеді, жас ұрпақ та шымыр болады, темекі мен ішімдікке үйір болу да азаяды. Лайым солай болғай.

tabl013