Жемқорлықпен күрес тоқталмақ емес!

23 наурыз 2018, 01:27

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін айтып қана қоймай, нақты 10 бағыт бойынша маңызды міндеттерді атап көрсетті. Соның ішінде Жолдаудың тоғызыншы бөлігінде жемқорлықпен күрес атап көрсетілген.
Жалпы елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес үздіксіз жүргізілу үстінде. Елбасының халыққа жолдаған Жолдаулары мен Үндеулерінен де жемқорлықпен күрес мәселесі ұмыт қалған емес. Осы орайда биылғы жылғы мемлекет басшысының Жолдауында да заң үстемдігін жетілдіруге, жемқорлықпен күрес жүргізуге тиісінше назар аударылған.
Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлық ұғымы азаматтық қоғамда үйреншікті құбылысқа айналса, ал екінші жағынан Қазақстанның қауіпсіздігіне, елдің экономикасының дамуына керағар әсер ететін факторға айналуда. Қазіргі таңда елімізде азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу қызметі көтермеленеді, оларға ынталандыру шаралары қолданылады. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы бүкіл халықты жұмылдырудың нақты көрінісі болып отыр.
Ендігі жерде өзіне белгілі болған сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылық туралы әрбір басшы тиісті органдарға, лауазымды адамдарға дер кезінде хабарлауға міндетті. Яғни ол осы міндетін орындамаса, заңда белгіленген тәртіппен жауаптылыққа тартылады. Осындай әрекеттер арқылы сыбайлас жемқорлық фактілерін дер кезінде әшкерелеу, ол туралы мәлімет бергендерді марапаттау арқылы ынталандыру көзделіп отыр. Айналып келгенде мұның барлығы жемқорлыққа деген қоғамның теріс көзқарасын қалыптастыру үшін жасалып отыр.
Статистикалық мәліметтерге қарағанда, республикада сыбайлас жемқорлықтың нәтижесінде көлеңкелі бизнес дамып, жылына мемлекеттік қазынаға түсетін едәуір кіріс желге ұшатыны белгілі болып отыр. Ең бастысы сыбайлас жемқорлық қоғамымыздың дамуын тежейді. Жасыратыны жоқ сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналды, себебі бұндай әрекеттің мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрініс табуы мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамда өкіметке, билікке деген сенімсіздік тудырады. Сыбайлас жемқорлық қылмысының қоғамға қауіптілігі Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін-ақ біліне бастады.

Олжас КҮРЕҢБЕКОВ, Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының төрағасы