Ерлан Мұқаи: Әкем Құдайдан екі жыл өмір сұрады

30 наурыз 2013, 10:42

Жазушы,  драматург, бас редактор, азамат Баққо­жаны көпшілік біледі. Бірақ айдың арғы беті жұмбақ. Ел таныған жазушының жеке өмірі оның отбасына ғана мәлім. Әке ретінде бір үйлі жанның панасы, қарапа­йым азамат ретінде қандай еді деген сауалдың оқыр­мандарды қызықтыратыны мәлім. Біз Баққожа Мұқаи­дың 65 жылдық мерейтойы қарсаңында жазушының ұлымен жолығып, әкесі жайында әңгімелескен едік.
– Әкемнің шығармашылығы жайында айтуыма болады. Бірақ оның қабылдануы қиын. Өйткені мен, біріншіден, сыншы емес­пін, екіншіден, баласы болғаннан ке­йін мақтайтыным анық. Жалпы, мақтауға әкемнің шығармашылығы мұқтаж емес деп ойлаймын. Дегенмен оның шығарма­шылық тәсілімен, сол сәттердегі көңіл күйі­мен бөлісе аламын. Әкем кез келген шы­ға­р­­масын ұзақ жазған емес. Кейбір қа­­л­а­м­­герлер күнделікті бір беттен, екі беттен жылдар бойы жазады ғой. Әкем болса айлар бойы, кейде үлкен шығарма болса, жылдар бойы миында пісіріп жүре­тін. Әрине, қайсыбір ойларын ұмы­тып қалмас үшін дәптерге түртіп қоятын. Әбден піскенде барып жазу үстеліне отыратын. Ол кезде бәрін жиып қойып, сонымен ғана айналысатын. Көбінесе түнде жазатын еді. Тыныштықты қалайтын. Біз ондай кезде мазасын алмауға тырысып, бар жағдайын жасайтынбыз. Айналасы бір ай, екі ай дегенде үлкен шығарманы жазып бітіретін. Ал пьесаны жылдам жазатын. Санасында жасалған пьесаның нұсқасын ары кетсе бір аптада қағазға түсіретін. Кейде тіпті бір түнде жазған да кездері бар. Ондай жағ­дайдың куәсі да болғанмын. Ауырып жүрген кезінде Германияның Гамбург қаласындағы медициналық орталықта жатқанбыз. Бір күні түнде қатты қиналды. Ұйықтап жатып сөйледі. Бір кезде оянды да: «Мен түс көрдім. Сен шаршадың ғой, барып демал», – деді де, жазуға отырды. Ертесі күні түсте келсем, 25-30 беттік пьеса­ны жазып тастапты. «Террор» деп атын да қойыпты. Бірақ ол шығармасы әлі жарық көрген жоқ. Сол алғашқы жазылған күйінде тұр. Жазып біткен соң араға уақыт салып барып үстінен бір қарайтыны бар еді. Мұны түзетіп үлгермеді.
– Көп түзейтін бе еді?
– Жоқ, көп түземейтін. Бірақ таза па­рақ­қа көшіргенде кейбір жерлеріне өзге­ріс­тер енгізіп, кейбір сөйлемдерді қайыра жазатын. Содан кейін барып қана анамыз­ға бастыратын.
– Өзі баспайтын ба еді?
– Өзі де басатын. Ескі машинкасы бар болатын. Сонымен жасырақ кезінде өзі ба­сып отыратын. Кейіннен көбіне анамызға тергізіп жүрді. Жазғанда әуелі міндетті түрде қаламмен жазатын. Өзгелер сынды бірден машинкаға тергізген кезі жоқ. Ма­қа­ланың өзін қағаз бетіне қаламмен түсі­ре­тін.
Шығарманы жазып біткеннен кейін ерек­ше көңілді болатын. Кейде жазбақ болып жүрген шығармасының сюжетімен бөлісетін. Бірде жетім балалар туралы шығармасын жазарда солай алдын ала айтып бергені бар еді.
– Енді өзіне келейікші. Жалпы, сіз­дің ұғымыңызда әкеңіз қандай адам?
– Өзіне келсек, ол өте күрделі адам болды. Біржақты сипаттауға келмейді... Ол кісінің жалпы болмысы жайында әріптес­тері, қаламгерлер қауымы да аз жазбады және әрқайсысы әртүрлі жазды. Содан-ақ әкеміздің қандай адам болғаны белгілі. Мен оның өте балажан болғанын айтқым келеді. Көшеде жүрген балаларды тоқта­тып алып, солармен әңгімелескенді ұната­тын. Тілдерін қызықтайтын. Өзінен үлкен кісілермен де жақсы араласты. Әзілдес­кен­ді де жаны сүйетін.
– Бала-шағасына қалай еді? Қатал­дау болды ма?
– Кенжелеріне жұмсақтау болды. Үйдің кішісі саналатын екі қарындасыма бар мейірімін көрсетті. Ал үлкен қарындасым екеумізге қаталдау болғаны рас. Талабы да күшті еді. Мектеп жасында да, студент кезімде де, тіпті кейінгі қызмет істеп жүрген уағымда да ақыл-кеңесін айтудан жалық­пады. Бірер жыл қызмет бабымен сыртта болдым. Сол кездерде Алматыға келгенім­де таңға дейін әңгімелесетінбіз, сырласа­тынбыз. Кейде психологиялық қиын сұрақтар қоятын. Сөйтсем, соның барлығы тәрбие екен. Әр нәрсеге дайындығымды тексереді екен ғой. Мен ол кісінің қасында өзімді ешқашан еркін ұстамайтынмын. Ақыл айтудан жалықпады. Нақты ғылым­ға, еңбекке тәрбиеледі. Егер мен бір биікке жетсем, осының бәрі әкемнің арқасы деп білемін. Әкемнің еңбегі дегенде, ол мені таныстарына айтып жұмысқа орналас­тыр­ды деген ойды айтып отырған жоқпын. Тәрбиесімен осы жағдайға жеткізді.
Тағы бір қызығы, кез келген ақынның, жазушының баласы әкесіне еліктеп, жазуға құмартады ғой. Мен де әкеме ұқсап жазу­шы болғым келді. Бірді-екілі дүниені жазбақ та болдым. Әкем бірден тыйып тастады. «Жазушы болу үшін, біріншіден, Алладан берілген қасиет болуы керек. Екіншіден, ауылда өсу керек. Қазақтың жан дүниесі, болмыс-бітімі ауылда. Қала­да өсіп, қазақ жазушысы боламын деу бе­кер», – деді. Сол ұстанымынан таймай, мені де, басқа балаларын да ғылымға бағыт­­тады. Неге екенін білмедім, ғалым­дар­мен араласқан­ды жақсы көретін.
– Әкеңізді алғаш қашан көрдіңіз десем, сұрақтың астарын түсінетін шы­ғарсыз?
– Бұл сұрақты ешқандай астарсыз қойсаң да болады. Алғаш есте қалған кезін сұрап отырған боларсың. Мен осы Алматы қаласында дүниеге келдім. Арада көп ұзамай анамыз екінші балаға аяғы ауыр болғанда мені ауылдағы әкесіне апарып бер­ген. Өйткені ол кезде әкем мен шешем пә­тер жалдап тұрыпты. Мен атам мен апам­ның қолында өстім. Беске келгенде мені алып кетті. Алматыға келе жатып та, кел­ген­нен кейін де сол атам мен апамды сағы­нып, іздейтінмін. Ертең келеді деп ал­дай­тын. Мен Алматыға келген соң, әкем­нің жұмыс бөлмесінде ұйықтайтын­мын. Кейде түннің бір уағында оянып кеткенімде қа­расам, әкем жазу жазып отыратын. Бөл­менің іші көк түтін болып тұратын. Темекі ше­гіп отырып жазатын еді. Әкемнің алғаш­қы бейнесі дегенде осы есімде қалыпты.
– Енді соңғы көрген сәтіңізді айт­саңыз...
– Мен ол кезде басқа қалада қызметте едім. Әкем «ауырып жүрмін» дейтін. Кейін ауруы күшейе бастағанда жұмыстан рұқсат алып, әкемнің жанына келдім. Қаралды, тексерілді. Сол кезде қорқынышты ауру­дың шеті шықты. Жұмыс та, басқасы да жайына қалды. Әкемді емдетудің ұзаққа созылатынын білдім де, жұмысымнан бірер айға рұқсат алдым. Шетелге барып емделсе, жазылып кетер деп үміттендім. Соның ретін қарастырдым. Ол да оңай емес екен. Таныстарымның көмегімен жо­лын таптым. Бар жиған-тергенімізді алып, Германияға бардық. Сол кезде әкем екеу­міздің арамыз жақындай түсті. Бұрын оқу, жұмыс дедік, бірде анда, бірде мында кеттік. Әкем де өз жұмыстарымен жүре бе­ретін. Басқа әкелер мен балалардың ара­қатынасы қалай болса, біздікі де сондай еді. Ал әкем ауырған күндерде  біз етене жақындадық. Әр сағатты бірге өткіздік. Қауіптің не екенін анық түсіндім. Сол қауіп маған біраз нәрсені түсіндірген сияқты. Әкемнің бойындағы өліммен күрестің бас­талғанын  көру маған соншалықты ауыр еді. Германияға барғанымызда, олар «екі-үш жыл өмір сүруге мүмкіндік бар» деді. Соның өзіне іштей тәубе дедік. Өйткені мұндағы дәрігерлер екі ай өмірі қалды деген. Әкем үміттенді. Өзі де оптимист адам еді ғой. Мұндай жағдайда адамның жанында ең жақын адамы болады ғой. Мен болдым жанында. Екеуміз ұзақ әңгімелестік. Кейде жастық шағындағы қызықтарды айтады. Сол күннен бастап бір жылға жуық жанында жүрдім. Бұрын да жақсы көретінмін, сағынатынмын. Мықты жазушы екенін білетінмін. Ал өмірінің аз қалғанын түсінгенде басқаша қарай баста­дым. Өмірінің соңғы сағатында жанында болдым. Түні бойы қатты қиналды. Таңның атуын күтті. Соңында сөйлеуден қалды. Бір кезде белгі беріп, мені жанына шақырды. Мен жақындап еңкейгенімде, бар күшін жинап, қолымды қысып, құлағыма сыбыр­лады. «Қарындастарыңа қара, ешкімді ренжітпе» деді де, құшағымда жатып, соңғы демін алды.
– Өмірмен қош айтысу оңай емес. Дегенмен Баққожа ағаның ажалды сабырмен қарсы алғанын естіп едік. Досы Жақау Дәуренбековке жазып қалдырған қолтаңбасы да көп нәрсені аңғартса керек...
– Иә, ол аз өмір сүрдім деп қапа­лан­ған жоқ. Тек қана кенже қызы Маржанның тойын көрсем деп, ойында жүрген үлкен шығармасын аяқтай алсам деп армандады. Ең үлкен арманы да, өкініші де осы еді. Сол екі аңсары үшін Құдайдан екі-үш жыл өмір сұрады. Кейде сол ойындағы шығармасын «неге ертерек жазбадым» деп қапа болып отыратын. Ал былайынша, тәубасынан жа­ңыл­мады. «Алпысқа жеткен де бар, жетпе­ген де бар, кешегі Сағаттар жетпеген жасқа мен келдім, жаман өмір сүргенім жоқ, жаз­ған шығармаларым оқырманына жетті, жазушы ретінде мойындалдым» деп, өзін-өзі жұбатып отыратын. «Бұған да шүкір» деп қоятын. Философиялық ойларға са­лы­нып кетті. Кім біледі, мұндай жағдайда барлық адам сөйтетін шығар. Әйтеуір ажалдың жақындап қалғанын, өзіне қарап тұрғанын сезді. Бірақ ол шығармаларының өлмейті­ніне сенді. Осындай жағдайда өлім де соншалықты қорқынышты емес болар. Әри­­не, жарық дүниені, бала-шағаны қиып кету оңай емес. Әкем де осы жағынан қиналды деп ойлаймын. «Аз еңбек сіңірген жоқпын. Енді осы еңбектерім ұмытылып кетпесе екен. Бізде мықты-мықты жазушы­лар болған, бірақ олардың көбі ұмыты­лып кетті. Мені ұрпақтарым ұмыттырмаса екен» деп тіледі. «Егер менің шығармала­рым ұмытылмаса, менің өмірімнің жал­ғас­қаны. Сендер жақсы жүріңдер, әкеле­рің­­нің атына кір келтірмеңдер, мен сен­дер­ге жақ­сы фамилия жасап бердім, енді осы абы­рой­ға кір жуытпай, таза ұстаң­дар» деп аманатын айтты. Оның өлімге бұлай мо­йын­сұнуын саналы түрде өзін сабырға шақыруы деп білемін. Болмаса ол өмірге соншалық құштар еді. Үміті де зор еді. «Дә­рі­герлер не деді, сараптаманың қоры­тындысы қалай екен?» деумен болды. Шын мәнінде, күні жақындағанын білген­де осылай жасауына тура келді.
Өмірмен қоштасуына санаулы күндер қалғанда әке-шешесіне арнап жүз қаралы адамға ас берді. Бірақ сол асты әкесінің 100 жылдығына арнап бергенімен, бір шетінен жақын-жуықтарының басын қо­сып, қоштасып қалғысы келгендей де бол­ды. Сол күні жиналған жұрттың бәрі таң­ғал­ды. Өйткені оған дейін әкем ауырға­нын көп адамға білдірмеген еді. Өзінің ауырған қалпын жасырғысы келді ме, соңғы күнде­рінде мүлде телефонға да жауап бермей, ешкіммен байланыспай, жатып алды. Азың­­қыраған жүзін көрсетуге арлан­ған шығар. Өзі сымбатты, интеллек­туалы жо­ға­ры адамның жұртының көз алдында сол бұрынғы бейнесінде қалғысы кел­гендіктен осылай еткені анық. Намыс­қой еді. Әйтпе­се онымен қоштасып қалғы­сы келген әріп­тестері де, туыстары да көп еді.
– Енді әңгімемізді басқа арнаға бұрсақ. Тұңғыш ұлын әкесі мен шеше­сінің бауырына салып берген ағамыз өзінің тұңғыш немересіне қалай қара­ды екен?
– Ол кісінің тұңғыш немересі менің тұңғыш қызым ғой. Әкем қызымды өте жақсы көрді. Қызым да әкем десе, құрақ ұшатын. Және екеуі  бір-біріне қатты ұқ­сай­ды. Қазір қызым әкемді есіме салып тұрады. Түрі, қылықтары, сөйлеген сөз­дері, бәрі аумай қалған. Ұйықтап жатқанда сыртынан қарап тұрамын. Ұйқысына дейін ұқсайды. Сырт келбеттері ғана емес, жан дүниелері де бір-біріне келе ме деймін. Әкемнің бойындағы жазушылық талант балаларына берілмегенімен, сол немере­сіне қонған сияқты. Ол да қазір шама-шарқынша қолына қалам алып жүр. Бірер жыл қызмет бабымен Еуропада тұрғаны­мызда ағылшын тілінде жазған шығармасы үздік деп танылды. Және қолынан кітап түспейді. Өте көп оқиды. Ол да сол – ата­сы­ның берген тәрбиесі. Қызым, негізінде, өз қолымда тұрды. Бірақ атасы демалыс басталысымен алып кететін. Барлық дема­лысын атасының жанында өткізді. Атасына жақын болып өсті.
– Әкеңіз сіздің жазушы болуыңызға қарсы болды. Ал сіз қызыңыздың қалам ұстағанына қалай қарайсыз?
– Егер қолынан келіп жатса, қарсы емес­пін. Жазушы, журналист болып жатса, әкемнің жолын қуғаны ғой. Онда қуанған­нан басқа не деймін. Әкем маған қарсы болғанда, қабілетіме қараған шығар деймін. Ал қызымның бойында сол қасиет бар деп ойлаймын.
– Сіз қай тілде білім алдыңыз?
– Ол кезде Алматыда қазақ мектебі қазіргідей көп емес, санаулы болатын. Әкем ұлтжанды азамат болғандықтан, бізді қанша қиын болса да, сол қазақ мек­тебінде оқытты. Тілімізді, мәдениетімізді сүюге тәрбиеледі. Соның жемісі ғой, бір­не­ше жыл шетелде жүрген кезімде де дінімді, тілімді ұмытқан жоқпын. Балала­рым да бірнеше тіл біледі және қазақ тіліне деген құрметтері ерекше.

P.S.
Әңгіме барысында мен жазушының ұлынан әкеге деген үлкен сағынышты сезінгендей болдым. Шыққан әр биігін әкесімен байла­ныс­­тырады. Ол Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінде салық төлеушілер басқармасын басқарған. Kazakhstan Engineering және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компанияларында қаржы-экономика вице-президенті қызметін атқарған. Голландиядағы Royal Dutch Shell даму жобалары бойынша қаржы директорының орынбасары болып жұмыс істеген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, физика-математика ғылымдарының кандидаты. Erasmus университетінің (Голландия) басшылар дайындайтын халықаралық МВА жобасын тәмамдаған. Бірақ оның жалғыз мақтанышы – Баққожа Мұқаидың ұлы» деген аты.


Армансыз
Ана жылдары көпшілік оқырман жазушы ретінде білетін Баққожа Мұқаидың адамдық, азаматтық болмысын кеңірек танудың сәті түскен еді. Өзі басқаратын «Парасат» журналына жұмысқа қабылдаған. Дәл сол күндерде қаламгердің жалпы болмысын кеңірек тани түскендей болдық.

Бұрынырақта қаламгер қауымның ара­сында, әдеби ортада мойындалған жазу­шы екенін білетінбіз. Шығармалары да оқырмандар тарапынан қызу қолдау тап­қан. Бір сөзбен айтқанда, әдебиеттегі тұ­ғыр­лы тұлға екенінен хабарымыз бар-тын. Ендігі жерде жазушының басшы ретіндегі мінезімен бетпе-бет келдік.
Алғашқы күндерде-ақ «Өмірзаяның» авторы үшін мына өмірде ешнәрсе зая кетпеу керек екендігін білдім. Жұмыс кесте­сіндегі әр минутың үшін жауап беруге тура келетін. Кейде жарым сағаттық кешігу­лер, енді бірде жұмыс уақытында бір жерге барып келу, кейде ертерек шығу дегендер болып тұрады емес пе? Сондай кездерде қиналып қалатын едік. Тәртіп мәселесіне қатты қарайтын. Ал шығарма­шы­лықтағы тым талапшылдығы тағы бар. Өзі айына бір шығатын журнал болған соң, асығыстық деген мүлде болмайды. Екі-үш күн мақа­лаңды жазасың. Үстінен тағы бір қарап алғаннан кейін ұсынасың. Алып қалады. Оқып біткен соң шақырады. Қолыңа ұста­та­ды да: «Шикі», – деп бір-ақ ауыз сөз айтады. Шығып кетесің. Пісірген­дей қылып қайта кіресің. Жарты сағат, бір сағаттан соң шақырып алып: «Әлі де шират», – дей­ді. Несі шикі, не жетпейді не­ме­се несі ар­тық, тағы не қосу керек деген сынды сұрақ­тардың жауабын өзің тауып ал. Ләм-мим демейді. Айтса, арман жоқ. Өзің ойлаған­дай етіп жазып келесің. Әйтеуір ішкі бол­жамыңмен «мүмкін, осылай дұрыс шығар» деп қайта жазып шыққандай болғаныңда ғана: «Енді басу­ға болады», – дейді.
Тәртіп – анау, – талап мынау. Бір айда жа­за­тының – екі немесе үш мақала. Оны айналасы он күнде бітіруге болады. Қалған күндерде не істейсің? Отырасың. Еркінсуге рұқсат жоқ. «Отырма, жаз» дейді. Сол кездерде ол кісінің бала-шағасына іштей жаным ашитын еді. Мынадай қатал мінезге қалай шыдайтындарына таңғала­тынмын. Ал кейде осындай адамның бала­сы болып, бір үйде өмір сүруді армандап кетесің.
Кабинетіне шақырып алады. Шай іше­сің, әңгіме айтасың. Дауысы жұмсақ, соншалық мейірімді. Көп сөйлегенді емес, көп сөйлеткенді, көп тыңдатқанды емес, көп тыңдағанды жақсы көретін. Еркелетіп, еркінсіткенде досындай ақтарыласың. Сондай бір әңгіме-дүкен үстінде өзінің сұрауымен ауылыңды, әкеңді, шешеңді, жағдайыңды, қанша қойыңның бар екенін, болашақ жарыңды, оның әкесінің маман­дығын, шешесінің не үшін үйде отырғанын тағы бір қайталап айтып шығуыңа тура келеді. Кейде тіпті үстіңдегі киіміңнің қанша тұратынын, қайдан алғаныңды да қызық­тайтын. «Саған мына алып жүрген ақшаң аздық етеді. Мен көбейтіп берейін. Сен жақсылап жаз. Сонда қаламақыны да кө­бірек алатын боласың», – деп қанаттан­ды­рып қоятын. Өстіп еркелеткеннен кейін келер сәтте айналып келіп еркіндеу кірсең, қабағы қатулы отырады. Қорқақсоқтап кірсең, мамыражай қарсы алады. Адам түсініп болмайтын. Бірде қатты, бірде жұмсақ. Бірде қаңтардай қатулы отырса, енді бірде жаздың күніндей жып-жылы болып жүретін. Осы мінезін бір танытып алған соң, айналасын қабағымен-ақ тәр­бие­леп отыратын. Тізгінді тартып, жіберіп отыру ол кісінің басшылық тактикасы еді.
Осындай басшылық қызметімен қазақ­тың біраз азаматтарының шығармашылық тұрғыда қалыптасуына әсер етті. Өзінше кішігірім бір мектеп бола білді. «Парасат» журналына өз қалауымен шақырып алып, бірге жұмыс жасаған азаматтардың әрқай­сысы тұлғаға айналды. Талаптан Ахметжан, Қали Сәрсенбай, Әмірхан Балқыбек, Жа­рас Сәрсек сынды қаламгерлер сол санатта деп білемін.
Журнал басшылығын қолға алысымен зейнет демалысындағы қазақтың классик жазушысы Қалихан Ысқақты қызметке тар­туы біраз нәрсені аңғартса керек. Сол жур­налда талай жылдардан бері тер төгіп кел­ген Зәкір Асабаевқа қосымша зейнетақы та­ғайындауы да – азаматтықтың бір белгі­сі.
Бұл аспантаудың етегіндегі алақандай ауылда дүниеге келген Баққожа Мұқаидың басшылықтағы азаматтық тұлғасының бір парасы ғана. Енді оны жазушы, драматург ретінде қарайтын болсақ, сөз ұзаққа кетеді. Дегенмен оқырман қауым  жазушы шығар­маларының көркемдік көкжиегін біледі деген ойдамыз. Оның кітаптары бірқатар тілдерге аударылған. Ал еліміздің бас театр­ларында сахнадан түспей келе жатқан драмалық шығармалары оның шын мәнін­дегі үлкен драматург екендігін айшықтап тұр. Аударма саласында да жемісті еңбек етіп, бірқатар шетел жазушыларының шы­ғар­маларын қазақ тіліне аударды.
Шығармашылықта мол мұра қалдыр­ған қаламгердің бұл еңбектері өз кезегімен лайықты бағаланды да. 1982 жылы «Қош бол, менің ертегім» пьесасы мен «Аққу сазы» хикаяттар кітабы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Қазіргі кезде құнсыздау атақ болып көрінгенімен, сол кездегі жас жазушылар үшін Ленин комсомолы сыйлығы дегеніңіз алынбас асу, қол жетпес биік еді. Ал 2000 жылы «Өмірзая» романы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы беріл­ді. Бұл сыйлық еліміздің бас марапаты екендігін ескерсек, шығармашылық адамы үшін бұдан артық не керек? «Құрмет» ор­де­ні мен «Ерен еңбегі үшін» медалімен де марапатталған. Еңбектері лайықты баға­лан­ды деп отыруымыздың басты себебі – осы.
Кейде бүк, кейде шік түсіп жататындай көрінетін Баққожа Мұқаидың алшысынан тұрып берген кездері де баршылық. Бірқа­тар жігіттерді әлеуметтік, моральдық тұр­ғыда қолдауда атқарған еңбектері де ерен...
Оның жүрегінде сұрапыл ағыстар бол­ды деп ойлаймын. Жалпы, болмысынан қайшылықтарды да көрдім.
Сөйткен күрделі болмыс иесі, оқырман­дары сүйікті жазушы санайтын, жазушылар қауымы адал әріптес деп білетін, қызмет­тестері қамқор басшы деп таныған Баққо­жа Мұқаи мерейлі 60 жасқа толар шағында ауыр науқастан көз жұмды. Қазақ радиосы­нан естіген осы бір қаралы хабар денемді суытып жіберген сол кезде.
Иманы саламат болсыннан кейінгі миы­ма келгені армансыз ғой деген ой болды. Әрине, армансыз адам бола ма? Арман дегеніңіз жүз жасаған Жамбылдың да соңғы сәтінде жүрегін шымырлатқан шығар. Мен Мұқаиды «армансыз» дегенде салыстырмалы түрде айтып отырмын. Қа­лауын­ша өмір сүрді, өлмес дүниелер ту­дырды, түр-тұрпаты да өзгелерден ерекше, еңселі еді. Ортасында қандай беделді болса, сол абырой биігінде дүниеден озды. Абайдың «Жайнаған туың жығылмай» деп басталып, «Жақсы өліпсің, япырмай» деп аяқталатын өлеңінен асырып не айтуға болады?!
Біздің бұл жазбамыз жазушы, драма­тург жайындағы әңгіменің басы да, соңы да емес. Айтылған, жазылған. Әлі де жал­ғасады.
Бетті дайындаған Бейбіт САРЫБАЙ