Демалысым күйіп кетпей ме?

04 желтоқсан 2017, 15:06

2012 жылдың 14 наурызында орта мектепке іс-қағаздарын жүргізуші болып жұмысқа орналастым. 2012 жылдың 1 шілдесінде оқу орнының барлық қызметкерлері 2012-2013 оқу жылының еңбек демалысына шықты. Бірақ мен еңбек демалысына шықпадым. Тек 2013 жылдың 1 шілдесінде маған 2013-2014 оқу жылының еңбек демалысы берілді. Сұрайын дегенім – 2012 жылдың еңбек демалысы маған тиесілі ме? Егер тиесілі болса, мен сол еңбек демалысының ақшасын ала аламын ба? Осы мәселенің қай заңда, оның қай баптарында көрсетілгенін түсіндірсеңіздер.
Айнұр Мәжит
Ақтөбе облысы
Шалқар ауданы
Қауылжыр ауылы


Еңбек кодексінде 2012, 2013 немесе 2016 жылдың еңбек демалыстары деген ұғым жоқ. Тек оның 92-бабында жұмыскерге жұмыс істеген бірінші және келесі жылдары үшін жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында берілетіні көрсетілген. Жұмыс жылы жұмыскердің бірінші жұмыс күнінен бастап есептелген күнтізбелік он екі айды құрайды. Бірақ, қызметке тұрғаннан кейін еңбек демалысына шығу үшін уақытты саусақпен санап, тура бір жыл толуын күту міндетті емес. Қызметіңіз оқу процесімен тікелей байланысты болмағандықтан, жұмыс берушінің келісімімен 2012 жылдың кез-келген айында еңбек демалысына шығуыңызға болатын еді. Алайда, жұмысқа тұрғаннан кейінгі алғашқы немесе одан бергі кезекті еңбек демалыстарын жыл толтырмай алған жағдайда демалыс ақысының жұмыс істеген айларыңызға ғана қатаң сәйкестендіріліп, кемітіліп берілетінін ескеруіңіз керек. Кодекстің 94-бабының 3-тармағы пайдаланылмаған жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын не оның бір бөлігін қатарынан екі жыл бойы бермеуге тыйым салады. Осыған орай басшылықтан өндіріс
(жұмыс) мүмкіншілігі қабыспай жатса, кезекті еңбек демалысына әрбір жыл сайын уақытылы шығаруды да талап ете алмайсыз. Ал, осы кодекстің 96-бабының 2-тармағына сай еңбек шарты тоқтатылған кезде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын пайдаланбаған немесе толық пайдаланбаған жұмыскерге сол пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы
төленеді. Сол кезде пайдаланбаған күндеріңіз (айларыңыз) қай жылдан болса да, жұмысқа тұрған уақытыңыздан бастап ескеріледі.