Тұғыр

Егемендіктің берік ұстыны-Астана!

  • Егемендіктің берік ұстыны-Астана!

    Егемендіктің берік ұстыны-Астана!

«Астана» сөзінің парсыдан шығатын әу бастағы мағынасы «табалдырық», «босаға», «сарайдың қақпасы» екен. Келе-келе қазақ ішінде – көп жиылатын орын, Махамбет ақынның жырында ел-жұрт жайлаған аймақ мағынасында қолданылғаны мәлім. Ал ХХ ғасырдың басында хандардың ел басқаратын орталығын білдірген «орда» сөзінің орнын алмастырып, мемлекеттің әкімшілік басқару құрылымы орналасқан орталық қаланың анықтауышына айналған «астана» сөзі ХІ ғасырға жас қазақ мемлекетінің, біздің бүгінгі бас қаламыздың әлем таныған атауы болып енді. Бұдан байқайтынымыз, қай кезеңде қандай мағынаға ие болса да, астана елмен, жермен тікелей байланысты, қазақтың танымында киелі мәні бар ұғым болғаны. Бүгінгі киелі орда Астана да Қазақстан деген мемлекеттің Тәуелсіздігін нығайту бағытында аттаған алғашқы «табалдырығы», төрткіл дүниеге айқара ашқан есігінің берік «босағасы» ғана болған жоқ, тұтастай елді ертеңгі болашағына ұйыстыра сүйреген, тұралаған экономиканың тамырына қан жүгірткен ұлттық жобаның да рөлін атқарып отыр. Демек, Тәуелсіздік пен Астананың бір-бірімен астасып жатқан егіз ұғым екені анық. Әлмисақтан (мемлекеттер пайда болған) бері солай болған, әмсе солай бола бермек те.
Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ, «Астана-опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры:
– Біздің Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ең үлкен, аса маңызды шешімдеріміздің бірі астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру болды. Өйткені бұрын кеңестік одақтың аясында республика үшін маңызды шешімдердің бәрі тек Мәскеудің мақұлдауымен іске асатын. Егер біз Тәуелсіздігімізді алған, егемен мемлекет болмасақ, мұндай шешімді ешқашан өздігімізден қабылдай алмас едік. Бұл – біріншіден. Екіншіден, Ақмола Астана болғаннан кейін мұнда құрылыс жұмыстары қарқын алды. Ал құрылыс индустриясы өз кезегінде экономиканың басқа салаларына да қозғау салды. Құрылыстың төңірегіндегі өндірістер мен шағын кәсіпкерлік дамыды. Астана құрылысына қажетті материалдар тапсырысын, күн өткен сайын саны өсіп келе жатқан Астана халқының өзге де мұқтаждықтарын өтеу үшін өңірлердегі түрлі кәсіп­орын­дардың жұмысы жанданды. Көлік тасы­малы, тұрмыстық қызмет көрсету секілді қызметтер өркендей бастады. Ең аяғы, үйдің ішін заманауи әрлеу мен қажетті жиһаз жасау және құрастыру, түрлі техникалармен жабдықтауға дейінгі салалар да кеңінен қанат жай­ды. Мұның бәрі мыңдаған адамды жұ­мыс­пен қамтыды.

Мәдениет, өнер, білім ордалары көптеп ашылып, өңірлерде жұмыссыз жүрген осы саланың қайраткерлері елор­даға жиналып, оның бүгінгі рухани келбетін, мәдениетін қалыптастырды.

Демек, Астана тұтастай ел эконо­ми­касының қозғаушы күшіне, локо­мо­тивіне айналды. Ал экономика қуатты болған сайын мемлекеттің Тәуелсіздігі де берік болмақ. Сондықтан Астана мен Тәуелсіздік ұғымы бір-бірінен ажыратылмайды.
Алдан СМАЙЫЛ, ҚР Парламенті Мәжілі­сі­нің депутаты:
– «Астана мен Тәуелсіздік – егіз ұғым» деген пікірге мен толығымен қосыламын. Өйткені елорданы Алма­ты­дан Ақмолаға ауыстырудың негізгі мән-мағынасы мынада: сол кезде Ресейдің кейбір солшыл күштері Қазақ­стан­ның бес облысын Ресейге қайта­ра­мыз деп шыққан. Соны тойтару қажет болды. Ал Ақмола тың өлкесінің қақ ортасында болғандықтан, бұл жерде де орыстардың экспансиясы қатты бол­ды. Мен өзім оның бәріне куә болдым. Сол себепті Қазақстанның болашағы үшін шұғыл шешім қабылдау қажет бол­ды. Әлі есімде, Президент Нұр­сұл­тан Әбішұлы Алматыда ғылымдағы зиялы қауым өкілдерін жинап, былай айтқан: «Қазақтың киелі жері, кең-бай­тақ Сарыарқаны саяси саудаға салып жатқанда әсем Алатаудың баурайында тыныш жата алмаймыз. Біз жер жан­наты Жетісуға сыймай кеткен жоқпыз, қимай-қимай кеттік. Қазіргі ел тағдырының талабы осындай!» Міне, осы елдік бастама іске асқаннан кейін арам пиғылдан шыққан әңгімелердің бәрі сап тыйылды. Астана әлі күнге дейін Тәуелсіздікті нығайтудың негізі ретінде қаралады. Бұл жерде сан алуан мәдени ошақтар ашылды. Ол елдің рухани дамуына аса қажет. Енді осы мәдени ошақтардың деңгейіне сай келетін ұлттық шығармалар көбірек жазылса, елдің еңсесі көтеріліп, рухы биіктей түсетініне күмәнім жоқ.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, профессор:
– Осыдан 21 жыл бұрын еліміз қол жеткізген Тәуелсіздіктің күн сайын қа­дір-қасиеті артып, айшықталып отыр­ғаны мемлекетіміздің дұрыс ба­ғыт­та қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Тарих пен тағдырдың талай сыны­нан сүрінбей өткен қазақ елінің бұл жылдары жауапкершілікпен еңбек еткені, көп тер төккені күмән тудыр­май­ды. Қазірде Тәуелсіздіктің нәтижесі мен маңызын қоғамдық өмірдің қай сала­сынан да айқын сезіне аламыз. Бұл – еліміздің саяси тұғыры, экономикалық, әлеуметтік тамырлары уақыт өткен сайын тереңге жайылып барады деген сөз. Мемлекетіміздің жүрегі, Алаштың айбыны мен айбары Астана шаһары – осының айқын айғақ-дәлелі.
Астана білімінің елеулі әлеуеті Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Тәуелсіздіктің жемісі деп білеміз. Жаңа да сәулетті оқу ғима­рат­тары, білім мен ғылым үдерісіне қажетті технологиялар, басқа да материалдық игіліктер Қазақстан азат болмаса, жүзеге асар ма еді?!
Әрине, жоқ! Ендеше, біз бәріне де шүкіршілік етіп, келешек үшін мойымай тер төгуіміз керек. Елбасы идеясының салалануы, жасампаздық пен биік­тіктің, сұлулық пен жарасым­ды­лықтың рәмізі – «Ақ орда», «Бәйтерек», «Қазақ елі», «Тәуелсіздік сарайы», «Хан ша­тыр», «Мәңгілік ел» кешендерін Тәуел­сіздік жылдары шежіресінің сәулеттегі бейнесі деуге де негіз бар. Сондай-ақ ЕҰУ-дағы түрлі бағыттағы ғылыми-зерт­теу институттарының елорданың, жалпы еліміздің ғылыми әлеуетін көте­руге жәрдемдесіп отырғаны мәлім. Жаңа астананың зерделік дәрежесін, білім-ғылым бағдарын көрсететін Еуразия университеті Тәуелсіздік талап­та­рына толық жауап береді.     
Барды ұқсату, жоқты кезең-кезең­мен орнықтыру – біздің Тәуелсіздік алдындағы кәсіби, адамшылық парызымыз.




Көрілген: 2964    Пікірлер: 0

сенбі, 15.12.2012, 12:59

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    14 Желтоқсан 2013
    Арыстар аманаты ақталады
    6 Шілде 2012
    Астана – ең-ең...
    15 Желтоқсан 2011
    20 жылдық жылнама
    16 Желтоқсан 2010
    Рухты оятар ән қайда?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31