Әр азамат өз құқығын дұрыс пайдалануға тиіс

04 желтоқсан 2017, 14:58

Мемлекет басшысы: «Азаматтық сот ісін жүргізуді жаңғырту қажет. Азаматтық істерді қарау тәртібі процестің тараптары үшін ыңғайлы және тез, оларды бітістіруге және заманауи технологияны кең қолдануға бағытталуы тиіс», – деген болатын. Соған орай, еліміздің Азаматтық процестік кодексі жаңартылды.

Жаңа заң «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында көзделген шараларды тәжірибеде іске асыруға мүмкіндік береді. Ұлт жоспарының 23-қадамында инвестициялық даулар бойынша жеке сот істерін жүргізуді құру, Жоғарғы Сотта ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін Инвестициялық алқаны ұйымдастыру тапсырылған. Инвестициялық даулардың сапалы қаралуы судьялардан бірқатар тиісті салалар мен құқықтық институттарға арнайы бейімделген білімділікті, жалпы алғанда, дауларды шешуде неғұрлым практикалық тұрғыда машықтануды талап етеді.
Кодексте азаматтық сот ісін жүргізу міндеттері мен қағидалары жаңа талаптармен толықтырылды. Аталған Кодекстің 46-бабының талабына сай, іске қатысатын адамдардың іс материалдарымен танысуға, олардан үзінді көшірмелер жазып алуға және көшірмелер түсіруге, қарсылықтарын мәлімдеуге, дәлелдемелерді табыс етуге және оларды зерттеуге қатысуға, іске қатыса тын басқа да тұлғаларға, куәларға, сарапшылар мен мамандарға сұрақтар қоюға, өтінішхаттар, оның ішінде талап қоюды қамтамасыз ету бойынша шаралар қолдану туралы, дәлелдемелерді қамтамасыз ету бойынша, қосымша дәлелдемелерді талап ету туралы, татуластыру рәсімдерін қолдану туралы өтінішхаттар, сотқа ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге, сот процесі барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін келтіруге, сондай-ақ, азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңда берілген басқа да процестік құқықтарды пайдалануға құқығы бар. Олар басқа адамдардың құқықтарын теріс пайдаланбай, мүдделерін бұзбай, өздеріне тиесілі барлық процестік құқықтарды адал пайдалануға және істерді қарау мен шешу мерзімдерін қасақана созып жіберуге жол бермеуге тиіс. Іске қатысатын адамдар істің нақты мән - жайлары туралы сотқа толық әрі шынайы түрде мәлімдеуге, сөз сөйлеуге немесе сотқа екінші тарап растаған фактілерді теріске шығаратын жазбаша құжаттар ұсынуға міндетті. Іске қатысатын адамдардың процестік міндеттерін орындамауы осы заңда көзделген процестік салдардың туындауына әкеп соғады.
Корпоративтік дауға қатысатын тараптар бір-бірінен іс үшін маңызы бар құжаттарды әрбір нақты құжатты көрсет-пестен сұратуға құқылы. Айта кетерлігі, тараптар мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын құжаттарды бір-бірінен сұрата алмайды.