Астана отандық спорттың орталығына айналып келеді

06 шілде 2013, 11:34

Елордамыз Астана болғалы бас қаламыздың спорты қарқынды дамып жатыр. Осы аралықта талай дүбірлі доданы да өткізіп тастадық. Талай кешендер бой көтеріп, талай тарландары жаһандық додаларда жеңімпаз болды. Бір сөзбен айтқанда, Астана отандық спорттың орталығына айналып келеді.
Бүгінде елордада ірілі-ұсақты бес жүз­ден астам спорттық кешендер бар екен. Олардың ішінде жиырма шақтысы ха­лықаралық додаларды ұялмай қабыл­дай алатындай ірі де әсем сарайлар. Мұнда халықаралық жарыстарды өткізу­ден бөлек, қарапайым бұқара халықтың емін-еркін келіп жаттығуларына да бар жағдай жасалған. Жазда жұрт футбол, суға жүзу, жүгіру сынды спорт түрлерімен айна­лысса, қыста коньки теуіп, шат-шадыман болады. Мәселен, «Алау» спорт кешенінде коньки теуіп, сергу үшін күніне 2500-дей халық жиналады екен. Ал соңғы дерек­терге сүйенсек, бүгінде елордамыздың әр­бір төртінші тұрғыны салауатты өмір сал­тын ұстанып, тұрақты түрде спорт түр­лерімен айналысады.
Спорттық кешендер тақырыбын одан әрмен өрбіте беруге болады. Атап айтсақ, 2017 жылға дейін, яғни EXPO-2017 көр­месіне дейін тағы он кешен бой көтереді деп күтілуде. Соның ішінде Олимпиадалық резервтерді даярлайтын орталық пен мүмкіндігі шектеулі кембағал жандарға арналған спорт комплексінің де құрылысы басталмақ. Сондай-ақ жекпе-жек түр­леріне арналған алып сарайдың құрылыс жобасы да әзірленген. Сарай бес мың адам­ға дейін сыйдыратын болады. Ал EXPO-ға дейін бой көтеретін тағы бір Мұз сарайы 10 мың адамға арналмақ.
Қазірдің өзінде Астанада әлемді таң­ғал­дыратын әсем кешендер аз емес. 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» – ТМД мен Орталық Азиядағы ғана емес, әлемдегі ең көрікті стадиондардың бірі. 10 мың көрерменге арналған «Сары-Арқа» велокешендердің ішінде 2011 жылы дү­ние­жүзінде үздік деп танылып, рейтингтің көшбасына шыққан. Жоғарыда аталған «Алау» мұз сарайы да халықаралық та­лаптардың барлығына жауап береді. Әл­бетте, Астананы әлемге танытатын осындай кешендер болса керек. Сондықтан спорт­тық объектілерді көптеп салу, жай ғана салып қоймай, дизайнының креативті бо­луына да мән беру қажет. Мәселен, былтыр Париждегі Сена өзеніне ерекше көпір салынды. Үрмелі трубалардан жасалған көпірдің сыртқы көрінісі де, негізгі міндеті де батуттың қызметін атқарады. Көпірден жүрген адам өзеннің үстінен метрлеп биік­ке секіріп, ерекше ләззат алып өтеді. Неге осындай батутты Астанада, Есілдің үстіне салмасқа. Жоқ, ол көпірдің қызметін атқар­май-ақ қойсын, бірақ жұрттың көңі­лін көтеріп, халық көп жиналатын орындардың біріне айналар еді. Оның үстіне, Есіл қаланың қақ ортасын қиып өтетіндіктен, Астананың көрікті жерлерінің біріне айналатыны анық.
Өткен жылдың көктемінде Астанада көпқабатты үйдің шатырында мұз алаңы салынатыны жайлы, жұрт жеделсаты ар­қылы үйдің ең үстіңгі қабатына көтеріліп, шатырда орналасқан сырғанақ алаңы арқылы шанасымен төмен қарай сырғанай алатыны туралы айтылған. Жоба Ел­ба­сымызға да ұнаған болатын. Тек жан-жақты зерттеп, толықтыруға тапсырма бер­­ген. Егер аталмыш жоба қолға алы­натын болса, бұл да елордамызға өзіндік көрік берер еді. Міне, Астанаға бүгінде осындай кешендер де керек. Әйтпесе, шыны керек, Қазақстанға келген турис­терді стандартты спорт сарайларымен аса таңғалдыра алмасымыз анық. Бірақ бір жағынан, салынатын спорттық объекті­лер­дің бұқаралық сипатқа ие болып, көп­шілікке қолжетімді болғаны да маңызды.
Жалпы, бүгінде бас қаламыздың спор­ты өркендеп-ақ тұр. «Астана» атауын ием­денген командалар да аз емес. Бәрінің де ішкі және сыртқы аренадағы беделдері баршылық. Мәселен, велоспорттағы «Ас­та­намыз» осы уақытқа дейін «Тур де Франс», «Джиро», «Вуэльта» сынды мәр­тебелі көпкүндіктердің барлығын жеңіп үлгерген. Бокстағы «Астана арлан­дары­ның» WSB чемпионы деген атағы бар. Автоспорттағы «Астанамыз» Дакар ралли жарысында жүлдегерлер қатарынан көрінген. Формула-1 додасына да ауыз сала бастады. Баскетболдағы «Астана­мыз­дан» да Біріккен баскетбол лигасын­дағы командаларының барлығы сескенеді. Футболда бір емес, екі «Астанамыз» бар. Біреуі Премьер-лигада ел чемпионы ата­ғына таласып жатса, екіншісі Бірінші лигада топ бастап келеді. Құрамына көпте­ген белді спорттық ұжымдарды біріктірген «Астана» Президенттік спорт клубын да жақсы білеміз.
Жекелей спорт түрлерінде де атой са­лып жүрген астаналық саңлақтар аз емес. Спорттың қай түрінде болмасын, халық­аралық аренада ел туын биікке көтеріп жүрген астаналық саңлақтарымыз баршы­лық. Дегенмен, жасырып қайтеміз, көбі­сінің туып-өскен жері – өзге аймақтар. Бү­гін­де Астананың атынан өнер көрсетіп жүр демесеңіз, көбісі – спорттың есігін өзге облыстарда ашқандар. Мәселен, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Данияр Елеусінов Оралдың өрені, мер­геніміз Ольга Довгун оңтүстіктің түлегі де­ген сияқты, кете береді. Сондықтан бүгінде елорданың да төл спортшыларын көтерер кез жетті. Оған барлық жағдай да бар. Спорт­тық клубтар ашылып, бапкерлер де тартылуда. Яғни болашақта Олимпиада ойындарында оза шапқан астаналық спорт­шыларға да қол соғамыз деген үміттеміз.