Тұғыр

Ақпараттық-идеологиялық салада толық тәуелсіздікке қол жеткізу үшін не істеу керек?

Бабалар арман еткен тәуел­сіздігіміздің іргетасын қала­ғанымызға – 21 жыл. Осы уақыт аралығында қазақ елі күллі ғаламға өз тәуелсіздігін мойындатып, әлемдегі алдыңғы қатардағы мемлекеттердің сапынан кө­рінді. Экономикасы мен руха­нияты қатар да­мып, талай белестерді бағын­дырды. Әлем қазақ ұлтының мемлекеті бар екенін білді. Десек те, ақпараттық тұрғыда тәумен­діліктен құтыла алмай отыр­­мыз. Өйткені қазір «ақ­па­раттық соғыс» деген сөзді жиі айтқанымызбен, ол «соғыста» жеңілмеудің жолдарын жан-жақты қарас­ты­рып үлгерген жоқпыз. Сон­да да, бейқамбыз. Ендеше ақ­па­раттық тәуелсіздікке қол жет­кізу үшін мемлекетіміз қан­дай қадамдар жасағаны жөн.

Біріншіден...
Қазақ журналистикасы әлемге қазақ мемлекетінің, қазақ ұлтының көзімен қа­райтын кез келді. Журналистер бір ақпарат алу үшін ресейлік, я болмаса өзге елдің ақпарат құралдарына жүгінуге мәжбүр. Ол ақпараттар сол мемлекеттің ішкі идео­ло­гия­сына сай бейімделетіні рас. Қазақстан журналистикасы өзге елдің емес, қазақ мемлекетінің көзқарасын, ұстанымын айқындауы қажет. Сол себепті қазақ елші­лігі бар елдердің әрқайсысына мемлекет тарапынан журналистер жіберіп, әр елден ақпарат тарататын арнайы ақпараттық агенттіктер құру қажет. Осы қадам бары­сын­да елшіліктердің жанынан тіке ақпарат жинайтын, тарататын журналистер база­сын қалыптастыруға да болатын еді. Ол журналистер сол елдердегі басты-басты жаңалықтарды еліміздің позициясына сай жеткізіп отыруына жол ашып, осы арқылы әлем алдында қазақ жур­на­лис­тикасының, қала берді Қазақстанның ақпа­раттық тәуелсіздігін сақтап қалуға алғашқы қадам жасалар еді.
Екіншіден...

Еліміздің шекаралы аймақтары көрші елдердің арналарын тұтынуға мәжбүр. Шығысымыз Қытайдың, оңтүстігіміз Өзбек­станның, Солтүстігіміз Ресейдің теле­арналарымен сусындап, еліміздің басты арналары мен радиолары шет аймақтарға әлі күнге жеткілікті хабар тарата алмай отыр. Сол себепті де, мемлекеттік арналар мен радиолардың күллі қазақ даласына кең тарауын қамтамасыз етуіміз керек.
Үшіншіден...
Өзге мемлекеттердің ақпараттық экспан­сиясына қарсы тұрудың заңнамалық тетіктерін қарастыру қажет. Бұл орайда, интернет саласына да баса көңіл бөлген жөн. Өйткені интернет журналистиканың ақпаратқа қолжетімділігі жағынан тиім­ділігі орасан болғанымен, қауіп-қатері де зор. Әлем бойынша 1995 жылы интер­нетті 45 миллион адам пайдаланса, 2010 жылы олардың саны 2 миллиардтан асып жығылған. Болжам бойынша, 2015 жылы пайдаланушылардың саны 4 миллиардқа жақындайтыны айтылады. «Internet World Stats» агенттігі зерттеу нәтижесі бойынша қазір Қазақстанда күніне 5,6 миллион адам әлеуметтік желілерді пайдаланады екен. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта артпа­са, кемімек емес. Сондықтан да, сөз бос­тан­дығына нұқсан келтірмейтіндей жол­дар­ды тауып, ұлтараздығын, мемлекет тұтастығын бұзатын экстремистік пиғыл­да­ғы ақпараттарды шектейтін виртуальды поли­ция жасақтау ісін жеделдеткен жөн.
Төртіншіден...
Қаншама қандастарымыз өзге Отанда өзге ұлттың азуында жұтылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Олар жат елде жүрсе де өз тілін, өз мәдениетін, өз салт-санасын ұмыт­пау үшін күресіп бағуда. Біздің мемлекет сол қандастарымызды қана­ты­ның астына алатын уақыт жетті. Қан­дас­та­рымыздың тіл мен дінді, мәдениет пен салт-сананы ұмытпауы үшін қазақ диас­порасы көп шоғырланған елдерге мем­ле­кеттік арналар мен радиолар хабар та­ра­тып, мемлекеттік басылымдарды жеткізу мәселесін қолға алу қажет. Сонда ғана өзге елдегі қазақ азаматтарымыз біздің ақпа­рат­тық тұрғыда тәуелсіздікке жеткенімізді аңғарар еді.

Сіз не дейсіз?
Өміржан ӘБДІХАЛЫҚ, журналист:
– Ақпараттық-идеологиялық салада толық тәуелсіздікке жету – Қазақстанның қазіргі жағдайында күрмеуі қиын істің бірі. Бұл дегеніміз, өзге озық жұрттардағы секілді мемлекеттің, яғни мемлекеттің алтын діңгегі – бір ұлттың мүддесін ақпараттық ғасырда толық қорғап, ақпараттық қауіпсіздік белдеуін жасап, ұлттық идеологияға қызмет ету деген сөз. Осы арқылы мемлекет пен ұлт болашағының қауіпсіздігін қамтамасыз ете ала­мыз. Сондықтан да, ақпараттық және идеологиялық салада мемлекетіміз өз қолы­нан келетін қадамдарға жалтақтамай, батыл баруы керек. Әуелі, ақпараттық қауіпсіздік мәселелерінің кейбірін кешеуілдетпей шеше отырып, мемлекеттік һәм тәуелсіз және жартылай бағынышты ақпарат құралдарының арасында ашық бәсекелестікке жол ашқа­нымыз жөн. Ол бәсекелестікті мемлекет пен ұлт мүддесі тұрғысынан қарастыру шарт. Бұл өз кезегінде ұлт баспасөзінің басымдық алуына жол ашар еді деп ойлаймын.

Түйін
«Ел аумағында тарайтын БАҚ-тың 80 пайызы мемлекеттiк тiлден асатын елдi ғана толықтай егемендi деп баға­лауға болады. Ол межеге жетпеген ел­дiң тәуел­сiздiгi күмәндi, бұлыңғыр, мойын­дал­май­ды». Бұл Ресейдің экс-президенті Д.Мед­ве­девтің сөзі. Ащы, ащы да болса, шын­дық. Сондықтан да, «ақпарат кімнің қолын­да болса, сол әлемді билейді» деген ұстанымды бас­ты назарға шыға­рып, ақпаратты тұты­нушы емес, ақпа­рат­ты өндіруші елге айналуымыз қажет.




Көрілген: 3077    Пікірлер: 0

сенбі, 15.12.2012, 12:55

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    14 Желтоқсан 2013
    Арыстар аманаты ақталады
    6 Шілде 2012
    Астана – ең-ең...
    15 Желтоқсан 2011
    20 жылдық жылнама
    16 Желтоқсан 2010
    Рухты оятар ән қайда?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31