Анапаның «ақсақалы»

28 маусым 2013, 11:10

Кеңес Одағы тұсында біздің елде спорттық бір-ақ газет болды. «Спорт» деп аталатын апталық басылым екі тілде шығатын. Осы қара шаңырақ спорт саласындағы журналис­тер­дің барлығын дерлік «қара қазанында» қайна­тып, қаламын ұштап, қызмет­те шыңдап, баға жетпес мектепке айнала білді.
Қазіргі орта буын осы қара шаңыраққа Несіп Жүнісбайұлы ағамыз жетекшілік етіп тұрған кезеңде келдік. Кейбіреулер сырт­тай араласып жүрді. Нес-ағаңның екі орын­басары болатын. Қазақ тілі бөлімін ас­қар таудай Сайын Тұрсынов ағамыз бас­қар­са, ал орыс тілі бөліміне Анатолий Пя­ти­братов бас-көз болды.
Жасы 70-тен асқан осы Пятибратов «зам­ды» орыстарға тән өзінің және әкесі­нің атымен атамайтынбыз. Яғни Анатолий Александрович емес, қазақы әдеппен «Ана­толий аға» дейміз. Өзіне де осы ұнай­тын. Қазіргі орыстілді отандық басылым­дар мен телеарналарда абыройлы қызмет етіп жүрген журналистердің көбі осы кісінің тәрбиесінен өткен. Анатолий аға қаншама жас тілшіні баптап, бағыт-бағдар беріп, журналистика майданына қосты?! Жастарды баласындай өбектеп жүретін. Ұлтына қарамай, асты-үстіне түсіп, бәйек болып жататын. Тек қана журналистер емес, корректорлар, бет қаттаушылар мен дизайнерлер де осы кісінің қамқорлығын көп көрді. «Максатик», «Бахулия» деп шайла­рына дейін қайнатып, кәмпит-тоқашын ал­дарына тосатын.
Бұл кісінің еңбек жолы бүкіл КСРО-ны қамтыды. Чукоткада да, Колымда да, Қыр­ғызстанда да, Өзбекстанда да еңбек етіп, табысты да абыройлы карьерасының соңын «Спорт» газетінде түйіндеді. Зей­нет­ке шыққан соң, қазақ топырағын қи­май-қимай ұлы Сергейдің қолына көшті. Ұлы анапалық қызға үйленіп, Ресейде тұрып жатқан. Анатолий аға зейнетке шыққан соң, әке-шешесін қояр да қоймай Анапаға көшіріп әкетті.
Ал Анатолий аға әлеуметтік желі ар­қы­лы Қазақстандағы шәкірттерімен, дос-жа­рандарымен әлі байланысып тұрады.
– Кейде өмірдің өзі тосын сыйымен қуан­тады... Бірде Қара теңіз жа­ға­лауында­ғы курортта серуендеп келе жатқанмын. Бір кезде құлағыма таныс сөздер келіп жет­ті. Тұрып қалдым. Иә, иә, біреулер қа­зақ­ша сөйлеп жатыр. Аңтарылып, айна­лама қарадым. Сөйтсем, бір топ жас ба­ла­лар бірін-бірі қуалап ойнап жүр. Көзім жанып кетті. Қазақтың балалары! Сездір­мей, оларға жақындадым да, қазақша аман­дастым. Олар маған жалт қарады. Бәрі аң-таң. Мен оларға Алматыдан көшіп келген жерлестері екенімді айтып, түсін­діре бастадым. Олар Қара теңіз жағасын­дағы саяжайда екі апта жатты. Астанадан жолдамамен келген оқушылар екен. Күн­де барып, жетекшілерімен де, өздерімен де сөйлесіп, араласып, мәре-сәре болып жүрдім. Бір жасап қалдым, – деп жазады бір хатында...
Сездірмейді. Әйтсе де Анатолий аға­ның әсем Алматыны сағынып, сыйлас дос­тарын ұмыта алмай жүргенін сеземін. Ана­паға көшерінде маған:
– Жасым ұлғайған сайын «иығыма қа­зақ­тың оюлы шапанын жауып, басыма мұ­рақ кигізер күн туар ма екен» деп арман­дай­тынмын. «Спорт» газетінің 50 жылдық мерейтойында сол арманыма жеттім. Спорт агенттігінің басшылары Сайын аға екеуміздің иығымызға шапан жапты. Қа­зақтың осы бір үлкен сый-құрметі мені қат­ты тебірентті. Сол шапанды бағалы дүнием деп қастерлеймін. Өзіммен бірге Анапаға алып кетіп барамын, – деген еді.
Қазір Анатолий ағаның төрінде ілулі тұрған қазақы шапаны екеу болыпты. Биыл жаз Алматыдан Анапаға барған бір досы қазақтың оюлы шапанын алып ба­рып, сыйға тартыпты. Сол шапанды киіп алып, ақкөңіл Анатолий ағамыз арлы-берлі суретке түсіп, әлеуметтік желілердегі парақшаларының бәріне салып қояды. Сол суреттердің астына пікір жазғандар көп болыпты. Солардың ішінде қазақстан­дық­тардың «Нағыз ақсақал», «Анапаның ақсақалы» деген сөздері өзіне қатты ұнап­ты. Соны айтып телефон шалып, жас ба­ла­ша мақтанды.
Жас журналистерге үлгі болсын деп мына бір жағдайды жазғым келіп отыр. Анатолий аға 80-ші жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне қарасты Спорт және денешынықтыру комитетінің төрағасы, марқұм Аманша Ақбаевтың көмекшісі болып қызмет істейді. Фрунзеден (қазіргі Бішкектен) Алматыға ауысып келген шағы. Жұмыс көп, бірақ жалақысы аз болыпты. Сәл кейінірек жалақысы тәуірлеу жұмысқа шақырған екен, Аманша Сейсенұлы жі­бер­мепті. «Білемін, екі бірдей жоғары білі­мің бар, ілімің де жоғары. Жұмысқа өте тия­нақты әрі жауаптысың. Әзірше маған көмектесе тұр. Жақсылығыңды ұмытпай­мын. Қолымнан келгенінше көмектесемін» деп, жібермей қойыпты.
Содан бірде Аманша Ақбаевтың Қа­зақстан Компартиясының Орталық Ко­ми­тетінің пленумына баяндама жасауы керек болады. Анатолий аға екеуі барлық де­рек­тер мен құжаттарды жинап алып, ақыл­дасады. Мазмұнын түзеді, мәтінін жоспарлайды. Ал баяндаманы Анатолий аға жазып шығады. Сол баяндаманы Аман­ша Ақбаев Орталық Комитеттің пле­ну­мында оқып шыққанында, Дінмұхаммед Қонаевтың өзі басын шайқап:
– Тамаша. Спортта да осындай шығар­ма­шылықты негіздегі өте білімді адам жұмыс жасайды деп ойламаппын, – деп сүйсініпті.
Көп ұзамай, мүмкін іле-шала деуге бо­лар, Анатолий аға Орталық Комитеттің ап­паратына ауыстырылады... Өзі жалғыз емес, Спорт комитетіндегі бір бөлімнің бас­шысы Сергей Рыжков екеуі жоғары­лай­ды (Өздеріңіз білесіздер, С.Рыжков қазір ҚР ұлттық лотереясының бас дирек­торы).
Яғни (жастарға айтарымыз) спорт са­ла­сында да жүріп, үлкен қызметке көте­рі­луге болады. «Алмас қылыш қап түбінде жатпайды» дегендей, білімді адамдардың көзге түспей жүре беруі мүмкін емес.
Ал Анатолий аға туралы таңды-таңға ұрмасақ та, ұзақ жазуға болар еді. Ол кісі – кішіпейіл, қарапайым, ізетті, мәдениетті, ерекше жан. Бірақ біз осымен доғарайық. Екі жоғары оқу орнын бітірген Анатолий аға Қазақ ұлттық университетін бітіргенін мақтан тұтады. Сый-сыяпаттан, диплом-төсбелгіден кенде болмаған Анатолий аға қазақтың ұлттық шапанын қадір тұтады. Қазақ спорт журналистикасының атасы Сейдахмет Бердіқұл ағамызды айрықша құрметтейді.
– Алыстағы менің балаларым мен немерелерім де Бердіқұловты жақсы біледі, құрметтейді. Өйткені төрімнің көрнекті жерінде аспан түстес көгілдір диплом айқара ашық тұр. Онда Қазақ­станға кеңінен танымал тұлғаның атын­да­ғы сыйлықтың лауреаты екені алтын түстес жарқыраған әріптермен кестелеп жазыл­ған. Өзім де, ұрпағым да қазақ спорт жур­на­листикасына елеулі, ғажайып жанның атындағы сыйлықтың лауреаты екенімді мақтан тұтамыз, – дейді.
Міне, біздің ақкөңіл Анатолий аға ос­ын­дай жан. Дәл қазір «Анапаның ақ­сақа­лы» атанғанына мәз. Ол кісіге одан ар­тық сый-құрмет жоқ секілді. Орденнен де, ме­даль­дан да қазақтың шапаны артық болып тұр.