Құқығыңды білесің бе?

Қоғамды қомағайлықтан қорғау қажет

  • Қоғамды қомағайлықтан қорғау қажет

    Қоғамды қомағайлықтан қорғау қажет

Жемқорлық кез келген қоғамды іштен ірітіп, дамуын тежейтін қауіпті індет. Мемлекеттің әлемдегі абыройын айрандай төгетін де осы аты жаман әдет. Қазақта «қомағайлық жақсылыққа апармайды» деп, ашкөздіктен туындайтын парақорлықты қашанда қатаң сынға алған.

Жең ұшынан жалғасып кете беретін жемқорлықтың зардабын әдетте ары таза адамдар тартып жатады. Жасыратыны жоқ, бюджет қаражатына қол салып әлеуметке тиесілі үлесті үптеп жатқандар жайлы күн сайын естіп жүрміз. Олардың әрекеті жариялы түрде әшкереленіп, заң алдында қандай жаза алғандығына дейін ашық айтылуда. Кімнің кіммен қалай сыбайласқаны, алған пара көлемі қанша? Оларға сот қандай жаза тағайындады бұқараға белгілі. Десек те, бұл сыбайлас жемқорлықпен айналысқандардың масқарасын шығару ғана емес, оларға тағайындалған жазаның басқаларға сабақ болуы үшін де керек. Айтары жоқ, мұндай фактілер естіген елдің жағасын ұстатып, «осыларға не жетпейді» дегізіп жатады. Осындайда, «қомағай» деген жақсы ат еместігіне тағы да бір көз жеткізесің. Осы себепті, еліміз өз тәуелсіздігін алысымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы заң қабылдап, ол уақыт өткен сайын жетілдірілуде. Соның бірі, Мемлекет басшының жарлығымен қабылданған 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия. Бұл құжатта сыбайлас жемқорлық мәселесі ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін құбылыс ретінде бағаланып, індеттің алдын алу шараларына басымдық берілген. Тұнып тұрған идеологияға негізделген стратегия нақты іс-әрекетке көшуге үндейді. Жемқорларды анықтап, заң алдында жауапқа тартудан бөлек, қоғамды жемқорлыққа төзгісіз етіп тәрбиелеудің де маңыздылығы артып тұр. Яғни, кез келген жемқорлық сипатындағы әрекеттерге қарсы тұратындай қауқарлы әрі мәдениетті ел болуымыз керек. Ал, нағыз мәдениетті адамға жемқорлық жиіркеніш тудырады. Ондай қоғамда парақорлыққа орын да қалмайды. Сондықтан, індетті балабақшадан аңғарсаңыз да әшкерелеңіз, сонда ғана айналаңыздағы «ым-жымы» бір парақорлыққа тойтарыс беруге болады. Жалпақ тілмен айтқанда, әрқайсымыз «алақанын ысқылағандардың» қолын дер кезінде қағып тастап отырсақ, уақыт өте келе қауіпті індеттің беті қайтары анық. Мысалы, қазіргі қолданыстағы заң атауының бұрынғыдай сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес емес, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» болып өзгеруінің өзі қоғам парақорлыққа қол қусырып қарап отырмасын деген сөз.

Айта кетер жайт, осы орайда Алматы қаласындағы әрбір ауданның өзінің сенім телефондары бар. Ол арқылы кез келген азамат жемқорлық фактісі туралы хабар беруіне болады. Мәселен Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімі аппаратындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық фактілері бойынша 274-83-08 сенім телефоны арқылы хабарлауға болады. Бұл біздің қоғамымыздың кез келген жемқорлық әрекетіне қарсылығын аңғартады.

Бүгінгі таңда қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін мемлекет пен азаматтық қоғамның арасында тығыз ынтымақтастық орнату көзделген. Осы бағытта мемлекеттік органдардың барлығына нақты тапсырмалар жүктеліп, жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік ахуалын қалыптастыру және алдын алу шараларын күшейту қажеттілігі күн тәртібіне шығып отыр. Стратегиялық құжат қоғамда жемқорлыққа қарсы ашық келісім жасалып, ол мемлекеттік, коммерциялық, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер, жастардың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», «жегіқұртты» жою жолында шоғырлануына жағдай жасайды.

Ермекова Қуаныш

"Алаш айнасы" тілшісі


 




Көрілген: 1468    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 28.08.2017, 12:24

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30