Тұғыр

Тәуелсіздік мейрамын ұлттық сипатта атап өту жөнінде қандай ұсыныс айтасыз?

Cерік Ерғали, публицист, мәдениеттанушы:

– Біріншіден, Тәуелсіздікті мереке­леу­дің қысқаша тұжырымдамасын Үкі­мет бекітуі керек деп ойлаймын. Екіншіден, мемлекеттік мереке бол­­­­ғанд­ықтан, бұған жұмсалатын қар­жы бюджеттен арнайы баппен қара­лып, бекітілуі тиіс. Үшіншіден, мерекені үш күн ету қажет, бірақ оның бәрін де­малыс ету міндетті емес. Демалыс бір күн болса, жеткілікті, мәселен, 17 жел­тоқсан. Ал үш күнге келсек: 16-сы – Ұлт-азаттық құрбандарын еске алу күні; 17-сі – Ұлттық жаңару күні; 18-і – Азат­тық күні – Алашорданың мемлекет құру туралы шешім қабылдаған құрыл­тайы жабылған күн (ескіше – 5.12). Сонымен бірге Тәуелсіздік мейрамына асқақтық, айбындық, азаттық атрибуттарын паш ететін ежелгі түркілік салтанаттарды жаң­ғыртып, жаңаша сипатта ұлттық шеру ретінде атап өтуді тұжырымдамаға енгізсек, игі болар еді. Мейрамды тек қана салтанатты сипатта емес, келелі форумдар өткізіп, онда өткенді тал­қылау мен келешекті жоспарлау, сын көзбен қарау, мемлекетті нығайта түсу жолдары қарастырылуы қажет. Онсыз біржақтылық, бір сарындылықпен, санаулы тұлғаларды ұлықтаумен шек­те­ліп қала беретін болады.


Ғалия Қамбарбекова, филолог, шығыстанушы:

– Тәуелсіздік мерекесін ұлттық си­пат­та атап өту үшін міндетті түрде ұлт­тық киім киіп, сахналанған көріністер жасаудың немесе алаңға барып бір топ әншінің әнін тыңдап, сусын ішіп, айна­ласын ластап қайтудың қажеті жоқ. Мере­ке бірінші кезекте, отбасында ата­лып өтілуі керек, себебі отбасы – кішігі­рім мемлекет. Мерекені өткізу форма­сына келсек, бірінші кезекте осы Тәуел­сіздік үшін боздақ болғандарды еске алу қажет. Олар үшін мешіттерде, әрбір көше­де, халық ортадан жиналып Құран ба­ғыштап, дұға оқыса, Тәуелсіз­дігі­міз баян­ды болар еді деп ойлаймын. Екін­шіден, осы күнге орай «Қазақтеле­ком», «Қазақ­стан теміржолы», «Эйр Астана», қысқасы ұлттық компания­лар, барлық сауда орталықтары жеңіл­дік­тер жасаса, 16-адамға, жолаушыға тегін қыз­мет көрсетсе, бұл мерекенің ма­ңыз­дылығы артар еді. Яғни мере­ке­нің қаншалықты маңызды екендігін үл­кен де, жас та, әсіресе тұрмысы төмен адам­­дар сезіну керек. Онсыз мереке ұл­т­­тық, халықтық сипатқа ие болмай­ды. Қарны аш, көңілі құлазыған адам қа­­лай мереке тойлай­ды?! Ал мемле­кет­тік ап­парат бұл үрдіс­тің барлығын тіке­лей қа­да­ғалауы­на алуы қажет. Же­ңіл­діктер бас­қа мереке­лер­де емес, тек қана Тә­уел­сіздік мере­кесіне орай жа­салуы керек.

Қанат Әуесбай, тележурналист:

– Тәуелсiздiк күнiн ұлттық сипатта атап өтудiң, менiңше, тұтас тұжырым­дамасы жасалса артық емес. Өйткенi Қазақстан халқы үшiн мерекенiң ең ұлығы – осы. Мұндай құжатта тек бұл мереке емес, мемлекеттiк саналатын барлық атаулы даталардың қоғамдық сипаттары және оны атап өтудiң барлық жолдары тәптiштелiп жазылса деген ой бар. Яғни әр мемлекеттiк және ұлттық мереке нақты қалай аталып өтiлу ке­рек? Оның атрибутикасы, нышаны қан­дай болуы керек? Жастармен жұмыс қалай жүру керек? Оның iшiнде, шетел­де оқып жатқан Қазақстан студенттерi де бар. Мұндай идеологиялық жұмыс­тың эффектiсi қандай болмақ? Шетел­дiк жастар деп арнайы ерекшелеп айтып отырмын. Осы Англияда оқып жүргенде кейбiр елдердiң студенттер қауымдастығын өз мемлекеттерi түрлi шараларды өткiзуге қаржылай көмек­те­сетiнiн бiлдiм. Бұл – мемлекет имид­жi­нiң мәселесi. Сосын ол тұжырым­даманың орындалуын қадағалайтын қоғамдық негiздегi арнайы комиссия құрылса да құба-құп болар еді.




Көрілген: 2606    Пікірлер: 0

сенбі, 14.12.2013, 14:28

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    14 Желтоқсан 2013
    Арыстар аманаты ақталады
    6 Шілде 2012
    Астана – ең-ең...
    15 Желтоқсан 2011
    20 жылдық жылнама
    16 Желтоқсан 2010
    Рухты оятар ән қайда?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30