Тұғыр

Азаттық қадірін ұландар да ұғынсын

  • Азаттық қадірін ұландар да ұғынсын

    Азаттық қадірін ұландар да ұғынсын

Тәуелсіздік үшін күрес тамырын тереңнен тартқан тарихтан басталатыны белгілі. Алайда бұл мәселені қазіргі жастардың көбі біле бермейтіні ащы да болса ақиқат. Олар үшін Тәуелсіздік 20 жыл бұрын ғана көктен келген сый секілді. Әрине, бұл, ақиқатында, Алланың бізге берген сыйы екенінде шек жоқ. Бірақ Тәуелсіздіктің білектің күшімен, найзаның ұшымен келгенін де ұмытпаған жөн. Осындай сананы мектеп оқушыларының санасына сыналап сіңдіру – үлкен шаруа. Оның орайын табу да қажырлы еңбекті талап етеді. Астанадағы №48 мектеп-лицейдің оқытушылары бұл мәселенің тәсілін тапқан екен.
Кеше Президенттік мәдениет орталы­ғында осы мектептің 6-ншы және 5-сынып жетекшілері Айзада Әбуева, Назгүл Смағұ­лова, Гүлшат Қапшаева мен Президент­тік мәдениет орталығындағы мұражайдың экскурсия ұйымдастыру бөлімі «Астана – Тәуелсіздіктің айшықты айғағы» атты ша­ғын қойылымдық сабақ өткізді. «Бұл сабақ өзгелер үшін де сабақ боларлық екен» дедік. «Сабақтың мақсаты – өткен тарихымызға көз жүгірте отырып, болашаққа, яғни ата-бабамыз армандаған Тәуелсіздікке қалай қол жеткенін ұғындыру. Тәуелсіздіктің қа­сиетті ұғым екеніне көз жеткізу, болашаққа сеніммен қадам басу, жас ұрпақты отан­шыл­дық­қа, адамгершілікке, елжандылық­қа, Отанына адал қызмет етуге тәрбиелеу. Тәуелсіздікті тәтті нәр дейміз. Осы нәрді сезіну – біз үшін үлкен ғанибет», – дейді 6 «б»-сынып жетекшісі Айзада Әбуева.
1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» бір сәттік көрініс ұйымдастырған оқушылар «Елім-ай» әніне салып, тоз-тозы шыққан көшті көрсетеді. Мұның артынан Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйімен сүйемелдеп, «Ереуіл атқа ер салмай, Егеулі найза қолға алмай» деп атқа қонған ерлерімізді еске алып, «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» деп азаттық жолында жандарын құрбан еткен Алаш арыстарының өлеңдерімен өреді. Сосын 1941 жылғы соғыс зұлматын жыр­ла­рымен жалғастырып, 1986 жылғы Жел­тоқ­сан оқиғасына тоқталады. «Желтоқ­сан­да шындық жырын шырқаймыз деп шарқ ұрдық, Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындық» деп оқушылар Қайрат Рыс­құл­бековтің тағдырын сомдап, «Сүйін­ші!» деп Тәуелсіздік таңын өз жыр-шумақ­та­рымен жырлайды. Осылайша түгел та­рих­ты қысқа қайырған оқушылар­дың бұл сабақтан алған әсері де жаман болмады.
Есбол ҚАЛБАНҰЛЫ, 6 «ә»-сынып оқушысы:

– Мен осы іс-шарадан патриоттық рухты көтеретін, қазақтың намысын оятатын сезім алдым. Өйткені бағанағы көріністердің барлығынан Тәуелсіздіктің оңай келмегенін, Тәуелсіздік жолында қаншама қан, қаншама  тер төгілгенін көресің. Міне, біз азаттық жолында күрескен ата-бабаларымыз әперген Тәуелсіздіктің жарқын ұландарымыз, бейбіт елдің бәйшешектеріміз.
Мадияр ТҰРАПОВ, 6 «г»-сынып оқушысы:
– Шын мәнінде, осы көріністерден қат­ты әсер алуға болады. Мен осы са­бақтан Тәуелсіздіктің қандай қиыншы­лықтардан өтіп келгенін естіп, көрдім. Ал бүгінде еліміздің Президенті Нұрсұлт­ан Әбішұлына алғысым шексіз. Халық Нұрсұлтан Әбішұлын сайлаған­нан бері еліміз көркейе түсті. Жиырма жылдың ішінде еліміз көптеген жетістік­ке жетті. 

Ару СЕКСЕНБАЕВА, 6 «ә»-сынып оқушысы:
– Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай талай ашық сабақ өткіздік. Сол ашық сабақтардан Желтоқсан оқиғасы­ның қандай болғанын білдім. Тәуелсіз­дік жолында баспалдақ болған Желтоқ­сан оқиғасында қаншама жастардың құрбан болып, қаза тапқанын білдік.

Айбат ТІЛЕУБАЙҰЛЫ, 6 «г»-сынып оқушысы:
– Өз басым Тәуелсіздіктің әрбір таңын үлкен қуанышпен қарсы аламын. Тәуелсіздікті Алланың берген сыйы деп қабылдаймын. Сондықтан да Тәуелсіз­дікке арналған шараларға қалмай қа­ты­суға тырысамын. Сол арқылы Тәуел­сіз­дігіме кішкене болсын үлес қостым деп есептеймін. Бүгінде дүниежүзінде 200-ден астам ұлт бар. Ал мемлекеттер саны  тек 196-ақ. Қалғандарының бәрі бір мемлекетке бағынышты күйде өмір сүріп жүр. Бізге сондай бағынышты өмір бермегеніне Аллаға шүкір айтып, қуанамын.

Диана ОРЫНТАЙ, 5 «а»-сынып оқушысы:
– Мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­қа алғысымды білдіргім келеді. Бүгінде еліміздің өзгелерге бағынышты болмай, өз алдына гүлденген мемлекет болып отыруымызға сол кісінің сіңірген еңбегі зор.




Көрілген: 3959    Пікірлер: 0

жұма, 16.12.2011, 12:52

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    14 Желтоқсан 2013
    Арыстар аманаты ақталады
    6 Шілде 2012
    Астана – ең-ең...
    15 Желтоқсан 2011
    20 жылдық жылнама
    16 Желтоқсан 2010
    Рухты оятар ән қайда?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31