Тоғыс

Жаңа жылды отандық телеарна алдында қарсы алар күн бар ма?!

  • Жаңа жылды отандық телеарна алдында қарсы алар күн бар ма?!

    Жаңа жылды отандық телеарна алдында қарсы алар күн бар ма?!

Жаңа жыл қалай дегенмен де бәріміз асыға күтетін ерекше мереке және оны әркім өзінше қарсы алғысы, атап өткісі келеді. Қалада немесе далада екендігіне қарамастан, кез келген адам бұл күні жанына жақын туған-туыспен, дос-жаранымен мол дастарқанда бас қосады. Осындай сәттерде думанды кештің шырайын кіргізетіндей мерекелік телебағдарламалар мен жақсы фильмдер көргіміз келетіні анық.

Құпия ұстау және көрерменге тосын сый жасау мақсатында отандық телеар­налар жаңажылдық телеэфир мәзірін әлі толықтай жария ете қойған жоқ. Дегенмен жылма-жыл қайталанып келе жатқан дәстүрлі үрдістерден биыл да алшақтай қоюы екіталай. Яғни бұл жолы да телеар­наларымыз еліміздегі өнер шеберлерінің қатысуымен өздері арнайы дайындаған «Жаңа жыл түні», «Жаңажылдық думан» тәрізді басқа да шоу-бағдарламаларын ұсынады және қай-қайсынан да «Тамаша», «Шаншар», «Алдараспан», «Нысана» сияқ­ты өзге де әзіл-сықақ театрларының қойылымдары, «Жылдың үздік әндері», «Сағындырған әндер-ай», «Ән мен әнші» концерттері, көпшілікке танымал зиялы қауым өкілдерінің құттықтаулары беріледі. Бұдан бөлек, Ресей телеарналарының хабарлары да қазақстандық көрерменнің «көк жәшігін» еркін жайлары сөзсіз. Олардың қатарында «Новогодняя ночь на Первом», «Голубой огонек», «Новый год на Шабаловке», «Легенды Ретро FM»  бағ­дарламалары бар. Сондай-ақ бәрімізге Одақ кезеңінен жақсы таныс әрі сүйікті комедиялар да бұл күні көрерменмен қайта қауышады. Әсіресе Э.Рязановтың «Ирония судьбы, или с легким паром» фильмін көрсетпейтін телеарна жоққа тән. Сол сияқты «Джентельмены удачи», «Иван Васильевич меняет профессию», «Опера­ция Ы и другие приключения Шурика» картиналары мен М.Задорнов концерті де жұршылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлауға дайын.  

Статистикалық мәліметке сүйенсек, сауалнамаға қатысқан отандастарымыздың 32,7 %-ы Жаңа жыл түнін ресейлік ойын-сауықтық бағдарламаларды тамашалау­мен өткізетінін айтса, 20 %-ы отандық те­леар­наларды көруге ықыласты екен­дік­терін байқатқан. Сауалнамаға жауап берген­дер­дің 38 %-ы нақты нені қалайтындықтарын ашып айтпаған, олар қолжетімді телеарна­лардың кез келгенін көруге бар. Ал қазақс­тандықтардың 8,4 %-ы Жаңа жыл түнін теледидар алдында өткізуге қолайлы уақыт деп есептемейді, сондықтан да ешбір те­леар­надан ешқандай хабар көрмейтін­діктерін айтқан.

Жалпы, көтеріңкі көңіл күй – мерекені жақсы өткізудің кепілі. Мұның бір жолы – өмірге құштарлықты арттыратын мәнді, мағыналы кинолар. Бұл орайда, телеарна эфирі көңілінен шықпаған жұрттың ізде­гені ғаламторда тұнып тұр. Мысалы, ма­ман­дар көрерменге тартымды деген кар­ти­налар тізімін түзіп те қойған. Тізімнің ба­сын­да Фрэнк Капрдың 1946 жылы түсі­ріл­ген «Эта замечательная жизнь» кино­картинасы тұр. Америкадағы танымалды­лығы жөнінен бұл фильм өзіміз білетін «Тағдыр тәлкегімен» теңесе алатын көріне­ді. Сол сияқты «Один дома» фильмінің 1, 2-ші бөлімдерін де мамандар Жаңа жыл түнінде бүкіл отбасымен немесе достармен бірге отырып көруге лайықты көңілді кино­лардың қатарына жатқызады. Сонымен бірге «Фанни и Александр», «Карнавальная ночь» сияқты классикалық фильмдер де мереке рухына сай деп табылған. Үйдегі бала-шағамен бірге неше түрлі сиқырлы оқиғаларға және ондағы басты кейіпкер­лердің батылдығына қанығып, бүкіл күй­зе­ліс пен жағымсыз сезімдерден уақытша болса да сергудің, серпілудің тағы бір мүмкіндігі – әрқашан бақытты жағдаймен аяқталатын мультфильмдерді, ертегілерді тамашалау көрінеді. Әрине, біздікі жай кеңес. Бұл түнді кім қалай қарсы алса да, ең бастысы, Жаңа жыл береке-бірлігін, тыныштығын ала келсін, телеэкраннан да, өмірден де көрер жақсылығымыз көп болсын деп тілейік.




Көрілген: 2749    Пікірлер: 0

бейсенбі, 26.12.2013, 13:53

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30