Тұғыр

Алаш ардақтылары білім алған оқу орнына – 110 жыл

  • Алаш ардақтылары білім алған оқу орнына – 110 жыл

    Алаш ардақтылары білім алған оқу орнына – 110 жыл

Бүгінде республикамыздағы іргелі оқу орнына айналып отырған М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің іргетасының қаланғанына биыл 110 жыл толып отыр. Халық ағарту министрлігі 1902 жылы 1 желтоқсанда Семейде мұғалімдер семинариясын ашу туралы шешім шығарып, ол бойынша оқу орны 1903 жылы 1 шілдеде өз жұмысын бастауы тиісті болды. 1903 жылы 23 қыркүйекте Семей мұғалімдер семинариясы ашылды.

Ғасырдан асқан тарих
Алғашқыда оқу орнында үш негізгі және бір дайындық сыныбы ашылды. Мұнда оқуға түсемін дегендер Томбы, То­боль, Воронеж, Орлов, Виленск губерния­ларынан және Семей, Жетісу облыстары­нан келді. Қазақстанда алғаш ашылған кәсіби арнаулы педагогикалық оқу орны өлкемізге ғана емес, Батыс Сібір аймақ­тарына бастауыш мектептер үшін мұғалім­дер даярлады. 1904 жылы бес сыныптық жү­йе­ге ауысып, төрт сынып – негізгі, бір сынып дайындық тобы болды.
Семинарияның оқу жоспары бойынша дін сабағы және шіркеу – славян оқуы, орыс және шіркеу славян тілі, педагогика, арифметика, геометрия, тарих, жараты­лыстану және ауыл шаруашылығы, фи­зи­ка, көркем жазу, сурет және сызу, ән, гим­нас­тика және денешынықтыру, практика­лық сабақтар және еңбек сабағы оқытыл­ған. Алғашқы жылдары семинарияның жеке ғимаратының болмауына байла­ныс­ты оқу үдерісін жалдамалы орындар­да өткізуге тура келді. Семинарияның жаңа ғимаратын салуға қазынадан 90 мың рубль қаражат бөлінді. 1906 жылы 5 қа­занда мұғалімдер семинариясының жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды. 1905 жылы 1 шілдеден бастап семинарияда қыр­ғыз (қазақ) тілі пәні оқытыла бастады. 1905 жылы 1 тамыздан бастап осы қыз­мет­ке белгілі қоғам қайраткері, педагог Нұр­ғали Құлжанов орналасып, жемісті жұ­мыс атқарды. 1906 жылы желтоқсан айы­нан бастап француз және латын тілде­рінен, кейінірек неміс тілінен сабақ енгі­зілді. Оларды әркім өз қалауы бойынша сабақтан тыс уақытта оқуға тиіс болды.

Семей мұғалімдер семинариясының тұңғыш директоры болып 1903 жылы 1 шіл­деде Петербург университетінің тү­легі Александр Владимирович Белый тағай­ын­далды. Ол 1906 жылғы 5 тамызға дейін оқу орнын басқарып, семинарияның қа­лып­тасуы мен жаңа оқу ғимаратын са­лу­да елеулі еңбек етті. 1906 жылы 2 қыр­күйек­тен бастап 1918 жылға дейін мұға­лім­дер се­минариясының директоры бо­лып Ми­хаил Николаевич Березников жұ­мыс ат­қарды. Ол Санкт-Петербургтегі им­пера­тор­лық институттың тарих-фило­ло­гия фа­культетін бітірген зиялы, білімді тұлға еді.
Семинарияда қазақ тілінен ерлі-за­йып­ты Нұрғали мен Нәзипа Құлжанов­тар, Ә.З.Сәтбаев т.б. сабақ жүргізді. Семина­рия­да сабақ берген оқытушылар Ресейдің таңдаулы жоғары оқу орындарын бітірген, прогрессивті ұстанымдағы педагогтер еді. 1906 жылы маусымда мұғалімдер семи­нариясы алғашқы 15 түлегін шығарып, оларға «Бастауыш училищесінің мұғалімі» деген куәлік берілді. 1916 жылы семина­рия­дағы тәрбиеленушілердің саны 107 болса, екі сыныптық училищедегі оқушы саны 104 болды.
Семейдің мұғалімдер семинариясы шәкірттеріне жан-жақты білім берумен қатар, қаладағы түрлі мәдени шараларды, оның ішінде ұлттық ойын-сауықтарды ұйымдастырудың ұйытқысы болды. 1914 жылы Абайдың қайтыс болғанына 10 жыл толуына арналған әдеби-этнографиялық, музыкалық өнер кеші, 1915 жылғы «Бір­жан-Сара» айтысының сахналық көрінісі т.б. семинария мұғалімдері Нәзипа мен Нұр­ғали Құлжановтардың және семина­рияда оқитын қазақ жастарының ұйытқы болуымен өткізілді. Семинарияның білім берудегі деңгейі, ұстаздардың үлгі-өнегесі турасында оқу орнының қазақ педагоги­калық техникумы тұсындағы түлегі, ғалым Әлкей Марғұлан: «Бұл семинария қыр округіндегі оқу орындарының бір тәуірі болатын. Кейін революцияға қатынасқан қазақ жастарының көбі осы семинариядан оқып шықты. Семинарияда қазақ балала­рына білім беруді шын жүрегімен мақсат еткен бірнеше прогресшіл, саңлақ адам­дар болды. Олардың ішінде, әсіресе оқу­шы жастарға олар әдебиеттен, тарихтан, географиядан осы күнгі пединституттар көле­мінде білім беріп, олардың ой-сана­сын аса байытып шығаратын» дей келе, оқытушылардың Томскіден, Омбыдан, Қазан университетінен, Ленинградтан кел­ген шетінен оқымысты, кілең тілге жүй­рік ұстаздар болғанын еске алады.
1920 жылдың 1 қыркүйегінде семина­рия Семейдің халық ағарту институты бо­лып қайта құрылды. 1922 жылы осы оқу орнының базасында орыс және қазақ пе­да­гогикалық техникумдары ашылды. 1922 жылдың 1 желтоқсанынан 1927 жыл­дың соңына дейін Семей қазақ пед­техникумының директоры болып көрнекті ағартушы, Алаш ардақтысы Ә.З.Сәтбаев жұмыс атқарды. Оқу орнының ауыртпа­шы­лығын мойнымен көтеріп, педтехни­кум­ның алдыңғы қатарлы оқу орнына айналуына бар күш-жігерін жұмсады. Оқу орнына Ә.З.Сәтбаев басшылық жасаған жылдары Ленинград университетіндегі оқуынан М.О.Әуезов педтехникумға оқы­тушылыққа шақырылды. Қазақ педагоги­калық техникумында көрнекті Алаш қай­раткері Халел Ғаббасов, педагог, жур­налист Сейітбаттал Мұстафин, педагог, жазу­шы, драматург Тайыр Жомартбаев, ұстаздық қызметпен қоса, театр өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан Ғалиақпар Төре­баев, ағартушы-журналист, педагог Мәннан Тұрғанбаев, білікті ұстаздар Б.Ге­ра­симов, Н.Белослюдов т.б. жемісті еңбек етті. 1937 жылы екі педтехникум база­сын­да екі педучилище құрылды. Қазақ педа­го­гикалық училищесіне ұлы ойшыл, ақын Абайдың есімі берілсе, орыс педагоги­калық училищесіне 1945 жылы ұлы пе­дагог К.Д.Ушинскийдің есімі берілді.
1953 жылы екі педучилище біріктіріліп, К.Д.Ушинский атындағы педучилище деп аталады. 1957-1963 жылдары оқу орны уақытша жабылып, Н.К.Крупская атында­ғы педагогикалық институттың бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлау факультеті ретінде жұмыс істеді. 1963 жылы пед­учи­лище қайта ашылып, 1967 жылы жел­тоқ­сан айында оқу орнына заманымыздың заң­ғар жазушысы, оқу орнының түлегі М.О.Әуезов есімі берілді. 1992 жылы пед­училище педагогикалық колледж болып қайта құрылды. 2003 жылы оқу орнының 100 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтілді.

Педтехникумда білім алған алаш арыстары
Туған халқы алдындағы перзенттік парызын елеулі атқарған зиялыларымыз, Алаштың арыстары – М.О.Әуезов, Қ.И.Сәт­баев, Ж.Аймауытов, Ә.Марғұлан сынды ұлтымыздың рухани діңгегіне ай­нал­ған тұлғаларымыз осы шаңырақтан білім алып, үлкен өмір жолына аттанды. М.О.Әуезов осы оқу орнында оқы­ған 1912-1919 жылдары белсенді әдеби, ғылыми, шығармашылық жұмыспен шұ­ғыл­данған. 1917 жылы «Еңлік-Кебек» пье­сасын жазып, сахналаса, 1918 жылы Ж.Аймауытовпен бірге «Абай» журналын шығарып, халқымыздың тарихы мен мә­де­ниеті туралы келелі ой қозғады. «Екеу» деген бүркеншік атпен, «Абайдың өмірі және қызметі» («Абай», 1918, №2), «Аб­ай­дан ке­йінгі ақындар» («Абай», 1918, №3) деген мақалалар жазды. Ұлт­тық ой-сана­ны ояту ісіне бел шеше кірісіп, «Сары­арқа», «Қазақ тілі» газеттеріне ма­қа­лала­рын үзбей жа­рия­лап тұрды.
Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі, аяулы арысымыз Жүсіпбек Аймауытов осы семинарияда оқыған 1914-1919 жыл­дары қоғамдық-шығармашылық жұмыс­тармен белсенді айналысып, «Ескі тәр­тіппен бала оқыту», «Рәбиға» т.б. пьеса­ла­рын жазып, сахналап, публицистикалық жә­не сыни мақалаларын газет-журнал беттерінде үнемі жариялап отырды. 1915 жылдың 13 ақпанында Семейде өткен «Қа­зақтардың әдеби-музыкалық қайы­рым­дылық кешінде» Біржан мен Сара ай­тысын ұйымдастырып, Біржанның рөлін ор­ындаған әнші әрі домбырашы, бесас­пап өнер иесі де оқушы Ж.Аймауытов еді. Оның Алаш партиясының ісіне араласа­тыны да осы уақыт.
Оқу орнының жарқын бір беті – Қа­зақ­стан Ғылым академиясының тұңғыш пре­зиденті аса көрнекті ғалым, академик Қ.И.Сәтбаевтың есімімен тікелей байла­нысты. Қ.И.Сәтбаев семинарияда оқыған 1914-1919 жылдары замандастары Мұх­тармен, Жүсіпбекпен танысты.
Семей мұғалімдер семинариясының көрнекті түлектерінің тағы бірі, Алаш қай­раткері – Қазы Нұрмұхаметұлы. Семина­рия­да оқып жүріп Алаш милициясында қызмет етеді. Ол қызметте алғырлығымен, тапқырлығымен, батылдығымен ел наза­рына ілігіп, Алаштың атты милициясына басшы етіп тағайындалады. 1918 жылы
6 наурызда қызыл әскерлердің қолынан қапы­да қаза табады. Қанды оқиға туралы «Сарыарқа» газетінде (1918 ж. наурыздың 18-і күнгі санында) «Тұңғыш құрбан» деп ата­латын көлемді мақала жарияланады (авторы Б.Майлин). Семинарист Қазының өлімі туралы газет беттерінде жарияланған материалда: «Қазының денесін қабірге қойып, Құран оқылып болған соң, Шәкә­рім қажы: – Әлеумет! Мына жатқан кім, біле­сіңдер ме? Бұл – ұлты үшін шыбын жа­нын құрбан қылған Алаш азаматының тұң­ғышы. Мұны өлді демеңдер, бұл өлген жоқ. Бұл бүгінгі және мұнан соңғы «ұлтым» деген азаматтарға, «мына мен сияқты бо­лып, ұлтым деңдер» деп өзінің ұлтшылды­ғын сөзбен емес, іспен көрсетті. Марқұм­ның аты да Қазы еді, Қазы – би деген сөз. Қазы билігін айтып кетті. Қарағым Қазы! Өліміңе өкінбе! Арманың жоқ. Құдай алдында да, жұрт алдында да сенің орның бөлек. Оқығандар! Жастар! Мынау жол­дастарыңды ұмыта көрмеңдер. Мұның үй-ішінің міндеті сендердің мойындарыңда. Бір кішкентай көзінің қарашығы (бір жасар ұл баласы) қалыпты, соны тәрбиелеп адам қылу – бәріңнің, барлық Алаштың мой­нына парыз. Және өздерің де бұл оқиғаға қажымаңдар. Құдай тағала Алашқа шын ұл бергеніне бүгін ғана көзім жетті. 60 жас­қа келгенде, мұндай ұлты үшін жанын қиып, құрбан болған боздақты көремін деген үмітім жоқ еді. Көрдім. Енді бүгін өл­сем де, арманым жоқ. Қарағым, Қазыжан! Қадіріңді біліп, құрметтей алмасақ, кешу қыл, қош! Қабірің нұрлы болсын!» – деп тебіреніп сөйлеген еді».
Міржақып «Мынау кім жатқан, әлеу­мет, жас қабірді жамылып?» деп жоқтау өлеңін оқиды. Бұлардан кейін Райымжан Мәрсекұлы, Жанғали қажы, Мұстақым Мал­дыбаев, Жүсіпбек Аймауытов сөз сөйледі.

Педтехникум тәлімгерлігінен министр тағына дейін
Семей қазақ педтехникумынан оқып, тәлім-тәрбие алған көрнекті қайраткер­лерден: академик Әлкей Марғұланды, тарих ғылымының докторы, профессор Мұсатай Ақынжановты, 1941-1955 жыл­дары Қазақ ССР оқу министрі болған, пе­да­гогика ғылымының докторы Әбді­хамит Сембаевты, Қазақ ССР Ішкі істер министрі Шырақбек Қабылбаевты, белгілі жур­налист Ғайса Сармұрзинды, талантты ақын, журналист, педагог Тұрлыхан Қа­сен­ұлын, Социалистік Еңбек Ері Жақия Шайжүнісовті т.б. атап өтуге болады.
Аса көрнекті ғалым, академик Әлкей Мар­ғұлан педтехникумда оқыған 1922-1925 жылдары, үздік оқушы болумен қа­тар, қаланың мәдени-рухани өміріне бел­сене қатынасты. Семей техникумын­да оқы­ған кезін, ұстаздарын еске алған Ә.Марғұлан:
– Ұстаздарымыз жақсы болды. Жас ке­зім­де, Семейде Ә.Сәтбаев, Сироткин, Ви­ноходовтан сабақ тыңдадым. Виноходов географиядан сабақ беретін. Магеллан бұ­ғазының қай жерде екенін, Марко По­ло­ның жүрген жолын картадан көрсе­туді сұрағанда: «Магелландай бол» деп тағ­лым айтып отыратын, – дейді.
Түрлі салада саңлаққа айналған техникум түлектері
Ұлтымыздың театр, кино өнері тари­хында өлмес игіліктер жасап кеткен ұлы актер Шәкен Айманов қазақ педтехни­кумында оқып, 1933 жылы Ғ.Мүсірепов­тың шақыруымен Алматыдағы ұлттық дра­ма театрына актер болып ауысады. Әдебиетіміздің ұлы классигі Шәкәрім Құ­дайбердиевтің ұлы, әкесінің әдеби мұра­сын жинақтап, кейінгі ұрпаққа табыстау­шы, көп жылдар Абай мұражайының шы­рақ­шысы болған ақын, ұстаз Ахат Құдай­бердиев те Қазақ педтехникумның түлегі.
Ұлы Отан соғысының отты жылдарында оқу орнынан көптеген түлектер майданға аттанып, Отанымызды жаудан қорғап, жан­қиярлық ерліктер көрсетті. Кеңестер Одағының Батыры атағын алған І.Айты­қов, В.А.Шулятников, В.Бунтовских есім­дерін бүгінгі ізбасарлары құрметпен еске алады. Оқу орнының түлектері – 30 жыл­дай Көкпекті балалар үйінің директоры болған, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Ж.Шәйжү­ні­совті, Социалистік Еңбек Ерлері Д.М.Па­рий, М.А.Носованы мақтан тұтады. Хал­қына қаламымен тер төгіп, еңбек еткен Қа­зақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұр­шайықов та осы білім ордасынан үл­кен өмірге қанат қақты. Туған халқын әсем сазымен тербеткен, әуені әр ұрпақтың жадында жатталған белгілі сазгер Бекен Жамақаев та осы оқу орнында білім алып, өнер баспалдағына өрлеген.
Ұжым тарихының жарқын бір беті –оқу орнының 25 жылдай басшысы бол­ған Асылхан Табылдыұлы Бекбаевтың ең­бегіне айрықша тоқталып өту абзал. 1987 жылы М.О.Әуезовтің 90 жылдық мерей­тойы қарсаңында байырғы ғима­рат­қа қа­тарлас оқу орнының жаңа кор­пусының пай­далануға берілуі – Асылхан Табылды­ұлы Бекбаевтің табанды да қа­жырлы ең­бегінің арқасында жүзеге асты.

Педтехникумның бүгіні
Бүгінде республикамызға танымал ір­ге­лі білім ордасында 120-дан астам мұ­ға­лім жұмыс істейді. Олардың 40-ы жоғары санатты, білікті ұстаздар, бір ғылым кан­ди­даты, бір Ы.Алтынсарин атындағы медаль иегері, бес «Қазақстан Республи­касы білім беру ісінің үздігі», үш «Қазақстан Респуб­ли­касы білім беру ісінің құрметті қызмет­кері» белгісінің иегері.
Бүгінгі күні оқу орнын филология ғы­лымының кандидаты, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Білім беру ісінің озық қыз­меткері, іскер ұйымдастырушы Шағангүл Алдам­жарқызы Жанаева басқарып отыр. Оқу орнының 110 жылдық мерей­тойы қар­саңында оқу корпустары мен жатақ­ха­наны күрделі жөндеуден өткізіп, оқу ор­нының материалдық-тех­никалық база­сын жаңғырту бағытында же­місті еңбек етуде.
Қазір колледжде күндізгі және сырттай оқу бөлімдерінде тоғыз мамандық бо­йынша (бастауыш білім беру, дене тәрбие­сі және спорт пәнінің мұғалімі, қазақ тілі жә­не әдебиеті пәнінің мұғалімі, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі, аудармашы, бей­нелеу өнері мен сызу пәнінің мұғалімі, мек­тепке дейінгі ұжымдардың тәрбиешісі, технология, саздық білім беру) 1289 оқу­шы білім алуда. Колледж төрт оқу ғи­ма­ратынан тұрады. Негізгі пәндік кабинеттер қазіргі заманғы техникалық құралдармен жабдықталған. 53 361 дана кітап қоры бар кітапханасы мен оқу залы, интернет жүйе­сіне қосылған бес компьютерлік сыныбы, үш лингофонды кабинет, интер­ак­тивті тақталы 20 оқу бөлмесі, екі мульти­медия­лық кабинет, үш спортзалы бар. Колледж­дегі 32 оқу кабинетіне оқу орны­ның айту­лы түлектері мен оқытушылардың есімі берілген. Ел болашағына еңбегін арнаған ұлтжанды азаматтардың, белгілі кәсіпкер – меценаттардың қаржыланды­руы­мен оқу орнының тарихында тұңғыш рет алты атаулы оқу кабинеті демеушілік­пен ашыл­ды. Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Мәжілісінің депутаты Рамазан Құмарбек­ұлы Сарпеков, «Ақшың» корпо­рациясының президенті, облыстық мәсли­хат­тың депу­таты Марат Серікжанұлы Құр­манбаев, Шай­жүнісовтер әулетінің атынан – ел аға­сы Мәркен Жақияұлы Шайжүнісов пен іс­кер басшы Тоқан Жақияұлы Шай­жүнісов, «Силикат» АҚ президенті, облыс­тық мәс­лихаттың депутаты Борис Тимофе­евич Адиа­нов, ел тарихын құрмет тұтқан азамат Бағлан Салихұлы Шегедековтердің демеу­шілігімен ашылған, заманауи талап­тарға сай жабдықталған оқу кабинеттері бола­шақ мамандардың сапалы білім мен тәр­бие алуына зор үлесін қосуда.
Колледжде М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына және колледж тари­хы­на арналған мұражай жұмыс істейді. Жыл сайын оқушылар арасында «Әуезов сыны» байқауы өткізілсе, ең үздік оқушыға «Әуезов стипендиаты» тағайындалып, ар­найы төсбелгі мен куәлік табысталады. Оқу орнының дәстүрлі әуезовшілер қата­ры­на қабылдау мерекесінде ең таңдаулы оқушыларға «Үздік әуезовші» құрметті ата­ғы беріліп, қаржылай сыйлық тағайын­далады.
Облыс әкімдігі ұйымдастырған «Білім ұясы» байқауында колледж алдыңғы қа­тар­лы оқу орны ретінде арнайы диплом­мен марапатталды. 2007 жылы өткен об­лыстық ғылыми-әдістемелік жұмыстардың ұйымдастырылуы байқауында колледждің Н.С.Түменбаеваның басшылық жасайтын әдістемелік жұмысы «Әдістемелік жұмыс­ты жинақтау және тарату» аталымы бо­йынша арнайы дипломмен марапаттал­ды. 2008 жылы облыстық байқауда кол­ледждің тәрбие жұмысы жүлделі І орынды иеленіп, республикалық деңгейде наси­хаттау мен тарату туралы шешім қабыл­данды.
К. Т. МҰҚАНОВ, әлеуметтік-экономикалық пәндер бірлестігінің жетекшісі, Г. Е. ДУЛАТОВА, жаратылыстану-математикалық пәндер бірлестігінің жетекшісі.




Көрілген: 3481    Пікірлер: 0

сенбі, 07.09.2013, 12:34

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    14 Желтоқсан 2013
    Арыстар аманаты ақталады
    6 Шілде 2012
    Астана – ең-ең...
    15 Желтоқсан 2011
    20 жылдық жылнама
    16 Желтоқсан 2010
    Рухты оятар ән қайда?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31