Тұғыр

Қызыл құрсауды бұзған рух

  • Қызыл құрсауды бұзған рух

    Қызыл құрсауды бұзған рух

Кезінде Кеңес өкіметінің қызыл құрсауынан шыға алмаған қазақтың ұлт­тық әдебиеті мен өнері Тәуел­сіздік алғаннан кейін қайта түледі. 90-жылдардың басында цензура алынып тасталғаннан кейін қазақтың өз сөзі төрге оза бастады.
Осы кездерде қазақ қаламгерлері ұлтқа қатысты кесек-кесек тарихи туындыларды дүниеге әкеле бастады. Осы ретте жаңа қоғамға аяқ басқан жас ұрпақтың тарихи жадында сілкініс тудыру үшін шығармашы­лық адамдары жан аямай тер төкті десек те болады. Әрине, Кеңес Одағынан бөлініп шығып, дербес мемлекет құруға батыл қадам жасай бастаған Қазақстан әуелі экономикалық әлеуетін көтеріп алмай, рухани саласына бірден серпін бере алмады. Десек те, Елбасының «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деген ұстанымы уақыт өте келе өз жемісін берді. Кезең-кезеңімен сатылап өсе бастаған ел эконо­ми­касының пайдасы руханият жағдайын көтеруге жұмсала бастады. Себебі 70 жыл бойы жаншылып, ұмыт болуға айналған ұлттық әдебиет пен өнердің өн бойына қан жүгірту үшін қыруар қаржы қажет болғаны белгілі. Бұл жолда ел зиялылары бас көтеріп, мемлекет тарапы қолдау көрсетіп, бірқатар үлкен жоба дүниеге келіп, ретімен жүзеге аса бастады. Тиімді жұмыс нәти­же­сінде жабылып қалған жүздеген кітапхана қайта ашылып, қазақтың ұлттық театрлары құрыла бастады. Қара сөздің қаймағын сапырған айтыс өнері жанданып, дәстүрлі музыка сарындары әуеледі. Қазақ ән өнері ұлттық бояумен әрленіп, бұрынғы фоль­клорлық дүниелер заманауи тұрғыда жаңаша кейіпке енді. Ұлттық киноиндустрияда да сәтті қадамдар жасалып, қазақты паш ететін көркем кинолар мен ани­мациялық фильмдер жасала бастады. Әде­биет әлемінде де жаңа шығармашылық мүм­кіндіктер ашылып, Тәуелсіздік рухы ту­дыр­ған туындылар кітап болып жарық көр­ді.Тәуелсіздік алған жылдардың ба­сында ішкі-сыртқы өзгерістермен қатар, қазақ ақын-жазушыларының ой-санасы мен жан дү­ние­лерінде төңкеріс болып, шы­ғар­ма­шылық реформа жүзеге асырылды.
Соңғы жылдары шығармашылық адам­дарын ынталандыру мақсатында ірі бай­қаулар, мүшәйралар мен фестивальдар жұмысы жанданып, ұлттық әде­биетіміз бен мәдениетімізді шетелдерде де лайықты ұсы­на алатындай дәрежеге жеттік. Әлбетте, «біткен іске сыншы көп» дегендей, еліміздегі руханият төңірегінде жасалып жатқан реформаларға мін тағып, сын айтушылар да табылар. Барымызды байқағысы келмейтін баз біреулер «бүгінгі заман бейнесі әдебиетімізде көрініс таппай отыр» деген біржақты пікір айтуға әуес. Кез келген қа­лам­гер – өз заманының суреткері, кез кел­ген ақын өз заманының жыршысы екен­дігін қаперге алсақ, бүгінгі шығарма­шы­лық иелері де өз дәуіріне қызмет етіп келе жатыр деп айтуға болады. Әйтсе де бүгінгі қазақ қоғамының әлемдік жаһан­дану үрдісіне жұтылып кетпей, барын сақтап отыруы рухани тірегінің берік болуынан екендігін бек мойындауымыз керек. Бұл, ең әуелі, көгімізде көк байрағы­мыз­ды жел­біреткен қастерлі де қасиетті Тәуелсіз­ді­гіміздің арқасы екені даусыз.
Ұлттық әдебиеттің дамуы қашанда қалам қарымы мен талант қабілетімен өлшенсе де, оған әрдайым қамқорлық керек екені сөзсіз. Оның үстіне бүгінгідей ақпараттар дәуірінде көркем әдебиет атау­лы мен жалпы қаламгер қауымына деген қоғамның ілтипаты бұрынғыдай болмай отырғаны жасырын емес. Әйтсе де сөздің киесі барын ертеден ұққан қазақ қауымы қиын-қыстау кезеңдерде де өзінің рухани тамырынан бір елі ажыраған емес. Қазіргі қоғамда технологиялық үрдістің белең алуы байқалса да, адамдардың әдебиетке деген сұранысы жоғала қойған жоқ. Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері ұлттық құндылық­тарымызға қайта жүгініп, төл әдебиетімізге бет бұра бастағанымыз аян. Бір ғана «Мәде­ни мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаншама игі шаруа еңсерілді. Мұ­ның бәрі де – Тәуелсіз елдің ертеңі үшін атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар. Әдеби, мәдени мұрамызды жандандыруға мемлекеттің өзі мүдделі болғанымен, қат­пары қалың қазақ әдебиетіне түсер сал­мақты қара шаңырақ – Жазушылар одағы да қайыспай көтеріп келе жатқанын айта кеткен абзал. Соңғы уақыттарда осы шы­ғар­машылық одақтың қабырғасында ұлт­тық әдебиетіміздің тарихында таңба­ланып қалатын талай айтулы жоба дүниеге келуде. Солардың ішіндегі бірегей ірі жоба­лардың бірі «Алтын қалам» деген атпен жүзеге асырылуда. Мұндағы мақсат ұлт руханиятының діңгегі саналатын қабыр­ғалы қазақ әдебиетін кеңінен насихаттап, оның озық үлгілерін әсіресе бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, таныстыру болып табылады. Жоба­ның бір ерекшелігі – арнайы серия­ның аясына нақты тарихта қалатын, әдеби орта, оқырман мойындаған жауһар туындылар ғана топтастырылатынында. Оған ХХ ғасырдың ұлы жазушылары, қазақ әде­бие­тінің классиктері, көркем сөздің қай­таланбас шеберлері мен көрнекті ақын­дар­дың ең таңдаулы туындылары ғана енгізіліп келеді. Аталған жоба аясында был­тыр Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарса­ңын­да 20 қазақ қаламгерінің кітабы жа­рық көрді. Осы сияқты ұтымды жобалар елі­міздің кино, театр салаларында да жемісті нәтиже беріп келе жатқаны көз алдымызда. Ал Алаш рухын ту етіп көтерген бүгінгі қоғамның санасында ұлттық иммунитет қалыптаса бастаса, ол – алдымен дәстүріміздің беріктігі мен таза әдебиет пен өнердің әсерлі ықпалынан. Азаттықтың ақ таңы атқанға дейінгі уақыт бедеріндегі алмағайып замандарда да қазақтың қалам ұстағандары мен өнер-білімге жақындары ұлт үшін қызмет етуден бойларын аулақ салған емес. Қандай бір кезеңдерде болсын ұлт зиялылары ойларын бір арнаға тоғыстырып, бірлесе әрекет еткені белгілі. Бұған мысал ретінде Жазу­шылар одағын атасақ та жеткілікті. Қайраткер азамат­тар­дың бұл қадамдары ұлт мүддесінің үлкен мінбеден айтылуына алып келді. Кеңес өкіметі тұсында Алаш бала­сының азаттыққа деген аңсарын астар­лап болса да жеткізуге тырысқан да қаламын қару еткен қазақ қаламгерлері мен өнер қайраткерлері еді. Ал бүгінгі ұрпақтың міндеті – бабалар аманатындай болған тамыры терең тарихымыз бен ас­қақ рухымызды, тұғырлы Тәуел­сіздігімізді сақтап қалу.

Бүгінгі ұлттық әдебиетіміз ой еркіндігіне қол жеткізді
Нұрдәулет АҚЫШ, жазушы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қазіргі қазақ әдебиеті бөлімінің меңгерушісі:
– Қазіргі уақытта Әдебиет және өнер институтында Тәуелсіздік кезеңіндегі әде­биетті зерттеумен айналысатын арнайы бөлім бар. Онда бүгінгі кезеңдегі ұлттық әде­биеттің ағымдағы тынысы зерттеліп келеді. Демек, 1991 жылдан бері қарай жазыла бастаған шығармалар біздің зерттеу нысанымызға айналып отырады. Сондық­тан да қаламгер атаулы бүгінгі уақытта дүниеге әкеліп жатқан барлық шығарма­шылық еңбек пен тың ізденістерді Тәуелсіз­дік тудырған әдебиет деуге толық негіз бар. Оның өзін біз әр қырынан қарастырып, бірнеше буынға бөліп, саралап отырамыз. Бұл ең әуелі ұлт әдебиетінің әлеуеті мен руха­ни қуатының қаншалықты екенін ба­ғам­дап отыру үшін қажет. Қарап отырсақ, қазіргі қазақ әдебиетінің ар­тық­шылықтары көп. Мысалы, дербес мемлекет ретінде іргесі беки бастаған елімізге Тәуелсіздікпен бірге ой еркіндігі келіп, жаңа шығармашы­лық мүмкіндіктер ашылды. Бұған қоса, бү­гінгі ақын-жазушылар кезіндегідей қатал цензура мен әкімшілік диктатурадан арылды. Осыдан келіп қалам иелерінің көкірек­терінде кеңестік дәуір бұғаулап келген небір ойлар буырқанып, сыртқа шыға бастады. Бұған қоса, әдеби өмірімізде буын алмасу үдерісі жүрді. Осындай өтпелі де ала­сапыран уақыттарды бастан кешкен қазақ әдебиеті сәл шатқаяқтап барып, қайта оңала бастады.
Азаттық идеясы өнер тілімен айтылады
Амангелді МҰҚАН, өнертану ғылымының кандидаты:
– Қазіргі таңда қазақ сахна өнері өр­кендеу үстінде. Оны біз көріп-біліп жүрміз дегенімізбен, өнердің осы саласы арнайы зерттеулерді қажет етеді. Сондықтан да еліміздегі Әдебиет және өнер институтында бұл сала жан-жақты сараланып отырады. Өзіміз дайындаған іргелі зерттеу бағдарламасы бойынша жасалған «Қазақ театры: қалыптасуы мен бүгінгі даму бағыт-бағдары» атты жоба нәтижесінде «Қазақ өнерінің тарихы» және «История казахского искусства» атты қазақ, орыс тілдерінде жеті кітаптан тұратын үш томдық көлемді монографиялар жарық көрді. Бұл еліміздің көне дәуірден Тәуелсіздік алғанға дейінгі мәдени-рухани дамуындағы бейнелеу, музыка, театр өнерлерінің түрлі тарихи ке­зең­дері жайлы деректер қайтадан қоры­тылып жүйеленген, Тәуелсіз Қазақстан үшін маңызды болып табылатын іргелі зерт­теу жұмысы болды.

Еліміздің өнертанушы ғалымдарының жұмыстары нәтижесінде «Тәуелсіздік идея­сы және көркем мәдениет» атауымен бірқатар ұжымдық кітап жарық көрді. Таяу­да өзімнің «Тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақ опера театры» деген зерттеу еңбегім жа­рық­қа шықты. Бұған қоса, қазақ театрла­рының даму жолын өзіндік құбылыс ретінде қарастырған «Қазақ сахна өнері. Тәуел­сіздік кезеңі» атты ұжымдық монографияға атсалыстым. Қазіргі уақытта «Қазақ сахна өнеріндегі Тәуелсіздік идеясы» атты іргелі жоба аясында жұмыс істеудеміз. Жалпы, біз өз зерттеулерімізбен азаттық идеясының өнер тілімен айтылатынын аңғартқымыз келеді.




Көрілген: 3816    Пікірлер: 0

бейсенбі, 15.12.2011, 13:22

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    14 Желтоқсан 2013
    Арыстар аманаты ақталады
    6 Шілде 2012
    Астана – ең-ең...
    15 Желтоқсан 2011
    20 жылдық жылнама
    16 Желтоқсан 2010
    Рухты оятар ән қайда?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31