Бақытжанның бас сабағы – Бауыржанның қас-қабағы

05 қазан 2013, 13:10

Осыдан дәл бiр жыл бұрын қазақ халқының даңқты перзентi Бауыржан Момышұлының жар дегенде жалғыз ұлы, белгi­лi жазушы Бақытжан Момышұлының көңiлiн сұрауға бардым. Кiреберiсте қарсы алған жазушының жұбайы Зейнеп Ахметова: «Кеше ауылдан қарындастары келiп едi. Көңiлiн сұрау үшiн... Оларды танымады... Қиын боп тұр.., – деп көзiне жас алды.

Әкемнің күлкісі
(әңгімеден үзінді)
...Мен әрдайым сенің күлкіңді аңсаймын. Сенің күлкің сараң да сұсты, мысқыл аралас мейірімді күлкі, бірақ ол ешқашан жылусыз немесе жасанды болған емес. Ал сен өз күлкіңнің сондай керемет әрі жүрекке жылы тиетінін білмейтін де боларсың. Мен өмірден қиындық көріп, көңілім сырдаң тартқан шақтарда әрдайым сенің күлкіңді аңсаймын. … Жылдар өтті, ал менің түйсінгенім – сенің күлкің тек мені ғана жылы шуағымен баурамаған екен.
Жұрт сені тек сұсты кейіпте ғана көреді, сондықтан олар ішкі жан дүниеңді білгісі де келмейтін болар? Бірақ тау тасындай қатал адамнан мейірім күту де қиын ғой. Сенің күлкің жайлы білген соң олар өзіңді бұрынғыдан да гөрі іш тартады. Ал сенің күлкің, батырым, жан сарайыңның әлсіздігінен емес, мөлдір мейірі­мің­нің молдығынан деп білемін. Мейірім бәрінен де күшті.
Адам барлық уақытта жек көре алмас, бірақ ол ешқашан да сүйіспеншіліксіз тұра алмайды. Сен үлкен жүректі адамсың. Сенің жүрегің батылдыққа толы, адам қайғысы мен мұңына әрдайым ортақ.

Бақытжан Момышұлы

Бiрақ Бақытжан аға менi таныды. «Ба­қыт­бек...» деп, еттен арыған саусақтары­мен қолымды қысыңқырап, «дүние астан-кестен болып кетті ғой, қалайсың көкем, жарығым көрінбей кеттің ғой, келіп тұр­саң­даршы»,– деген. Ол кісі маған ылғи да осылай айтатын. Батырдың бел баласының қуарған жүзінен, қайғының ізін көрсем де, көңілі бұзылмады. Құдайына түзу адам ғой, шүңірейген көзінен қимастық сезілсе де, босамады, тез есін жиып алды. Туған-туыс­тары есі кіргеніне аң-таң. «Парламент­те не болып жатыр, екі күн болды теле­ди­дар көре алмадым».
Бақытжан аға мұның алдында да талай рет сенім хат беріп ескерткен болатын, осы жолы да мына мәселенi есiме салып жа­тыр. Елiмiзде Бауыржан Момышұлына қа­тысты түрлi шаралардың өткiзiлетiнi белгiлi ғой. Мiне, осы шараларда Бауыржан Мо­мыш­ұлының аты мен затына қатысты рә­мiз­дер мен белгi-бедерлердiң (медаль, бел­гi, таңба және т.б) қатесiз жазылуын, ол­ардан қате кет­пеуiн қадағалауды тап­сырып, «Осы ша­ралардың бәрiне де өзiң бас-көз бол!» де­ген-дi. Осыны тағы да есi­ме салды.
Сол күнi Оралға жүрiп кеттiм. Оралға бар­ғаннан кейiн «Бақытжан Момышұлы қай­тыс болды» деген суық хабар да жеттi...
Бақытжан Момышұлының жазушылы­ғы мен аудармашылық өнерi жайында аз жа­зыл­ған жоқ. Бұлардың бәрi де Бақытжан Мо­мыш­ұлының шығармашылығын өте жо­ға­ры бағалайды. Оның шет жағасын өзiм де көр­дiм. «Мен көрген соғыс» деген кiтабым жа­рық көргеннен кейiн осы кiтап­ты орыс­шаға («Вой­на, которую видел я») Ба­қытжан аға аудар­ды. Оқығандардың «Мен көрген со­ғыс» пен «Война, которую видел я» кiтап­та­рын салыс­тырғанда ме­­нікі­нен Бақытжан аға­ның сөзi озыңқырап тұратынын байқай­ты­нын айтатын. «Аудар­ғаннан кейiн осылай оз­ды­рып аудару ке­рек қой!» дейтiн iштей риза бол­ған­дар.
Бақытжан Момышұлы жазушылығы­мен, аудармашылығымен қатар, жан-жақ­ты, үлкен эстет, аса бiлiмдi тұлға едi. Менiң жеке басым­ды, әсiресе, тәнтi еткенi – Бақытжан Мо­мыш­ұл­ы­ның өзiнен бұрын әкесiнiң абы­ройын ойлайтыны едi. Бiрде үй туралы әң­гi­ме болып қалды. «Жоғары жақ­қа барып, неге үйдi ке­ңейтiп алмай­сыз?» дедiм Бақыт­жан ағаға. «Мен сол се­нiң жоғары жағыңа бар­сам, олар «Бақыт­жан Момышұлы келдi», «Бақытжан үй сұ­рап келдi» демейдi, «Бауыр­жан Момыш­ұлы­ның баласы үй сұрап жүр» дейдi. Сон­дық­тан да бұл жерде қанағат ету­ге тура ке­ледi. Әзiрше осы үй де жетедi...» де­дi Ба­қытжан аға.
Әкенi сыйлау, әкенi қадiрлеу осындай-ақ болар, Бақытжан Момышұлы мына өм­iрден әкесiнiң даңқы мен атақ-абыройына қылау­дай дақ түсiрмей өттi. Даңқты, атақ­ты, абы­рой­лы адамның баласы қандай болуы ке­рек? Бақытжан Момышұлы аға­мыз осы са­уал­ға өзiнiң өмiрiмен, өзiнiң өне­ге-үлгiсiмен толық жауап берiп кеттi ғой деп ойлаймын.
Қазiргi күнi атақты адамдардың то­йым­сыз, қанағатсыз, сұрамсақ ұл-қызда­рын көр­генде, ойыма ылғи да Бақытжан аға ора­лады. Бақытжан ағаның қанағат­шыл­дығы еске түседi...
Салмақты да, саңлақты Бақытжан аға­ма мен қарыздармын деп ойлаймын! Ке­зінде, 70-ке толған мерейтойында Н.Нығ­матулин­нің құттықтау қағазын тапсырған­да мына өл­еңді оқып беріп едім.
Әрбір ісі үлгісіндей рухтың,
Батыр Баукең ақтық сапар алдында,
Бақытжанды шақыртыпты алдына:
«Балам, мені білесің,
Тексіздікпен өтті бүкіл күресім.
Ең ақырғы аманаты еді деп,
Есіңе алып жүрерсің.
Қол жаюмен ешқашанда келмейді
Тағдырыңнан алатұғын үлесің.
Пайдаланба әке даңқын ешқашан,
Қош бол, балам, бәріңменен қоштасам.
Менің арым – ары еді ғой Алаштың
Арым үшін ажалменен таластым.
Өзімдей бол, бола алмасаң, құлыным,
Деп мақтанба Бауыржанның ұлымын.
Үмітімді алға қарай тарт күнім
Тым болмаса, тартсын маған мәрттігің.
Кірлемесін десең менің ар-үнім,
Еш адамнан ешбір нәрсе дәметпе,
«Бауыржанның ұлы едім» деп, жарығым.
Жоқ болса да, жоқ деп айтпа, жылама,
Төбеңде тұр бір Алла.
Қажет десең Алладан да сұрама,
Кімнің қабыл, кімнің теріс тілегі
Кімнің қара, кімнің таза жүрегі,
Кімге беред, кімге бермейд,
Алла өзі біледі» –
Деп Бауыржан сәл жымиып, күледі.
Ресейге қосылғанын мәңгіге
Бодан елі тойлап жатқан күн еді.
Қосылғандар берсін деді қосыла,
Мен кеттім деп о дүниеге жөнелді.
Баукең құсап артық туған асыл ұл,
Бір ғасырда өмірге бір келеді.
Баукең құсап тектілікті ту етіп,
Баукең құсап өледі.

Бақытбек СМАҒҰЛ, ҚР Парламенті Мәжiлiсiнiң депутаты, Ауған соғысы ардагерлер ұйымдарының «ҚАЗАҚСТАН АРДАГЕРЛЕРІ» қауымдастығының төрағасы