Туристер үшін Ұлытауға бару жеңілдеді

11 маусым 2018, 05:56

Орталық Қазақстанда орналасқан тарихи ескерткіштерге туристердің баруына үлкен мүмкіндік жасалынбақ. Олай деуіміздің себебі биыл өңірдегі қасиетті орындарға баратын жолдарды жасау үшін 2,7 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінген екен. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қатысты өткен брифингте айтып өтті.

Арқа төсіндегі аймақтық картаға жергілікті маңызы бар 43 қасиетті нысан мен бірге 21 жалпы ұлттық нысан енгізіліпті. Ал барлығын санамалап шықсақ облыста жалпы саны 2700 тарихи және мәдени ескерткіштер бар екен. Осыншама тарихи орындары бар мекен нағыз туристерді қызықтыратын аймақ деуге болады.

Өңір басшысы өз сөзінде «Қасиетті Қазақстан» арнайы жобасы атамекеннің қадірін біліп, туған жерге тағзым етуге мүмкіндік жасалып, адамға рухани күш беретіндей жоба екенін де баса айтты. Сонымен қатар ерте кезден-ақ Қарағанды индустриализация, шахталар, Карлагпен ассоциациялатын аймақ болғанын, осы таптаурын пікірді бұзғысы келетінін айтта келіп. "Қарағанды облысы Ұлытаудың арқасында Қазақ мемлекеттілігінің бесігі деген дәрежені иеленгенін қалаймыз", - деді Ерлан Қошанов.

Былтыр Қарағанды-Жезқазған автожолының жөндеуі басталып, биыл аяқталыпты. Бұл Ұлытау ауданына барушыларды жол қиындығынан құтқарады десек болады. Сондықтан биыл өңірге келетін туристердің қарасы бұрынғыдан да арта түседі деп күтілуде.

Тағы бір қуантарлық жайт Алаша хан мен Жошы ханның кесенелеріне, жалпы ұзындығы 100 шақырымды құрайтын Хан ордасы мен Алтын Шоқы жеріне алып батарын жолдарды жөндеу басталыпты. Бұған 2,7 млрд теңге қаржы бөлінген екен.

– Қасиетті жерлерге дейін баратын жолдарды салуға 5 млрд теңгеден астам қаражат қажет. Біз сол жұмыстарды алдағы уақытта атқаруымыз керек, - дейді әкім.

Аймақтың туристік инфрақұрылымын жақсарту үшін визит-орталық салу жоспарланып, қолға алынбақ. Егер бұл жоба іске асса облыстағы түрлі бағыттарға жасалатын саяхаттарға алдын-ала тапсырыс беріп, туристік бағыттарды анықтап, мәлімет алуға мүмкіндік болады.

Міне Қарағанды өңірінде туризмді дамыту үшін атқарылған жұмыстар көңіл көншітерліктей. Еліміздегі 2023 жылға дейінгі туристік саланы дамытудың бекітілген тұжырымдамасы іске асып жатқанына осындай істер арқылы көз жеткізуге болады.

Нұрлы Еділов