Кереку өңірінің мәдениет саласы қызметкерлері Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған іс-шараларға дайындық жұмыстарын бастап кетті.
Бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылатын кешенді жұмыс Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен қатысушылары, сондай-ақ тыл еңбеккерлерін әлеуметтік қорғау, мерейлі датаға орайластырылған салтанатты шаралармен негізделмек. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы тақырыбын арқау еткен «Боздақтар», «Жеңімпаздар» сынды кітаптар жарық көрмек. Облыстық мемлекеттік мұрағат қызметкерлері Украина, Беларусь және Ресей Федерациясында қаза болған қазақстандық сарбаздардың жерленген орнын анықтау бойынша жұмыстарын жалғастырмақ. Даңқ алаңында өңірімізден аттанған 46 мыңнан астам сарбаздың есімдері жазылған панорамалық ескерткіш бой көтермек. Айта кетерлігі, осы уақыт аралығында соғысқа қатысқан ардагерлердің баспаналары толықтай барлығы жөндеу жұмыстарынан өткізілмек.
Халел ӘКІМХАНОВ, Павлодар облыстық мұрағат және құжаттама басқармасының бастығы:
– Қазіргі таңда аймақ мұрағатшылары «Жеңімпаздар» атты кітапқа тың материалдарды іздестіруде. Бүгінгі күнге дейін соғыста Отан қорғаған 2,5 мың жерлес азаматтың құжаттары жинастырылған. Осыған орай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және облыс тұрғындарын бұл іске атсалысуға шақырамын. Егер сұрапыл соғыс жылдарында майданға аттанып, елімізді қорғаған жандардың құжаттары табылып жатса, мұрағатқа тапсыруларыңызды сұраймын. Бабалар алдындағы ұрпақ парызын бірге өтейік!
Ардагерлер алдындағы ұрпақ парызы
03 шілде 2013, 12:50
