Абай елінің әкімі (эссе)

11 қыркүйек 2013, 12:59

Бірден айтайық, жоғары қызметтегі лауазымды адамдарды мемлекеттік аттестациядан өткізу мәселесі ауылдағы қарапайым адамдарды да бей-жай қалдырған жоқ. Әсіресе бір елді басқарып отырған аудан әкімдерінің тағдырына кәдімгідей қобалжып, қопақтап қалғанымыз да рас. Несін жасырайық, кейбір аттестациядан өте алмай қалған әкімдерге «Өзіне де сол керек, не құдай емес, не құдайдан былай емес болып, халықты танымай кетіп еді» деп іштей қуанып жатқандар да, керісінше, «Қап, бәрекелді-ай, обал болды-ау, біраз істей тұру керек еді» деп шын өкініш білдіріп қалғандар да болды.

Қалай айтқанда да қоғамның саяси өмірінен қарапайым адамдардың да қалтарыс қалмайтындығын осы сынақ нақты дәлелдеп берді.
Қазақтың үш бірдей данышпан ұлда­рын дүниеге әкелген қасиетті Абай елі де өз әкімдерін бәйгеге қосып, қашан сынақ біткенше көмбе түбінде «қиқулап» тұрған­дай болды.
Ал ешбір көңіл жықпастыққа, атақ, даңққа, лауазым, мансапқа, тамыр- таныс­тыққа қарамайтын қатал сынақтан әкімдері жоғары бағамен өтіп келіп, қайта сайланғанда, шыны керек, бүкіл ел балаша қуанды. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қанатты сөздің айтылуы да осыдан шығар.
Бірде Алаштың арда азаматы, көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай Жол­дас­бековтің: «Абай еліне әкім болу – әрі бақ, әрі сор. Бақ болатын себебі – ұлылар еліне басшы болу әркімнің пешенесіне жазыла бермейді. Ал сор болатыны – иісі қазақ қарап отырған елді көш соңына қалдыруға ешкімнің қақысы жоқ», – де­гені бар. Шындығында, солай.
Атақ, даңқы алты Алашты шарлаған Абай елінің тағдыр-талайы оп-оңай бол­ған жоқ. Кешегі Кеңес дәуіріндегі Шәкәрім қажы жазықсыз оққа ұшатын «Шыңғыстау көтерілісінен» бастап, бейбіт халықты 40 жыл қырғынға ұшыратқан атом алапа­тының аяқталуына дейінгі ғасырға пара-пар аласапыран жылдарда ел не көрмеді дейсіз?! Бәрін де көрді. Бәріне де шыдады. Аяқ, қолы бірдей босайтын азаттықтың ақ таңын аңсады. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын сол запырансыз заман туғанда абыз ақсақалымыз, Халық ақыны Шәкір Әбеновтің тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа бүкіл Алаш баласының атынан ақ бата беруі де сондықтан шығар.
Рас, Абай елін сол Кеңес дәуірі кезінде де шып-шырғасын шығармай, айрандай ұйытып, абырой, атағын асқақтатып ұстаған басшылар да көп болды. Әсіресе көрнекті қоғам қайраткері, бүгінде 80-ді алқымдап қалған аяулы ақсақалымыз Хафиз Матаевтың басшылығы тұсында Абай ауданы еңбекте де, өнерде де, спортта да дәуірлеп тұрды. Одан кейінгі басшылар да жұмыс істемеді деуден аулақпыз. Әрқайсысы әл-қадірінше елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға атсалысып жатты.
Рас, барды жоғалтып, жоқты таба алмай, тақыр таза кеткендері де, халықтың қарғысына ұшырап, әрең қашып құтыл­ғандары да болып жатты.
Хакім Абайдың бүкіл Алаш баласы болып атап өткен 150 жылдық мерекесінен кейінгі он шақты жылда ауданда айтар­лықтай өзгеріс бола қойған жоқ. Қайта бары жоғалып, азы тоналып, «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жатты. Аудан абдырап қалды.
Облыс тізгінін ұстаған Метте «ешқан­дай өндіріс орны жоқ, қалпынша Үкімет қарызымен отырған Абай ауданын жабу керек» десе, қашқын күйеу Храпунов Абай елінің қай бағытта орналасқанын да білмей, аруақтан аттап кете барды.
Жоғары жақтан көмек көрмеген соң не істесін, ауданның ажары қайтып, базары тарқай бастады.
Сөйтіп, дел-сал болып жүргенімізде Шығыс өңіріне жаңа басшы келді. Жай келген жоқ, өзі отырған ақ үйдің алдындағы Лениннің орнына Абайдың ескерткішін қойғызып, ерлік жасап келді. «Құдай берді, көсегеміз көгеретін болды» дедік. Солай болды да.
Алғашқы сапарын Абай ауданынан бастаған Бердібек Сапарбаев бала-шағасын қосқанда 20 мыңға жетпейтін аз ғана халқы бар, алақандай Абай елінің «жүдеулеу» көркін өз көзімен көріп кетті. Іле-шала барлық аудан әкімдері бас қосқан үлкен бір алқалы жиында «Абай – бар қазақтың данасы. Олай болса, оның елін жұтатып қою бәрімізге сын, ойланыңыздар» депті.
Артынша өзі Абай елін басқаруға жаңа әкім әкелді. Туған жері Аягөз қаласы бол­ғанымен, ата-бабасы Абай ауданының Құндызды өңірінде жатқан әйгілі Ақтам­берді жырау мен Ақтайлақ билердің тұқымы саналатын Тұрсынғазы Жантұяқ­ұлын жұрт Семей қаласы әкімінің орын­басары болып көп жылдар бойы қызмет істеген білікті маман, білгір азамат ретінде білетін. Қуана қарсы алды. Әкім бірер ай салт келіп істеді. Жанұясы көшіп келмеді. Бұрынғы әкімдер салып кеткен Қарауылдың қақ ортасындағы екі қабатты зәулім кот­тедж бос тұрды. Ел «гу» ете түсті. «Уақытша келген ғой, біздің әкімнің орындығы да ойнамалы жілік сияқты болып кеткен-ау, сірә» деп келемеждеп жатқандар да болды.
Бірақ әкім кетпеді. Ауыл шетіндегі екі жанұялық пәтердің жартысын сатып алып, соған жанұясын көшіріп кіргізді. Коттеджді «қонақүй» жасауға берді. Бұл да ауданның зәру нәрсесі болатын. Жұрттың жүрегі жылып қалды. «Алайын, тонайын» деп келген әкім емес, «болайын, жанайын» деп келген әкім екен, «қолдасайық, қор­ға­сайық» десіп, жақсы әкімді жағалай бастады жұрт.
Содан бері де міне, үш жылдың жүзі болыпты.
Жапырағына жан бітіп, тамырына қан жүгірген қара ағаштай биік ел келбеті аз жылда ажарына қайта кіріп, оңалып, гүлдей бастады.
Әсіресе, жыл сайын сан мыңдаған қо­нақты құшақ жая қарсы алып, сан мың­даған қонақты қошеметтеп шығарып сала­тын аудан орталығы Қарауыл адам та­ны­­мастай кескін-келбетке, керемет кейіпке оранып келеді.
Бір кездері Х.Матаев еккізген тал-ағаштың тамырына балта шабылып, қурағаны қурап, қурамағаны отқа жағылып кетіп еді, енді бүгін еңсе тіктеп, жайқала бастаған жас талдардың жап-жасыл көркі көз қуантып, көңіл өсіреді. Ол-ол ма, қайтадан қалыпқа келтіріліп, қайта­дан гүл егіліп, шым төселген, кешкі уақытта сан түрлі бояуға малынып, самаладай нұр шашатын электр шамдары мен субұрқақтар орнатылған скверлер, гүл алаңдары мәде­ниетті ел тірлігінің мәйегін аңғартқандай.
Түн баласында Қарауыл бейне-бір жұмақ төріндей көрінеді. Бұрын-соңды болмаған аспалы шамдар бірнеше көше­лерде бірнеше шақырымға созылып, самаладай жарқырайды.
Бұған әрбір мекеменің алдында мың түрлі бояумен мың түрлі сәуле шашқан небір әсем жарықтарды қоссаңыз, ғажа­йып әлемінде жүргендей боласыз.
Жаңадан асфальтталып, ретке кел­тірілген орталық көшелердің қиылыс­тарында бағдаршамдар жарқырайды. Бұл да – кейінгі жылдардың жаңалығы.
Жасырақ кезімізде «қызда болса үмітің, батылдау бол, жігітім» деген ән қайыр­масын жиі естуші едік. Дәл осы мәтінді әкімдерге де айтуға болатын сияқты. Жасыратыны жоқ, қай кезде де жаңалықты енгізуге, өзгерістер жасауға қыруар қаржы керек. Жергілікті жердің онсыз да орта құрсақ бюджеті мұндай істі көтере алмайды. Еріксіз жоғары жаққа алақан жаюға тура келеді. Төтесін айтқанда, сұрау керек. Бұған көп әкімдердің батылы жете бермейді. Бір сұрар, екі сұрар, үшінші сұрауға жүрек дауалай қоймас. «Әй, мен сені сол ауданға ақша сұрап беруге апарғаным жоқ, жап ауызыңды» десе, жата қалмайтын әкім бар ма?
Баяғыда коммунистік партияның бар кезінде Хафиз Матаев республика басшы­ларының өзінен ұлы Абайды арқаланып, көптеген мәселелерді шешіп алып жатушы еді, дәл сондай ел тіршілігіне ауадай қажетті қомақты қаражаттарды біздің Тұрсекең де жалтақтап, жасырынбай, қорқақтап, қобалжымай сұрап алып жатады.
Айталық, облыс әкімі Бердібек Мәш­бек­ұлының өзі бас болып, бір ғана аудан орталығынан бірер жылда екі спорт залы, екі хоккей және кіші футбол алаңдары салынып, пайдалануға берілді.
Бердекең бастамашы болған «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша елдің үлкен азаматы Шыңғыс Медғатұлы Құт­жанов 70 миллионнан астам қаржы шы­ғарып, тағы да бір зәулім спорт мектебін салып жатыр.
Дәл осындай жағдай ауданның елді мекендерінде ойдағыдай жүзеге асуда. Тоқырау кезеңінің толқынына ұшырап, «жекешелендірудің» жедел қимылы желкелерінен қиып кеткен, тапа-тал түсте талан-таражға түскен ауылдардағы мә­дени ошақтар қайтадан қалыпқа кел­тіріліп жатыр. Мәселен, Құндызды, Қас­қабұлақ, Медеу, Көкбай ауылда­рындағы клуб үйлері қайта жөнделіп, пайдалануға берілсе, опырылып, орны ғана қалған Архат, Саржал, Тоқтамыс ауылдарындағы клуб үйлері мен кітапханалар қайта салынуда.
Жоғарыда жоғары жақтан жөні мен ретін тауып сұрай білудің де үлкен өнер екенін айттық. Мұхтар Әуезовтің 115 жылдығы, Шәкәрім Құдайбердиевтің 155 жылдығы қарсаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тек Абай ауданына ғана 500 млн көлемінде қомақты қаражат бөлсе, соның нәтижесінде аудан орталығында жаңадан өлкетану мұражайы ашылды. Орталық мәдениет үйі толықтай күрделі жөндеуден өткізілді. «Жастар үйі» бой көтерді. Үш қабатты кітапхана кірсе шыққысыз кейіпке келді.
Абай елінің азаматы Ерлан Бәтташ­ұлының тікелей қаражатымен қазіргі заманға сай қайта жөнделіп, пайдалануға берілген екі қабатты қонақ үйі – соңғы бі­рер жылдардың тамаша жемісі.
Асылында, әр әкімнің қызмет істеу қабілеті әртүрлі болады.
Біздіңше, Тұрсынғазы Жантұяқұлы Мү­сә­пірбеков ой мен ақылды қатар ұстайтын, кеудесі кең сарайдай ашық, оқып-тоқы­ғаны мол, іші мен сырты бірдей білікті адам. Ол тоқмейілсуді, тоқырап, тоқтауды көп жақтырмайды. «Болғанның үстіне бола түссе екен, толғанның үстіне тола түссе екен» дейтін жан.
Қасында жүріп, бірге қызмет істемесем де, сырттай аңысын аңдып, барысын бақы­лап жүретін жанашыр ағасы болған­дықтан, байқаймын, ол үнемі ізденіс үстінде отырады. Кәдімгідей шығарма­шылықпен жұмыс істейді. Айталық, Абай ауданының «Қаламқас» халық ансамблінің атақ-даңқы кешегі кеңес дәуірі кезінде де, одан бері де аспандап тұрды. Кең-байтақ елімізді былай қойғанда, көптеген шет мемлекеттердің салтанатты сарайларын әсем сазға бөледі.
Осы ансамбльдің соңғы уақытта біраз тоқырап қалғаны да рас.
«Біздің елде ешқандай өнім өндіретін өндіріс орыны жоқ, біздің байлығымыз –өнер мен спорт» дейді Тұрсекең. Осы сөзді жай ғана айтып қоймай, оны ойдағыдай жүзеге асырып отырған адам да – осы кісі.
Әнші, биші, күйші де қанатты құс сияқты. Оларды кең даланы кездіріп, көк аспанды шарлатып отырмаса болмайды.
Құрамында 70-ке жуық ауыл өнер­паздарын жинақтаған «Қаламқас» халық ансамблі былтырғы облыстық өнер байқауында бас жүлдені жеңіп алса, биыл республикамыздың 20 жылдық торқалы тойына орай, Астана қаласына 100 адам­дық құраммен барып, астаналық­тардың құрмет, қошеметіне бөленіп қайтты.
Ансамбль мүшелерін үнемі жаңа киіммен, музыкалық аспаптармен қамта­ма­сыз етіп отыру мәселесін аудан әкімі бір сәт те естен шығарған емес.
Қашан көрсең, қолында қағаз, қалам. «Мынаны былай істесек, мынаны өйтсек, бүйтсек» деп ақылдастар алқасымен әңгіме-дүкен құрып отырғаны. Бастапқы үлгі, эскиз өзінікі. Келісе келіп, бұзылып, өзгеріп жатуы да мүмкін. Ең бастысы, идея бар. Үнсіз, тым-тырыс отыру жоқ. Идея демекші, ел көсемі әйгілі әз Тәукенің өзіне серік болған Әнет бабаға, әнші жерлесіміз марқұм Жәнібек Кәрменовке де аудан орталығынан ескерткіш салдырған осы адам.
Басқа жақтан бас ұрып, «ақша сұра­ғыш» мамандар іздемей-ақ, жергілікті жер­дегі мүсінші-сәулетші, суретші жігіт­терді жанына жинақтап, Шәкәрім баба ескерткішін салуға да кірісіп кетті.
Қарауылдың басты көшелеріндегі жол жиегінде тұрған әртүрлі аңдардың әсем мүсіндері де – әкім идеясынан туған шаруалар.
Мына барды ұқсатып, жоқтан бар жа­сап жатқан зымыран заманда уақыт көшіне ілесіп, алға қарай аршындап ұм­тыл­масаң, ұтыласың. Өзің ғана емес, ел басқарып отырған соң өзгені де мұқым халықты да «қап» дегізесің!
Көп жылдар бойы қала әкімінің орын­басары болып істеген, небір өндіріс орын­дарының ашылуына да, қалыптасып жұмыс істеп кетуіне де қозғаушы болған Тұрсынғазы Жантұяқұлын «ап» деп Абайға келгеннен бастап осы ой қатты мазалаған.
Оның үстіне, бүкіл республика көле­мінде кең етек алып, өркендеп, өсіп келе жатқан жаңа инновациялық технологияны дамыту үрдісі бүгіннің өлшемінен асып, ертеңгі күннің межесіне айналғалы қашан!
Қарауыл ауылында елді мекен тақия­сына тар келетін шағын завод бар. Кешегі кеңес дәуірінің келмеске кетер тұсында салынып, бірер жылдың шама­сында халыққа қара, қызыл тон кигізіп те үлгерген қазақ пен түріктің бір­лескен заводы «Дери­кар» аталатын. Амал не, жаппай жекешелендіру кезінде ол да қолды бола жаздап, ел азаматы Тасболат Битеновтің табандылығының арқасында қаз-қал­пында сақталып қалған болатын.
Әкім болып сайланғанның ертесінде-ақ соны аралап көрген әкім бірден шешімге келді. «Жұмыс істету керек, малды аудан үшін таптырмайтын орын».
Бірақ қалай?!
Бұрынғы тігін цехы бүтіндей жоқ. Партия тараған кезде, ауданның келе­шегінен үміт үзген түріктер өз қара­жаттарымен әкелген барлық тігін машиналарын алып кеткен.
Хакім Абай бабаның 150 жылдық мерекесіне келген 100 мыңнан астам қонаққа арналған барлық мал осы завод ішінде сойылды.
Сол үрдіспен ауыл азаматтары заводты мал соятын арнаулы орынға айналдырғысы да келген.
Бірақ бұдан да ештеңе шықпады.
Тұрсынғазы малды ауданның жағ­дайын жақсы біледі. Сонау бір кездерде Таскескен ауданының әкімі болып тұрған шағында қойдан өндірілетін өнімді, әсіресе, жүнді кәдеге жарату ісімен қатты айналысқан.
Абай ауданының шаруашылық­тарындағы жүн жетіп-артылады. Өткізетін жері, сақтайтын орыны болмағандықтан, шаруа қожалықтары қыруар байлықты сасытып, сар далаға тастап, қайрансыз­дықтың қамытын киіп жатқан.
Әкім завод иесі, облыстық мәслихаттың депутаты Тасболат Битеновпен ақылдаса отырып, жоғары жаққа хат жолдады. Зауыттың бүгіні мен келешегі жөнінде кең көлемді іс-жоспар жасап, қарыз ақша (субенция) сұрады.
Соның нәтижесінде өмірге жаңа бір өндіріс орыны келді.
Онда қойдан алынған жүнді сұрыптау, жуып, кептіру, байлау технологиясының барлық тәртібі сақталған, болашақта 100 кісі жұмыс істей алатын цех пайдалануға берілді.
Бүгінде оған 35 адам жұмысқа тартыл­ған. Дайындалған жүнді Қытай, Ресей сияқ­ты көршілес елдерге сату мәселесі де қолға алынып жатыр.
Былай қараған адамға осының бәрі оп-оңай шаруа сияқты. Ал түптеп келгенде, қаншама ерік-жігерді, табандылықты талап ететін жұмыстар.
Халыққа қызмет етудің, сол арқылы олар­ға жақындай білудің бір үлгісі де осы шығар...
Абай елінің бар байлығы өнер екендігін жоғарыда айттық. Бұдан 40 жыл бұрын басталған, жыл сайын аудан орталығында өткізіліп келе жатқан «ауыл, мекеме күн­дері» – осы сөзіміздің айқын дәлелі. Бай­қауға әр ауылдан жүзге жуық өнерпаз қатысады. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, солардың ішінен оза шауып бәйге алған­дарына, талабы тасты жарып, таныла білгендеріне аудандық, облыстық қоры­тынды концерттерге жолдама беріледі. Бір сөзбен айтқанда, «Қаламқас» халық ансамблінің жаңа резерві қалыптасып отырады.
Әкім назарынан жергілікті шығарма­шылық иелері де қалыс қалып көрген емес. Мәселен, былтыр ғана аса дарынды ақиық ақын, жазушы марқұм Мерғали Ибраевтың 70 жылдық мерейтойына байланысты облыстық ақындар мүшәй­расы өткізілсе, биыл сол ақынның төл шәкірті республикаға танымал ақын Бауыржан Жақыптың 50-ге келген елеулі мерекесін ел болып атап өтті.
Ақын шашбауын көтерісіп жүрген қазақтың қарымды қаламгерлері Несіпбек Айтов, Ұлықбек Есдәулетов, Рафаэль Ниязбековтерге де лайықты құрмет, қошемет көрсетіліп жатты.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» дей­ді Мұхтар атамыз. Ал елдіктің белгісі-ер мен елдің арасындағы тығыз бай­ланыстан анық аңғарылып жатады.
Жалғыз өнер емес, ауданда спорттың бұқаралық түрлері де жалпы халықтық сипат алып келеді. Себебі жастардың спортпен айналысуына толық мүмкіндік жасалғандығын жоғарыда айттық.
Тұрғындар саны небәрі 4000-нан әрең асатын шағын ауылға екі спорт мектебінің, бірнеше спорт залдары мен футбол, хоккей алаңдарының көптеу болып көрінуі де мүмкін. Бірақ халыққа қажетті нәрсенің қай-қайсысы да ешқашан артық болып көрген емес.
Бұдан бірер жыл бұрын облыс әкімі жүлдесі үшін болып жататын облыстық спартакиадада ауданның құрама коман­дасы қазақша күрестен басқа барлық спорт түрінен ең артта қалатын. Биылғы жылы аудан жастары ортадан жоғары орынға көтерілді. Небәрі 15 мың көле­мінде ғана халқы бар аудан үшін бұл аз көрсеткіш емес. Ат спортынан да, жеңіл атлетикадан да алға басушылық байқа­лады. Абайлық атбегі азамат Аян Жарылғаповтың аттары қазір облыс шабандоздарын шаңға бөктіре бастады. Бұл да болса – көңіл бөлініп, алаң­дау­шылық тудырудың арқасы.
Рас, абайлық палуандардың атақ, даңқы бұрын да, бүгінде бүкіл Алашқа әйгілі.
Бір кездері қазақша күрестен Орта Азияның чемпиондары болған Нығыман Садуақасов пен екі дүркін республиканың түйе балуаны болған Мағау Оразбековтің ізбасарлары қазір әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүр.
Сөз жоқ, бұған аудан әкімінің тікелей басшылығымен жыл сайын аудан орталы­ғында қазақша күрестен өткізіліп жүрген марқұм Мағау Оразбеков пен Манарбек Таутановтардың атындағы облыстық, республикалық жарыстардың жасап отырған ықпалы ерекше.
Жақында ғана абайлық балуан Айбек Нұғымаровтың «Қазақстан барысы» ата­нып, Елбасы сыйлығын жеңіп алуы Абай еліндегі спорттық ахуалдың қандай дәре­жеде екендігін көрсетсе керек. Ауданның әлеуметтік саладағы осындай жетістіктері оның экономикалық дәрежесінің еселеп артуына үлкен септігін тигізуде. Айталық, ауданда 401 088 бас қой-ешкі, 50 161 бас ірі қара, 22 578 бас жылқы, 139 бас түйе болса, жыл сайын олардың барлығын өз төлі есебінен үдемелеп өсіру жүзеге асып келеді. Асылтұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылық саны 37-ге жетті.
Халықты ет, сүт, қымыз тағамдарымен үнемі үзіліссіз қамтамасыз ету жұмысы нақты қалыпқа келтірілген. Мәселен, бір ғана Қарауыл ауылында жас кәсіпкер Ерсін Сармурзин басқаратын мал бордақылау алаңы бар. Мұнда қысы-жазы ірілі-ұсақты мал бордақыланады.
Керек қылған адам кез келген уақытта тапсырыс беріп, төрт түлік малдың қай-қайсысын да қолма-қол сойдырып ала алады.
Алаң жанынан ашылған «Ет, сүт тағам­дары» дүкенінде ауылшаруашылық өнім­дерінің бәрі бар.
«Әкім бол, халыққа жақын бол» деген сөз осындайдан айтылған шығар.
Тұрсынғазы Жантұяқұлының республи­калық аттестациядан ойдағыдай өтіп келуіне тілектес болып, өтіп келіп, қайта сайланғанда да бүкіл аудан жұртшылығы болып қуанып жатуының себебі де – осыдан.
Тұрсекең биыл күзде 60 жасқа толады. Нағыз кемеліне келіп, кең дүниеге Абай­дың көзімен қарайтын кезі. Алда атқа­рылмақ шаруа бастан асады. Істегенінен істемегі көп. Ойындағысының орындал­мағаны басым. Ендеше, адамзат ғұмы­рының талтүсіне тақаған замандас інімізге мол денсаулық, зор бақыт тілейміз.
Жоғарыда Мырзатай ағамыз айтқан қасиетті елдің бағын молайтып, сорын азайту бағытындағы байсалды қызметі­ңізге Алла жар болсын!
Төлеген Жанғалиев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Абай ауданы, Қарауыл ауылы