Алматы облысында ғылыми-танымдық экспедицияға 5 мыңнан астам адам қатысқан

28 мамыр 2018, 10:12

Алматы облысында «Рухы бекем, киелі мекен - Жетісу» ғылыми-танымдық экспедициясына 5 мыңнан астам адам тартылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткізген брифингте облыс әкімі Амандық Баталов мәлімдеді, - деп хабарлайды Алаш айнасы.

- Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің және өңірдегі өлкетанушы, географ, тарихшы ғалымдардың бірлескен «Рухы бекем, киелі мекен - Жетісу» ғылыми-танымдық экспедициясына 5 мыңнан астам адам тартылды. Облыстағы киелі орындар туралы ел ішінен жинақталған аңыздар мен әңгімелер, фотоматериалдар екі томдықты құрап, жұмыстың нәтижесін көрсетті. Бірінші томы оқырмандарға жол тартса, екінші томы ертең басталғалы отырған экспедицияның қорытындысында шығарылатын болады, - дейді аймақ басшысы Амандық Баталов.

Сонымен қатар, облыстағы Шеңгелді және Қырғауылды ауылдарының аумағында көне қалалардың археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаға облыс бюджетінен 17 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылыпты. Тағы бір айта кетерлігі Сарқан ауданындағы «Қойлық», Ескелді ауданындағы «Ешкіөлмес» петроглифтеріне, Жамбыл ауданындағы «Бұрған сақ» пен «Таңбалытас» қорғандарына археологиялық зерттеу жүргізу жұмыстары басталады деп жоспарланып отыр.

Осы ретте үстіміздегі жылдың ауқымды шаралары деп Шоқан Уәлихановтың Қашқарияға барған жолымен жүретін ғылыми-танымдық «Шоқан ізімен» экспедициясын және ҚХР-ға жасалған «Мұқали» медиа-экспедициясын да айтуға болады.

Нұрлы Еділов