Тұлға

Қазақ баспасөзінің қайталанбас тұлғасы Сейдахмет Бердіқұловтың туғанына – 80 жыл

  • Қазақ баспасөзінің қайталанбас тұлғасы Сейдахмет Бердіқұловтың туғанына – 80 жыл

    Қазақ баспасөзінің қайталанбас тұлғасы Сейдахмет Бердіқұловтың туғанына – 80 жыл

Қазақ баспасөзінің чемпион қаламгері

Қазақ спорт жур­на­лис­ти­ка­сының негізін қалаушы, ел спортын насихаттауға телегей-теңіз еңбек сіңірген, қазіргі Қазақстан спорт басылымдары қауымдастығының алғашқы президенті, 1966 жылы – Лон­донға, 1970 жылы Мексикаға барып, фут­болдан әлем чемпионаты жайлы қалам тартқан алғашқы қазақ.



Сейдахмет Бердіқұлов (1933 – 1994) – жазушы, публицист, журналист. 1933 жылы 9 мамырда Алматы облысындағы Жамбыл ауданының Қарақастек қыстағында дүниеге келген. 1956 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1965–1970 жылдары – «Қазақстан пионерінің» редакторы, 1970–1986 жылдары – «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің редакторы, 1986–1994 жылдары «Жалын», «Балауса» баспаларының директоры болды.



...Ғажап! Футбол дүбір салған көктем тағы келді. Күн жылыды, жер көгерді. Адам­­зат біткен алақандарын жайып, жан­дарына жылу жинай бастады. Мал төлдеді, то­пырақ бусанды, балалар доп қуа бас­тады. Сейдахмет аға ғашық болған футбол ойыны бір жылда жер кіндігін бір айналып, қазақ топырағына тағы келді. Енді сол футболға ерекше ғашық жүректі Сей­дах­мет аға жоқ... Бірақ көктеммен ілесіп кел­ген фут­бол бар. Тәубе. Әлгі футбол қуған мың ба­ланың арасында Сейдахмет ағасын оқыған бір түйір бала болса болғаны! Жаңа ға­сырдағы қазақ футболының жа­уын­­гер­леріне Сейдағаңдай, Тұмағаңдай ұлтын сүйген үлкен жүректі жандардың арман-тілегін аманат етіп сол жалғыз түйір бала-ақ жеткізеді, бұйыртса!

...Оу, футбол келді тағы да! Сейдахмет аға атындағы жүлдеге қаламгер атаулы шап­­қылайтын футбол додасы келді! Ма­мырдың 7-9-ы аралығында осы доданың бе­­сігі болған Алматыда сол футбол бәсе­ке­­сі тағы да дүрілдеп өтіп жатыр. Қайран Тұ­­мағам-ай, көктеммен бірге құлпыратын да­ла гүліндей өлмейтін өлең жазған екен­сіз-ау, «Футбол келдідей»! Олай болса, сіз де тұрыңыз, Сейдешіңізді ертіп алып, ор­та­­мызға келіңіздер. Футбол алаңының ас­па­ны сіздердің рухтарыңызбен нұрланып тұрсын, Ардақтыларым!

...Сейдахмет Бердiқұлов ғажап жур­налист, тамаша жазушы, ерекше ұлтжанды қа­­ламгер болатын. Әсiресе футболды ерек­ше жазды Сәкең. Футбол туралы қа­ла­мы­мен теңдессiз өрнек салып, жаза алған Сә­кеңнiң мол мұрасы қанша ақтарса да жа­лықтырмайды. Сонау бұлт ас­тын­дағы Мек­си­кадағы болсын, мынау мұ­нарға оранған Ұлыбританиядағы болсын, әлем­дiк футбол додасын Сәкең қазақы көзбен, қа­зақы сөзбен, қазақы жүрекпен жазған кез­де жанарыңа жас үйiрiледi. Қандай той­ды да көретiн көз көп, куә бо­лар көкiрек сан­сыз, бiрақ соны са­насында қорғасындай ерi­тiп, көрмегенге көргендей етiп жеткiзетiн жа­зудың жампоз шеберi Сәкең, Сейдахмет ағамыз едi.

1994 жылы Халықаралық спорт ба­сы­лым­дары қауымдастығының (AIPS) Ман­чес­терде өткен ел VII конгресіне ба­рып қайттым. Келген бетте Дүрәліні ер­тіп, ауыр халде жатқан Сейдағаңа бардым. «Аға, Манчестерден келдім, Тәуелсіз мем­лекет ретінде Қазақстан спорт жур­на­лис­тері атынан AIPS-тің жиынына қатысып кел­дім» дедім. Жалт қарады, көзі от ша­шып, жайнап кетті. Іле-шала көзінен жас шы­­ғып кетті. «Жеттік пе, соған да ай­на­ла­йын» деп ағыл-тегіл жылады. Мен де өзім­ді ұстай алмадым, көзден жас пар­лады. Сейдағам сондай елін сүйген ер еді...     

Шіркін-ай, тірі болғанында Сейдахмет аға­мыз бүгін 80-ге толар еді. Сейдахмет аға 61-ақ жыл өмір сүрді. О, өмір-ай, ке­зінде Сәкең маған өлмейтін адамдай кө­рінуші еді. Киімнің жақсысын киді, сұлу­дың жақсысын сүйді (Күлатай жеңгемізді ай­­тамын. – Н.Ж.), еркін, еркелей өмір сүрді, творчество ләззатын бір адамдай-ақ тат­ты... «Жалған дүние» деген рас екен, аяқ астынан ауырып, мойын бұрғызбай алды да кетті Жаратқан Алла. Ер жігітке 61 жас деген не тәйірі?! Бүгінде біздің өзіміз Сейдахмет аға келген жастан асып кеттік. Ойлап отырсам, Сейдағаңдар сол кезде келген жасымен емес, еткен еңбегі, жеткен биігі, білім-парасатымен ел ағасы бола білген екен-ау! Бүгінде қазақта «нағыз шал жоқ», «абыз ақсақал аз» деп жатамыз ғой, сол секілді жастар аузына қарайтын ел ағалары да азайып кетті. Кезінде солардың бірегейі менің ұстазым Сейдахмет Бер­ді­құлов болатын. Рухыңнан айналайын, қазақ баспасөзінің чемпион қаламгері, жазушы, қайраткер, мәңгілік ұстазы Сейдағаң, Сейдахмет Бердіқұлов!  

Несiп ЖҮНIСБАЙҰЛЫ, Сәкеңнiң шәкiртi, республикалық Sport-“Спорт” газеттерiнiң директор-бас редакторы, Қазақстан спорт баспасөзi қауымдастығының президентi




Бердіқұловтың бешпенті

Бүгін – қазақ спорт журналистикасының атасы Сейдахмет Бердіқұловтың туған күні. Абыз аға тірі болғанда, бүгін 80-нің сеңгіріне шығар еді...



Сейдағаң туралы жазғандар аз емес. Өзінің тәрбиесін көрген шәкірттері де ұстаз­дарын ұлағаттап, басқалар да қалам тартып, марқұмның қандай адам болған­ды­ғын еске түсіруде. Солардың ішінде ма­ған  филология ғылымының докторы, про­фес­сор, әдебиеттанушы ғалым, көрнекті тіл маманы һәм қоғам қайраткері Бауыр­жан Омарұлының мына бір жазғандары ерекше ұнады (әрі қарай Баукеңнің шұ­рай­лы өз тілімен):

«Қазақ баспасөзінің лексиконында қа­шан­нан қалыптасқан «Шерханның шек­пені» деген ұғым бар. Тәлім беруі жағынан тең­десі жоқ бас редактор Шерхан Мұр­та­заның мектебінен өткендер «Шерағаңның шек­пенiнен шықтық» деп желпінеді. Жел­пінетіндей жөні бар. Бәрі де бәйге атындай жарап тұр. Ылдиға салса, төске оза­ды. Руханиятымыздың қара нары сана­латын осы айбарлы ағамыздан кейін бас ре­дакторлық болмысы бөлек тағы бір тұл­ғаның есімі ерекше аталады. Ол – сырбаз су­реткер, қажырлы қайраткер, батыл басшы Сейдахмет Бердіқұлов.

Әдебиетіміздің айбынды ақсақалы Әбділда Тәжібаев «Өнердегі батылдығың қайт­пасын, батыр інім!» деп бата берген Сей­дағаңның ерлігі мен өрлігі туралы мы­салдар жетіп-артылады. Шерханның шек­пе­нінен шыққандар секілді Бердіқұловтың беш­пентінен өргендер де шетінен жүйрік бол­ды. Олардың қай-қайсысы да бүгінде ақ­парат пен әдебиет әлемінің шаңырағына бір-бір уық болып қадалды. Шерағаңның шек­пені де, Бердіқұловтың бешпенті де қазақ баспасөзіне құт әкелді.

Бешпент демекші, тектілігі түрінен кө­рініп тұратын бітімі бөлек Бердіқұловта беш­пенттің жеті атасы бар еді. Сәні ке­ліс­кен Сейдағаң көбіне-көп галстук тағып қыл­ғынбай, мойнын жауып тұратын ың­ғайлы свитер кие салатын. Мұндайда ол, әрине, әдемі бешпенттерінің бірін иығына іліп, көзіне қара көзілдірік тағады. Был­ғары бешпент те, барқыт бешпент те Бер­ді­құловқа қона кетеді. Оны осы күйінде жиі ұшырататындықтан, бешпентсіз Бердіқұлов бізге біртүрлі көрінетін.

Бердіқұлов бешпентінің жылуын се­зініп үлгерген ұрпақтың соңы біздер бол­дық-ау дей­мін. Қайтейік, оқу бітірген ша­ғымыз оның 16 жыл басқарған «Ле­ниншіл жа­сынан» басқа қызметке ауы­са­тын кезіне тап келді. Бердіқұлов беш­пентінің ішінде не­бә­рі бір жылдай ғана жү­ріп­піз. Сондықтан сайыпқыран бас ре­дак­тордың тәрбиесінде ұзақ жыл болған азулы ағаларға қызыға қа­раймыз. Тарлан атанған да, арлан атан­ған да – солар. Олардың бойынан біз­дегідей қырық күндік кемдік табыла бер­мей­ді. Шетінен кескекті ердің сойындай ширығып тұрады. Кесек турайды...»

Бұл – Бауыржан ағамыздың «11-інші қа­ламұш» деген кітабында Несіп Жү­ніс­байұлы туралы жазған эссесінен алынған үзін­ді. «Солардың ішінде Бердіқұлов өз бешпентінен шығарып қана қоймай, сол беш­пентін бір шәкіртінің иығына ықы­лас­пен жауып қалдырып кеткен сияқты» деп  Бердіқұловтың сүрлеуіне шындап түскен шалымды да шыдамды алғашқы шәкірті жайлы жазған.

Сол кітабында Бауыржан аға Сейдағаң ту­ралы да жазған. Онда сол жылдары Қа­зақ мемлекеттік университетінiң журна­лис­тика факультетi студенттерiнiң бәрiнiң ар­маны «Лениншiл жасқа» («Жас алаш») қызметке қалу болғанын жазады.

– Өйткенi олар күн сайын құлаш-құлаш мақалалар жариялап жататын, еркiн жа­затын, батыл пiкiр айтатын журналистермен бiр­ге қызмет iстегiсi келдi. Солардың бәрiн бас­қарып отырған, басылымның өзгеше сти­лiн, бөлек бет-бейнесiн қа­лып­тас­тыр­ған, атағы жер жарған редактор Сей­дах­мет Бердiқұловтың басқару мектебiнен тәлім алуды қиялдады. Университет бiтiре сала осы басылымның табалдырығын аттап жатқан қыз-жiгiттерге жұрт қызыға қарады. Бiз де қызықтық, армандадық. Содан бi­рiн­шi курстан бастап газеттi жа­ға­ла­дық. Сту­дент кезiмiзден Бердiқұловтың са­йыпқыран шә­кiрт­терi томағамызды алып, топқа сал­ды. Киелi шаңырақтың бо­са­ғасынан сыға­лап жүрiп, қасиетiне қа­ныға бастадық. Бе­ре­келi басылымға оның дәстүрiн ұғынып, си­патын сезiнiп бардық. Сейдахмет Бер­дi­құ­ловтың сол қолымен жазылған бұй­ры­ғымен «Лениншiл жасқа» қызметке алын­ған­­дар­дың бiр несiбесi артық болды. Олар­дың арасынан ұстаздың дәстүрiн жал­ғаған бас редакторлар өсіп шықты. Сөз­дiң қадiрiн бiлетiн, стилi жатық Бер­дiқұлов мектебiнiң шәкiрттерi қайда да қа­рымды екенiн көрсеттi, – деп Б.Омарұлы Сейдағаның тәрбиесінің күшті болған­ды­ғына да тоқталып өткен.

Одан әрі:

«Барған басылымы жайнап сала бе­ретiн бас редактор Бердiқұловтың құдiретi не­де? Ол — құрсаулы жүйенiң өзiнде еркiн тыныстаған адам. Ақиқатты тайсалмай айта бiлдi. Бас редактор Бердiқұлов өте батыл болды. Жастар ұйымының бас­шы­лығы әр кез онымен санасты. Көктем ме­ре­кесi деген желеумен әр жылғы 22 Нау­рыз күнi жасыл немесе көгiлдiр түстермен бе­зен­дiрiп, арнайы нөмiр шығарып тұрды. Бұ­дан да зор басылымдар тырп етпей жатқанда, Наурыз күнi жасандырып газет ба­суға рұқсат алу оңай емес-тi. Сол жасыл түс кейiн дiнiмiзге мойын бұрғызды, көп­шi­­лiгiмiздiң има­ны­мыз­ды оралтты, кө­гiл­дiр түс жалауымыз бо­лып көгiмiзде жел­бi­редi. Қатал цен­зу­раның тұсында да Бер­дiқұлов басқарған басылым ұлтқа пай­далы дүние­лер­дi жариялап отырды», – деп Сей­дағаң­ның батылдығына сү­й­сін­ген жерлері де бар.

Бауыржан ағамыз жазғандай, «Несіп ағам Бердіқұловтың бешпентін әлі күнге де­йін кір шалдырмай ұстап келеді». Әрі Нес-ағаң жалғыз емес. Қазір Сейдағаңның төл шәкірттері Несіп Жүнісбайұлы, Қы­дыр­бек Рысбек, Дүрәлі Дүйсебай ағалары­мыз­дан үлгі алып, солардың соңынан ерген спорт журналистері көп-ақ. Бәрі де қазақ спорт журналистикасының атасы һәм не­гі­­зін қалаушы Сейдахмет Бердіқұлов еке­нін біледі әрі мойындайды. Көбісі Сей­да­ғаң­­ды пір тұтады. Ендеше, Сейдағаң сал­­ған сара жол өміршең деуімізге негіз бар.

Бетті дайындаған Сейдахмет Бердіқұлов сыйлығының лауреаты Н. САСАЕВ




шәкірт лебізі

Уайымы ұлтының болашағы еді

Қыдырбек Рысбек, Сейдағаңның шәкірті, спорт қайраткері:

– 1991 жылдың желтоқсан айында журналистикадағы ұстазым, қадірлі ағам Сейдахмет Бердіқұлмен сұхбаттасудың сәті түсті. Сол әңгіме республикалық «Спорт» газетінде жарық көрді. Сейдағаңның сон­дағы бір сөзі жадымда жатталып қалды. Қа­зақ елі Тәуелсіздігін жариялап, Мәс­кеуден іргені енді бөле бастаған кез еді. Ұстаз ұлт азаттығы туралы сөз қозғай келе: «Егер Тәуелсіздік алғанымыз рас болса...», – деді. Мен аға неге бұлай айтып отыр деп, іштей біртүрлі болдым. Кейін азат ел ретінде тірлігіміз түзеліп, бірақ тіліміз тәуелділікке түскенде; түрі қазақ, бірақ іші орыстанған замандастардың өз ұлтына деген қырыс көңілін көргенде; жеті жарым мың шақырым шекарамыз шектесетін Ресейдің Қазақ елін әлі де уыстан шығар­ғысы келмейтін саясатына көзіміз толық жеткенде; бес құрлыққа миллиондаған адамдарын мысықтабандап қондырып, түбі жер шарын жеке-дара билеуді көксеген Қытайдың ішкі пиғылын ұққанда; мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-тың «демократия орнатамыз» деген желеумен араб елдеріне жасаған озбырлығын көргенде – қайран ұстаздың осыдан 21 жыл бұрын айтқан сөзі еріксіз ойға оралады.


16 миллион ғана адамы бар, ал байтақ даласы 500 миллион халықты бағуға жарайтын Қазақ еліне ең керегі – бейбіт тірлік. Алланың бұйрығымен тыныштықтың арқасында күн санап ілгері басып келеміз. Сейдахмет аға сол кезде-ақ азаттықтың жолы оңай болмасын терең түйсініп, алпауыт мемлекеттердің бізге бақай есеппен қарайтынын сезген екен. Алла тағала Алаш жұртын көптің өктемдігінен, озбырдың қиянатынан сақтасын деп, күні-түні дұға қылсақ, бейбітшілігім ұзағынан болып, қазақтың да қара ормандай қалың елге айналатын күні туар, ағайын.


Көп адамға жөн сілтеген жан еді...

Сайын Тұрсынов, ардагер спорт журналисі:

– Сейдағаң ерекше жан еді ғой. Өзі солақай болды. Бірақ өмірде солақай бол­ған жоқ. Адал, шыншыл болды. Редак­ция­да істесе де, баспада істесе де, қара­ма­ғын­дағы адам­дарға көп көмектесті. Ай­­на­­ла­­­сын­да­ғыларға шапағатын шашты. Қан­шама адам­ға жөн сілтеді, қаншама адам­ға жақ­сы­лық жасады. Қаншама бұ­лақ­тың көзін ашып, қаншама таланттың то­мағасын сы­пы­рып, журналистика май­данына қос­ты. Өзі­нен кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар бе­ріп, жі­гер­лендіріп отырды. Жастардың на­мысын жанып, шабытына қанат бітірді. Жү­регі «қазақ» деп соғатын. Ұлтжанды бол­ды. 86-жылғы аласапыранда көп жер­лер­де ойын бүкпесіз айтып, шы­рыл­дады. Қа­­зақ спорт журналистикасына өлшеусіз ең­­бек сіңіріп, мәңгілік қол­таң­ба­сын қал­дыр­­ды. Кейінгі ұрпақ біліп жүрсін, ай­туы­мыз керек, Сейдағаң қазақ спорт жур­на­лис­тикасына, осы бір тың салаға, қан­­шама қа­зақы сөздер енгізді. Орыс­ша­дан ау­дар­ғанда, қазақы мәтінге салып, жігін біл­дірмей жіберетін. Мен Сейда­ғаң­мен бірге жұмыс жасаған жоқпын. Бірақ кез­десе қал­сақ, «сенің ана мақалаңды оқыдым, дұрыс жазылған, жарайсың» деп жебеп-демеп қоятын. Ал бізге Сейда­ғаң­ның мақтауынан артық құрмет бар ма? Мәз болып, қуанып қалатынбыз. Сейда­ғаң­ның ықыласы мен мақ­тау-мадақтауы кез келген жүлде, дип­лом­нан артық бо­ла­тын. Солай Сейдағаң ерекше жарал­ған жан еді...


Сейдахмет Бердіқұловтың есімі мәңгі өшпейді!

Анатолий Пятибратов, ардагер спорт журналисі:

– Журналистика саласына ауысқым келіп, осы салаға жұмысқа тұру керек бол­ған­да, еңбек жолымды сонау Чукоткадан бас­тауға тура келді. Содан Магаданға ұшу ке­рек болып, ұшаққа билет таппай қинал­дым. Сол кезде орыстілді әріптестерім Бер­діқұловқа шығып, ол кісі билет тауып берді. Кейін Қазақ КСР Министрлер Кеңе­сіне қарасты Спорт және дене тәрбиесі ко­ми­тетінде қызмет етіп жүргенімде Бер­ді­құ­ловпен екінші рет кездестім. Сонда «сен Чу­коткаға ұшып кеткен жоқ па едің?» деп, бір әзілдеп алды. Ол кісі жаны жайсаң, қа­йырымды адам болатын. Сол кездері кәнігі жа­зушы болып көсілген кезі еді. Кейбір кітаптары шет тілдерге аударылған. Әйтсе де қарапайым, ақкөңіл кейпін жоғалтқан жоқ. Кейін Sport@ks газетінде жұмыс жа­сап жүріп, Бердіқұлов атында спорт жур­на­листеріне тағайындалған жүлде бар екенін білдім. Содан Бердіқұлов жүлдесінің лауреаты болуды армандадым. Ақыры сол жүлденің иегері атандым.


Қазір Анапада (Ресейде) ұлым мен ке­лі­н­імнің қолында тұрамын. Алыстағы менің ба­лаларым мен немерелерім де Бер­ді­құ­ловты жақсы біледі, құрметтейді. Өйт­кені төрімнің көрнекті жерінде аспан түстес көгілдір диплом тұр. Онда немерелерімнің атасы Қазақстанға кеңінен танымал тұл­ға­ның атындағы сыйлықтың лауреаты екені ал­тын түстес жарқыраған әріптермен кес­те­леп жазылған. Өзім де, ұрпағым да Қа­зақстан мен қазақ спорт журналистикасына елеулі, ғажайып жанның атындағы сый­лықтың лауреаты екенімді мақтан тұтамыз.


Бердіқұловтың білігі

Дүрәлі Дүйсебай, Сейдағаңның шәкірті, белгілі журналист:

– Сейдахмет Бердіқұлов – өткен ғасырдың 70-90-жылдары қоғамның дамуына ықпал еткен елеулі тұлғаның бірі. Спорт әдебиеті, спорт журналистикасына сіңірген еңбегін былай қойғанның өзінде, ел өркениетінің қай саласында да ол кісі салған із әлі сайрап жатыр.


«Тақырыпты қатырыпты» деп, Көпен кө­кем айтқандай, Сейдағаң тақырып қою­дың қас шебері болды. Кез келген ре­дак­тор­лар секілді алдына келген мате­риал­дың ал­ды­мен тақырыбына шұқ­шия­тын. Өзге әріп­тестерінен ерен ерекшелігі – сол қо­лымен шекесінен шертіп кеп жі­бер­генде, жұтаң тақырыптың өзі жұтынып шыға ке­летін. Тақырыптары онсыз да ойнап тұ­ра­тын Несіп ағам да Сейдағаңның алдында кейде қауқарсыз.

Бірде Медеуде өтіп жатқан үлкен бір жарысқа КСРО-ның айдарынан жел ескен атақты конькишісі келе қалып, мұндай мүмкіндікті қалт жібермейтін Несағаң ол азаматтан сұхбат ала қойсын. Материалды әдеттегідей ертеңгілік мәшіңкеге басып, тастай қылып редакторға кіріп кеткен. Бір кезде ентігіп келіп тұр. Бір нәрсені күбірлей сөйлеп қасыма келді де, «апырай-апырай» деп басын шайқай берді. «Мынаны қа­ра­шы, – деді сосын маған бұрылып, – мен «Он екі (әлде «он үш» – ертеректегі екі конь­кидің салмағы ғой. – Д.Д.) келілік конь­кимен – әлем рекордына» деп тақы­рып қо­йып едім, «Он екі» дегенді белінен бір тартты да, «Шойындай» деп қайқаң еткізді. Тамаша! Мен де соншама ауыр конькимен жеңіл сырғанаған жүйріктің ерлігін көрсетпек едім ғой. Қазақ үшін шойыннан ауыр не бар?» деп таңданып еді.

Сейдағаң – талай мықтыны осылай талай рет таңдандырған. Ол кісінің спортқа енгізген терминдерінің өзі бір зерттеу институтының иығына жүк.

Қарамағындағы журналистердің жарқ еткен бір қонымды идеясы болса, беттен қақпай, қолдауға дайын тұратын. Жұртты елең еткізген Оңласын Әмірқұловтың «Кі­сікиік» атты шытырман оқиғалы шығар­ма­сы да сол тұста жарияланған еді. Өзі тү­ні­мен көз шырымын алмай жазған ма­те­риалын бастыру үшін мәшіңке бө­лі­міне кіре бере бір жас перінің тура сол та­қы­рыпқа қатысты дүниесін саңқылдап бас­ты­рып жатқанын ести салып, ізінше кері бұ­рылып кете баруының өзі нені ұқтырады. Ре­дактор жас әріптесінің мақаласын «лақ­ты­рып тастап», өз материалын шығарып жі­­берсе, біреу бірдеңе дер ме еді?! Мұндай ұла­­ғаттылық ол кісіде молынан кездеседі қаза берсең.

Қайраткерлігі, яғни мемлекетшілдігі, ұлтшылдығы бір-бірін толықтырып тұратын асыл қасиеттері десем артық бола қоймас. Өзі қатты ауырып, төсек тартып жатқанда Несағаңмен көңілін сұрап, ауруханаға бас сұқтық. Нарттай болып жатыр екен. Сәле­мі­мізді алып, артық сөзге бармай жатып бір­ден «Намысың» қалай? Әлде менің кө­мегім керек пе? Хат жазсам ба деп жүр едім?..» – деп барып тоқтады. Шаршап қал­ды. Сол кезде жоғары жақ көмек қолын со­зуды тоқтатып, Жүнісбаев құрған «На­мыс­тың» аяғы шатқаяқтап, мұрты қисая бас­таған-ды. Айтып жатқаны – сол. Ауыру қат­ты меңдетсе де, өз жағдайын емес, елдің, спорттың жағдайын ойлап жатты. «Республиканың спорт комитетін бас­қа­ратын азамат-ақ еді» деп отыратын за­ман­дастары.

Біз желтоқсан оқиғасына байланысты Жұбан Молдағалиев, Сафуан Шәй­мер­денов секілді жазушылардың ерлігі туралы жиі айтамыз. Солардың тасасында Сейдахмет Бердіқұлов феномені ұмыт қала береді. Меніңше, оның сол коммунистердің қы­лышынан қан тамып тұрған кездің өзін­де-ақ Қазақстан Компартиясы ОК хат­шы­сына «Саусағыңызды шошайтпаңыз, жол­дас хатшы! Бізді құртқан – сол саусақ!» деп ке­сіп айтуы – кез келгеннің қолынан келе бер­мейтін ерлік. Біле білгенге өз мүд­де­сінен гөрі ел мүддесін жоғары қойған Сейдағаң қандай құрметке де лайық.




Көрілген: 2564    Пікірлер: 0

бейсенбі, 09.05.2013, 13:08

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    28 Қыркүйек 2013
    КЕРБҰҒЫ
    11 Қыркүйек 2013
    Абай елінің әкімі (эссе)
    28 Маусым 2013
    Анапаның «ақсақалы»
    30 Қараша 2012
    Қазыналы қайраткер
    24 Желтоқсан 2011
    Сертіне берік жан еді...
    24 Желтоқсан 2011
    Әнге айналған өлеңдер
    24 Желтоқсан 2010
    Шоқан шындығы неде?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31