Құқығыңды білесің бе?

Баспанамды қашан тіркетсем де өз еркімде емес пе?

  • Баспанамды қашан тіркетсем де өз еркімде емес пе?

    Баспанамды қашан тіркетсем де өз еркімде емес пе?

Азаматтарымыз көп жағдайда өзінің құқығын білмеуден қателікке ұрынып жатады. Сондықтан біз бүгін құқықтық тұрғыдан оқырмандарымыздың бірнеше сұрағына заңгерлер көмегімен жауап беруді жөн көрдік.


Әкем қайтыс болғаннан кейін түрлі жағдайларға байланысты баспананы өз атыма тіркеуге мүмкіндігім болмады. Енді құжатты кешіктіріп тіркеткенім үшін айыппұл төлеуім керек екен. Бұл менің баспанам ғой. Оны қашан тіркетсем де өз еркімде емес пе?

Серік ХАСАН

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ


Жылжымайтын мүлікке құқықтық тіркеу арнайы заңды басшылыққа ала отырып жүзеге асыралады. Баспана сіздікі болғанымен, ол жалпыға ортақ тәртіпке сай, өз уақытында тіркелуі керек. «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және олармен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүлікке құқықтарды және олармен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарын қабылдаудағы басты мақсат мүлікті тіркеу жүйесін барынша жетілдіруге бағытталған. Сонымен бірге бұл азаматтардың меншікке қатысты конституциялық құқықтарын мінсіз қорғауды көздейді. 


Бұл заңдар қабылданғанға дейін жылжымайтын мүлікке құқықтарды ресімдеу ерікті түрде жүргізілгені мәлім. Алайда, жайбарақаттық жауапсыздыққа, оның соңы алаяқтардың тақырға отырғызып кетуіне ұласқан жағдайлар аз емес. Соған орай, заңға сәйкес, жылжымайтын мүлікке құқықтарды міндетті мемлекеттік тіркеу ережесі қалыптасып, өтініш ету мерзімі белгіленді. Енді азаматтар жылжымайтын мүлкін алты айдан кешіктірмей тіркеуі тиіс. Егер белгілі бір жағдайлар орын алып, тіркеу мерзімі өтіп кетсе өз құқығыңды сот тәртібімен қорғайсыз. Дегенмен, бұл сізді айыппұлдан құтқармайды. Мүлікті тіркеу мерзімін өткізіп алған жеке тұлғалар айлық есептік көрсеткіштің оннан жиырмаға дейінгі мөлшерінде, заңды тұлғалар айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан отызға дейінгі мөлшерінде айыппұл төлеуі міндетті.Мұндай тәртіпке түсіністікпен қарау керек. Өйткені, мемлекеттік қызметтегі жаңашылдықтың бәрі, заңнамадағы өзгерістердің барлығы, түптеп келгенде, азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған.



 



Әкеммен соттаса аламын ба?
Он ағайындымыз. Әкем бірнеше шаруашылық ұстайтын дәулетті кісі болғанымен, кейінгі кездері сал ауруына ұшырап, төсек тартып жатып қалды. Қолыма кездейсоқта оның жақында ғана нотариатта куәландырған өсиеті түсті. Жиған-тергенінің біразын балаларына, басқасын біз танитын-танымайтын біреулерге өсиеттеп қойғанын көріп, таңғалдым әрі ренжідім. Қалам ұстауға әлі келмей жатқан кісінің өсиетке қалай қол қоюы мүмкін? Осы құжатты сотқа беріп, бұздыра аламын ба?

Данабек КӨПТІЛЕУ

(сауал электронды поштамен келген)

Азаматтық кодекстің 1046-бабына орай, өсиетті толық әрекет қабілеттілігі бар азамат жасайды. Өсиеттің жарамды жарамсыздығы сотта даулануы мүмкін. Бұл кезде әдетте өсиетшінің ақыл-есінің дұрыстығы, денсаулығының жай-күйі және өсиеттің заң талаптары шеңберінде, тиісті нысанда жасалуы бірінші кезекте ескеріледі. Егер сот өсиетші өзiне тиесiлi мүлiкке қайтыс болғаннан кейін кімдердің билiк етуі жөнiнде өз ықтиярын бiлдiрген деп таныса, басқа қарсылықтар мен дәлелдемелердің шыбын ғұрлы қауқары қалмайды. Өйткені, өсиет қалдырушы себебiн түсiндiрместен заң бойынша мұрагерлердiң бiреуiн, бiрнешеуiн немесе барлығын мұрадан айыруға құқылы. Азамат өзінің барлық мүлкiн немесе оның бiр бөлігін заң бойынша мұрагерлер тобына кiретiн де, кiрмейтiн де бiр не бiрнеше адамға, сондай-ақ, заңды тұлғаларға және мемлекетке өсиет етiп қалдыра алады. Ол осы аталған мұрагерлердің мұрадағы үлесін кез келген түрде белгілеуі мүмкін. Сонымен бірге жасалған өсиеттiң кез келген уақытта күшiн жоюға және өзгертуге ерiктi. Күшiн жоюдың немесе өзгертудiң себебiн көрсетуге мiндеттi емес. Кодекстің 1050-1051-баптарында көзделгеніндей, өсиет жасалған жерi мен уақыты көрсетiле отырып, жазбаша нысанда жасалып, нотариатта куәландырылуға тиiс. Нотариатта куәландырылған өсиеттi өсиет қалдырушы жазуы керек не оның айтуымен куәның қатысуы арқылы нотариус жазуға тиiс. Өсиет қалдырушының айтуымен жазылған кезде нотариус жалпы жұрт қабылдаған техникалық құралдарды (дербес компьютер және басқаларын) пайдалануы мүмкiн. Өсиетке қалдырушының өзi қол қоюы қажет.
Оның айтуы бойынша нотариус жазған өсиеттi қол қойылғанға дейiн нотариус пен куәның қатысуы арқылы өсиет қалдырушы толық оқып шығуға тиіс. Егер өсиет қалдырушы дене кемiстiктерiне, науқастығына немесе сауатсыздығына байланысты өсиеттi өзi оқи алмайтын болса, ол үшiн оның мәтiнiн нотариустың қатысуымен куә оқып бередi. Ол туралы өсиет қалдырушының өзi оқи алмауының себептерi көрсетіліп, өсиетте тиiстi жазба жасалады. Егер өсиет қалдырушы денсаулық жағдайымен өсиетке өзi қол қоя алмаса, оның өтiнiшi бойынша нотариустың қатысуымен себебiн көрсете отырып, басқа азаматтың қол қоюы мүмкiн. Ондай жағдайда оны оқып берген және қол қойған куәлардың тегi, аты және тұрақты тұратын жерi өсиетте көрсетiлуге тиiс.


Алаш айнасы





Көрілген: 1337    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 06.11.2017, 18:32

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30