Замана талабына сәйкестендіріліп жазылған заңнамалар қылмыстың санын азайтып, алаяқтыққа, сыбайластыққа тосқауыл қойғанын мойындауымыз керек. Бұл құқықтық мемлекетте азаматтардың мүддесін қорғауға қаншалықты мән беріліп келе жатқанын дәлелдей түседі. Айталық, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жылжымайтын мүліктерге қатысты заңнамалар жиі бұзылып, осы салада қылмыстар жиі орын алатын.
Құжаттандырудағы олқылықтар бір баспананың бірнеше рет сатылуына мүмкіндік беріп жататын. Ал, баспаналы болсам деген арманмен ақша жинаған азаматтар сатып алған мүлкінен айырылып қалғанда алдымен билікті, мемлекеттік құрылымды кінәлайтыны тағы рас. Осындай олқылықтар орын алмас үшін тек құқықтық құжаттарды сапаландырып қоймай, азаматтардың сауатын көтеру мәселесі өзекті болды. Міне, қазір осы екі түйінді мәселенің де біртіндеп
шешіліп келе жатқанына куә болып отырмыз. Мысалы, қазір «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу» туралы заң қолданысқа енгізіліп, соның нәтижесінде баспананы тіркеу әлдеқайда жеңілдеді. Азаматтар құжат дайындаудағы қағазбастылықтан, бюрократиялық кедергілерден арылды. Өйткені, ендігі жерде жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу үшін бір күн жеткілікті. Нотариуста келісім рәсімделгеннен кейін азаматтар өз құқығын әділет органдарында
бір күнде тіркей алады. Келісімге қол қойылғаннан кейін нотариус сатып алушының жазбаша келісімімен өзінің электронды цифрлы қолтаңбасымен құпталған құжаттарды электронды түрде «Е-нотариат», яғни, бірыңғай нотариалды ақпараттық жүйенің бағдарламасы арқылы аумақтық әділет органына жібереді. Қазір бұл жаңалық жер-жерде жан-жақты түсіндірілуде.
Өйткені, отандастарымыз өз құқығын біліп, өзгеге есе жібермеуі керек.
Алаш айнасы