ШҚО-да отыздан астам демалыс базасы «Ashyq» жобасына енді

08 маусым 2021, 10:31

Облыстың туристік тартымдылығы жоғары аудандарындағы туристік нысандар «Ashyq» жобасына көптеп кіре бастады, деп хабарлайды Baq.kz.

Кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалы «Ashyq» жобасына қатысатындардың санын қайта нақтылады. Құзырлы ұйымның хабарлауынша, бүгінгі күні аталмыш жобаға әлеуметтік-экономикалық бағытта жұмыс істейтін 516 нысаны кіріп, QR-код алып үлгерген.

"Әкімдіктерге қарасты департаменттердің, басқармалардың, коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың, әскери бөлімдердің, білім беру бағытында жұмыс істейтін ұйымдардың, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аталған жобаға ерікті түрде кіруі байқалуда. Бұған қоса, облыс аумағында орналасқан демалыс базаларының иелері де бұл жобадан қалыс қалмауды ойластыруда", - дейді обоыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев.


Кәсіпкерлер палатасының деректері бойынша, қазіргі уақытта жобаға Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалалары мен Алтай, Бородулиха, Глубокое, Тарбағатай, Зайсан, Аягөз, Жарма, Бесқарағай, Күршім, Үржар, Шемонаиха, Катонқарағай, Ұлан аудандарындағы бизнес нысандары кіріп қойған. Оның ішінде Алакөл жағалауында орналасқан 26 нысан бүгінде QR-код алып үлгерсе, төрт тапсырыс аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органынан келісім алуда. Алтай ауданында 10 демалыс базасы QR-код алса, төртеуі келісілуде, Катонқарағайда бір нысан QR-код алса, біреуі келісілу үстінде.