Жалақымның көлемін білмеуім қалыпты жайт па?

04 желтоқсан 2017, 15:12

Мектепте зертханашы болып бірнеше жылдан бері жұмыс жасаймын. Бірақ әлі күнге дейін жалақымның штаттық мөлшерлемесін білмеймін. Қолыма кейде азайып тиеді. Бухгалтерден сұрасам, ұжымдастарымыздың туған күндеріне және басқа майда-шүйдеге ұсталып қалғанын айтады. Алдын ала айтып барып, ұстауға міндетті емес пе?
Әйгерім Нұрболат
АТЫРАУ ОБЛЫСЫ

Жалақы айына бір реттен сиретпей, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленеді. Осы күн демалыс немесе мереке күндеріне тура келген кезде төлем олардың қарсаңында жүргізіледі. Жалақы төлеу кезінде жұмыс беруші әрбір жұмыскерге тиісті кезең ішінде оған тиесілі жалақының құрамдас бөліктері, жүргізілген ұстап қалулардың мөлшерлері мен негіздері, оның ішінде ұстап қалынған және аударылған міндетті зейнетақы жарналары, сондай-ақ төленуге тиісті жалпы ақша сомасы туралы мәліметтерді жазбаша немесе электрондық нысанда ай сайын хабарлауға міндетті. Жұмыс беруші жалақыны толық көлемде және еңбек шартында белгіленген мерзімінде төлемесе, заң алдында жауаптылықта болады. Өзіңіз сұрап отырған жалақыдан ұстап қалу сот шешімі бойынша, сондай-ақ ҚР заңдарында көзделген жағдайларда жүргізіледі. Әрине, туған күндер және басқа майда-шүйделер мұндай жағдайға жатпайды. Жұмыскердің өзі жұмыс істейтін ұйым алдындағы берешегін өтеу үшін оның жалақысынан ұстап қалу оны жазбаша хабардар ете отырып, іссапарға байланысты, оның ішінде шығыстарын растайтын құжаттарды бермеген жағдайда жұмсалмаған және уақтылы қайтарылмаған ақшалай сомаларды өтеу үшін, оқыту шарты болған кезде жұмыскерді оқытуға байланысты шығындарды
(еңбек шарты мерзімінен бұрын бұзылса, жұмыс істелмеген мерзімге пропорционалды түрде) өтеуді көздейтін жағдайларда, жалақы есебінен жұмыскерге берілген жұмыс істелмеген авансты өтеу үшін, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын ауыстыру немесе одан кері шақыртып алу жағдайларында (осы Кодекстің 95-бабының 3-тармағына сәйкес еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігінің күндері үшін өтемақы төленуін қоспағанда), жұмыскердің жазбаша келісуі болған кезде өзге де жағдайларда жұмыс беруші бұйрығының негізінде жүргізілуі мүмкін (Еңбек кодексінің 113, 115-баптары).