Ішкі туризмді дамытудағы мәселелер шешіліп, отандастарымыздың сапалы демалуына жағдай жасалмақ

20 маусым 2018, 10:34

Елімізде бүгінгі таңда туризм саласын дамытудың маңызы зор екені белгілі. Осы саланы дамыту үшін қанша істер атқарылып жатыр. Ең бастысы туризм саласы үкіметтің жобалық кеңсесіне енгізілген. Бұл шаруа тікелей Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асып отыр. Нақты айтсақ «олимпиадалық жолдың» алты негізгі басымдықтарының бірі – туризм.
Әсіресе, 2022 жылға дейінгі Ұлттық экспорттық стратегияға туристік сала да кіріп отырғанын баса айтуымыз керек. Жеті өңірдің алпыс туристік нысаны Үкіметтің тікелей тапсырмасымен әзірленген бірыңғай туристік картаға кіргізілген. Әр аймақта туризм саласын жетілдіру бойынша жасалған «Жол карталары» бар. Осы бағытта жергілікті әкімдіктер туризмді дамыту үшін белсенді түрде жұмыс атқаруда. Оның үстіне елімізде жалпы инфрақұрылымды жақсарту мақсатында шамамен 140 млрд теңге бөлінген екен. Бұл қаржы бірнеше жылға арналып қарастырылған.
Жақында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында туризм саласын дамыту жөнінде келелі басқосу өтті. Жиында ҰКП-ның төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев туризмді дамыту комитетінің басшылығымен кездесіп осындай мәселелерді қозғады.
Кездесу үстінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы еліміздің туристік нысандарындағы сервистік қызмет сапасын жақсартып, деңгейін көтеру керектігіне айтып өтті. Бұл саланың маңыздылығын, қызмет көрсетуді туристік қажеттіліктерге қарай бейімдеу керектігін, оның ішінде инфрақұрылымды жақсарту қажеттілігіне ерекше тоқталды.
Кездесу үстінде халықтың өмір сүру сапасын жақсарта түсу үшін оларға табиғат аясында демалуға жағдай жасалынуы керектігіне ерекше назар аударылды.
Тиму Асқарұлы еліміздің түкпір-түкпірінен мәдени мұра ескерткіштерін тамашалау үшін қаншама халық келетінін, сол үшін киелі тарихи нысандардың картасы әзірлегенін, ал, ол нысандарда ешқандай инфрақұрылым жоқ екенін тілге тиек етті.
Сонымен қатар төраға Ұлытау, Алтын шоқы сияқты нысандардың отандастарымыз үшін маңызы зор, Түркістанға да жұрт ағылып келеді, онда да туристер үшін жағдай жасалмаған дей келіп. «Қазақстан бойынша бірыңғай карта әзірленді, енді өңірлер бойынша карталар дайындалуы керек. Әр аймақта халық демалуға баратын табиғи көрікті жерлер бар, осындай демалыс аймақтарын да өңірлік туристік картаға қосып, онда мәдени тынығуды қамтамасыз етіп, қызмет көрсету сапасын арттыру қажет» екенін де қозғады.
Жиында төраға еліміздің Астана, Алматы сияқты екі үлкен мегаполисіндегі демалыс орындарының да жағдайы жеткілікті деңгейде емес екенін де айтты.
Палата басшысының сөзінен Алматыдағы Медеудің өзіне бірнеше жаяу жүретін жол салуға болатынын аңғардық. Бутаковкаға да, Шымбұлаққа да, алайда ештеңе салынып жатқан жоқ екен. Өйткені халық демалыс күндері, қолы бос уақытта серуендеп жүретіндей жағдай жасалуға тиіс. Атап айтсақ Алматы бір жарым миллион тұрғыны бар қала, ал тұрғындарға табиғат аясында демалатын орындар болмай тұр. Астана да мегополиске айналды, бірақ демалыс күні баратын жер жоқ. Бурабай шалғайда, көп адамға қымбат келеді. Отбасылар, балалар демалатын нысандарды ойластыру керек, демалыс ыңғайлы әрі қолжетімді болуы шарт. Осы ретте экономикалық туризмді дамыту керек деген ой айтты Тиму Асқарұлы.
«Бүкіл демалысты теледидар алдында отырып өткізу дұрыс емес. Халық табиғат аясындағы демалысқа мұқтаж, балалар серуендеп, құмарын қандыруы қажет. Бұл да өмір сапасының бір белгісі», – деді ол.
Сонымен қатар жиында туристерге арналған көліктердің, автобустардың тоқтайын орындарын қалпына келтіру. Демалушылар әдемі нысандарды суретке түсіру үшін салынған тиымдардың алынып тасталуы. Қонақүйлердегі жағдайлар, ол жерде қолөнер орталықтарын ашу керектігі. Шипажайларға жолдама беру мәселесі. Жұмыс берушілерді өз қызметкерлері үшін инвестиция құюға талпындыру. Сол үшін кәсіподақ жұмысы дұрыс жолға қойылу керектігі жайында да көптеген мәселелер қозғалды.
Осы саладағы маман тапшылығы да сөз болды жиында. Сондықтан маман дайындау жолға қойылса деген ой да айтылды.
Тимур Құлыбаев жиында көптеген мәселелерді қозғай келіп мемлекет инфрақұрылымды құруға және еліміздің брендін танымал етуге арнап ауқымды қаражат бөлетінін. Кәсіпкерлер палатасының осы жұмысқа атсалысуын мемлекет басшысы сұрағанын айта келіп. «Біздің міндетімізге бөлінген қаржы мақсатына сай тиімді жұмсалуы кіреді, ол ішкі туризмді дамытудағы ортақ міндетті шешіп, отандастарға мәдени, белсенді әрі арзан демалыс ұсынуы керек», – деп тұжырымдады өз сөзін.

Міне осындай жұмыстардың атқарылып, мәселе қозғалып, қаржы аударылатыны үкіметіміздің туризм салсын дамыту үшін жасап жатқан жұмыстарының көрінісі. Бұл халықтың демалысын жақсы өткізуге жағдай жасауға ден қойылып жатыр деген сөз. Өйткені халық денсаулығы, өмірінің сапасы демалысын жақсы, тиімді өткізуіне де байланысты екені белгілі. Әрине оның бәрін тарқатып айтар болсақ әр мәселеге жеке тоқталып өтуге тура келеді. Бізді қуантқаны халықтың жағдайы осындай жиында сөз болғаны. Келелі мәселелер қозғалғаны. Бұдан бұрында мемлекет тарапынан қаншама жұмыстар атқарылып, оң нәтиже көрсетіліп келе жатыр. Ал осындай жиыннан кейін, мемлекет қалауымен ұлттық палатаның да осындай іске белсене кірісуі жағдайды жақсарта түсері анық.

Нұрлы Еділов