Нұртас жайлы әңгіме енді ғана басталды...

14 маусым 2013, 11:56

Күрмеуге келместей қысқа ғұмырында артына өшпес із қалдырып, өмір­ден найзағайдай жарқыл­дап өте шыққан Нұртас Кәкімжанұлы Қазыбаев танымал дәрігер, теңдессіз хирург, Қазақстан медици­на­сын инновация­лық заманауи технология­лар­мен жетілдіруге ұйытқы болған көрнекті басшы еді. Кәсіби шеберлігі жан-жақ­ты, білікті маман ретінде мойындаған ел-жұрт Нұртас Қазыбаевты «Алла берген абзал дәрігер», «халық академигі» деп жоғары бағалаған.
Отыз мың ота жасап, мұның сыртында, өмірден күдер үзген 5 мың ауыр науқасты ажалдан арашалап қалған біртуар тұлға жөнінде еліміздегі зиялы қауым өкілдері мен әріптестерінің, достарының, ағайын-туыстарының, сондай-ақ оны көрген, білген, шарапатын сезінген көпшілік қауым­ның айтары аз емес. Сол естеліктер­дің бір парасы «Найзағайдай жарқыл­дап...» деген атпен кітап болып шықты. Кітаптың шығуына демеушілік жасаған – Павлодар облысының әкімі, қоғам қайрат­кері, экономика ғылымының докторы, профессор Ерлан Арын. Кітап алты бөлім­нен тұрады. Алғашқы бөлімге танымал тұлғаның өмірбаян деректері, білім бас­пал­дақтары, қызмет жолы, өнертабыс па­тент­тері, марапаттары жөніндегі мәлімет­тер топтастырылған.

«Мен нағыз ерлердің мамандығын таңдадым...» деген атпен берілген келесі бөлімге Нұртастың көзі тірі кезінде баспа­сөз беттерін­де жарияланған сұхбат­тары енгізілген. «Жарқ еткен жасын ғұмыр» деп аталатын келесі бөлім Нұртас­тың анасы, танымал педагог Орынша Қара­бали­на-Қазыбаеваның «Маңдайға сыймай кет­ті...» атты көлемді естелі­гімен басталып, А.Шар­ман, Е.Арын, Ж.Сыдықов, Д.Исабе­ков, К.Нәрібаев, С.Досанов, С.Сматаев, К.Ау­хадиев, У.Қалижан, Б.Исабаев, Ә.Сы­ғай,  Д.Жол­жақсынов, Ә.Ыды­ры­сов сияқты басқа да танымал тұлғалардың, әр жыл­дар­да Нұртастың дәрі­герлік көмегіне жүгінген, шипалы қолының жылуын сезін­ген зиялы қауым өкілдерінің жүрекжарды пікірлеріне ұласқан.
«Үлкен жүректі ұлы дәрігер» бөлімінде Нұртас Қазыбаевтың достары, әріптестері сөз алады. Олар­дың көпшілігі – медицина инсти­тутының қабырғасында Нұртаспен бірге оқыған, студенттік өмірдің қиын да қызық сәттерін бастан бірге өткізген, ал кейінгі жылдары бір мекемеде қызмет етіп, иық­тасып бірге жүрген, Нұртастың тұлға­лық бірегей қасиеттеріне, білікті маман ретіндегі шеберлігіне тәнті болған жандар. Сондықтан әрқайсысы өздері таныған, білген, маман ретінде мойындаған Нұртас Қазыбаевтың адамдық, тұлғалық қасиет­те­ріне тоқталып, жүрекжарды сыр ақтар­ған.
Қалай дегенмен де, «Тас түскен жеріне ауыр». Осы орайда, Нұртастың мезгілсіз қазасы оның отбасына – ұл-қызы, ағайын-туыс, бауырларына ерекше ауыр тигені анық. Адал жар, асқар таудай әке, мейірім­ді аға, жанашыр бауыр ретінде өзіндік орны ерекше Нұртастың бұл дүниеде енді жоқ екендігін сезіну оларға қаншалықты күшке түседі десеңізші! Ағайын-туыстың осы тұрғыдағы сырлары, жүрек тебірентер­лік естеліктері «Мәңгілік сағыныш» бөлі­міне тоғыстырылып отыр.
«Ұлы адамдар ғана ұлы жақсылықтар жасай алады» деп Сервантес айтқандай, қамшының сабындай қысқа ғана ғұмы­рын­да айналасына шапағатын шашып, ұмытылмас жақсылықтар жасап кеткен ұлы дәрігердің есімі ел есінде мәңгі сақта­лады. Бұл ретте, «Жақсының аты өлмейді» атты соңғы бөлімге енген баспасөз мате­риалдары – Нұртас жайында алдағы уақыт­та айтылар, жазылар үлкен әңгіменің басы ғана.
«Найзағайдай жарқылдап...» деген атпен жарық көрген бұл кітап сапалы қа­ғаз­да басылып, әдемі суреттермен безен­дірілген. Тілі жатық. Оқиғалары мейлінше тартымды, әсерлі. Көрнекті тұлға жөніндегі жан-жақты, шынайы естеліктер оқырман­ды бей-жай қалдырмайды деген ойдамыз.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ


Ерлан АРЫН, Павлодар облысының әкімі, экономика ғылымының докторы, профессор:
Тегі мықты, теңдесі жоқ ел азаматы
Нұртас мен үшін, бір жағынан, бауыр, аға, бір жағынан, дос еді. Арамыздан кеткеніне бір жыл толып, ас беретін уақыт болса да, көндіге алмай, үйрене алмай келеміз. Дегенмен Алланың жазғаны болды. Нұртастың қандай ерекшеліктерін атайсыз десе, ең алдымен оның тектілігін атар едім. Әкесі Кәкімжан ағамыз да тектілердің тектісі еді. Өз әулетіне ғана емес, күллі Қазақ еліне қамқоршы болған құрметті ел ағасы еді. Қай жақсыдан жаман туады, адам айтса сенгісіз деген бар. Елге құрметті талай адамдардың ұрпақтары, балалары аталарынан дарыған тектілікті жоғалтып алады. Қазақта тегінде тектілік бар әулеттер көп. Бірақ көбі соны арқалап жүре алмайды. Ол адамның жауапкершілігіне келіп тіреледі. Нұртас Кәкімжанұлының ерекшелігі – әкесінің, аталарының тектілігін көрсете білді. Жегені алдында, жемегені артында тұратын дәулетті отбасынан шыққандардың көбінде білімге деген құштарлық байқала бермейді. Ал Нұртас үшін білім­нің орны бөлек еді. Мектепте де, мектептен кейінгі оқу орындарында да үлгерімі жағынан қатарының алды болды. Адамның адамшылығын қалыптастыра­тын екі үлкен күш бар – тегі мен ортасы. Кейде жақсы адамды жаман орта жұтып қояды. Бірақ Нұртас, керісінше, өзі орта болып, өзгелерді жақсылыққа қарай тартып кететін. Кейде Нұртасты жақсы істерге Құдайдың өзі жетелеп отырды ма екен деп ойлайсың. Біріншіден, тегі, әулеті, әке-шешесі – керемет адамдар. Екіншіден, жүрген ортасы, араласқан достары – да жақсы адамдар.
Жұрт Нұртастың қарапайымдылығын аңыз етіп айтып жүр. Алдына келген кез келген адаммен тіл табыса білетін, әңгімесін жарастыра білетін адам. Жалпы, өз басым Нұртастың бір қасиетіне қатты қызықтым – адаммен сөйлескендегі мұқияттығына. Кім сөйлеп тұрса да, қандай мәселені айтып тұрса да, мұқият тыңдайды. Жасына, түр-тұлғасына, құзыретіне қарамайды, кім сөйлесе де, сөзін мұқият тыңдайды. Кейін осы қасиеті оны маман ретінде де алға сүйреді. Дәрігерлік қызметте алдына келген науқастардың сөздерін толық тыңдап шығады.
Нұртаспен әріптес болған, көзін көрген адамдар­дың барлығы оның тазалығына шүбә келтірмейді. Тән тазалығына да, жан тазалығына да көңіл бөлетін. Нұртастың өмірде біреумен ренжісіп, жауласып жүргенін көрген емеспін. Артынан сөз де ермейтін. «Жақсының артынан сөз ереді» деген бар ғой. Бір қызығы, Нұртастың артынан сөз де ермейтін еді, көзін көргендер ол туралы өсек айтуға да ұялатын. Нұртас­тың жүрегі неден ауырды? Меніңше, ол әрбір адам­ның мұңын тыңдап, әрбір адамның қайғысымен бөлісіп, соған жан-тәнімен күйгені үшін ауырды. Ол еш уақытта жеке проблемалары үшін бас ауыртпайды. Өзгенің қамын ойлайды, өзгенің қамы үшін күйеді. Жүрегі содан сыр берді деп те ойлаймын.
Әрине, оның маман ретіндегі біліктілігі – өз алды­на бөлек әңгіме. Қазақ медицинасындағы Нұртастың орны бөлек. Хирург ретінде мыңдаған адамды өлімнен арашалап қалғаны анық. Сөйте тұра, өзінің жасаған жақсылықтарын айтып мақтанбайды, керек десең, үнсіз қалуға тырысады. Ол еш уақытта шенеунік боламын, мекеме басқарамын деп ұмтылған емес. Шенеунік болғысы келсе, мүмкіндіктері бар еді. Бірақ ол өзінің өмірлік мақсатын дәрігерлікпен ғана байланыстыратын. Өз ісіне адалдығы соншалық – еш уақытта телефонын сөндірмейді. Тіпті алыс жерде демалып жүрсе де, телефонына маза жоқ. Науқастар хабарласып кеңес сұрайды. Нұртас оларға ерінбей отырып дәрігерлік кеңес береді. Өзінің қызметтік міндетіне кірмейтін жүктерді көтеріп жүреді. Ауруханада біреудің жағдайы нашарлап кетіпті деген хабар жетсе, қай жерде жүрсе де, жылдам жиналып, кетіп қалады. Тіпті мерзімді демалыста жүрсе де, сол көрініс. Адамға Құдай күніне 24 сағат уақыт берсе, Нұртас күніне 24 сағат маман еді. Мұның тәрбиелік мәні үлкен. Біз білікті маман даярлай аламыз. Жастар­ды шетелге жіберіп оқытсақ та, жақсы мамандар пайда болады. Бірақ сол мамандар Нұртас сияқты кәсіби біліктілігімен қатар, адамгершілік тұрғысын­дағы қасиетін сіңіре білсе, игі болар еді. Себебі Нұртас адамды емдегенде, операция жасаған кезде оған биологиялық дене ретінде ғана емес, психоло­гиялық, рухани тұрғыдан да қарайтын. Адамдардың тәнімен қатар, жанын емдеуге тырысады. Науқастар хирург маманның психологиялық кеңестері арқылы сауығып кетіп жатты.
Бір кезде әкем: «Ұстаз бен мұғалімнің айырмашы­лығы неде?» деп сұраушы еді. Сөйтсек, мұғалім тек сабақта отырғанда мұғалім екен, өкінішке қарай. Ал ұстаз дегеніміз – қай жерде жүрсең де, үйде, далада, сабақта, қонақта жүрсең де – ұстаз. Ол белгілі бір пәнді ғана қамтымайды, ол жалпы адамдық деңгейдегі ұстаз болады. Нұртас осындай атқа лайық азамат еді. Әкемнің тағы бір сөзі бар: «Бір кезде емші деуші едік, қазір дәрігер деп кеттік» дейді. Дәрігер дегеніміз науқастың ауруына қарап дәрісін жазып береді де қояды. Ал емші – сол адамға ем қонуын жан-тәнімен қалайтын адам. Сондықтан мен Нұртасты емші деп атағым келеді. Себебі ол – хирург қана емес, сөзімен де емдейтін адам. Оған келіп жазылған науқастарға да сенім бітеді. Мұндай маманды толық маман деп атау керек. Қазір мамандардың моделі өзгеріп кетті. Тіс дәрігері тістің құрылысынан басқаны білмейді. Көз дәрігері көзді ғана қарайды. Нұртас адамның он екі мүше тәнімен бірге жанын да қатар емдеу керек деп сенетін. Мұның да астарында ғылыми негіз бар.
Шынын айтса, қазақтың арасынан осындай ер-азаматтың шыққанына қуанамын. Оны мақтан тұтамын. Сөз соңында Нұртастың жатқан жері жайлы, иманы жолдас, жаны жаннатта болсын деймін. Алла тағаладан сұрайтыным – әрбір ұлға Кәкімжан ағадай әке берсін, әрбір әкеге Нұртастай ұл берсін.


Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымының докторы:
ӨЛМЕС РУХ
...Нұртас Қазыбаев інімді Бекмахан Құралбаев досым арқылы танып едім. «Кәкімжанов-Қалижанов, қандай ұйқас фамилиялар» деп қолын қысқанмын. Па, шіркін! Нұртас атақты қоғам және мемлекет қайраткері Кәкімжан аға мен ұстаз Орынша апамның баласы екен ғой...
...Нұртас папасы сынды. Түр-тұлғасы келіскен жігіт. Дем­бел­ше. Хирург екенін білмесең, палуан ба деп қаласың. Шы­нық­қан шымыр, көзі отты. Өткір. Сұлу күлкісі бар. Жымиғанда бар жан-тәнімен жүзі нұрланып тұрады. ...Бірінші кездескен сәттен бастап-ақ Нұртас туған інімдей жақын болып кетті. Парла­мент Мәжілісіне депутат болып сайланып, Астанаға кеттім. Сайлаудан титықтап шықтым. Ең қиын қыл көпірден де, сын көпірден де өттім. Қан қысымым көтерілді. Ауруханаға қарындасым Ғалияға бара жатқанмын. Алдымнан Нұртас шыға келді. Құшағын аша құттықтап жатыр. Мәселенің мәнісін білген соң, кабинетіне әкелді. Қан қысымымды өлшеп жіберді де, телефон құлағын көтерді. Әй-шайға қарамастан каталкаға салды да, аурухана палатасынан бір-ақ шығарды. Бес күнде санаторийден шыққандай өңім кіріп, ұйқым тыншып шыға келді.
Алматыға келген сайын Нұртас ініме жолығып кететін әдет пайда болды. Өйткені кезінде еркін күреспен кәсіби деңгейде шұғылданғанмын, алты жылдай Қазақстан құрама командасы­ның сапында болғанмын. Күрестен алған жарақаттар кейін сыр бере бастайды екен. Нұртас інім хирургия бөлімінің бас­шы­сы еді. Сондай сәттерде тіземе сарысу байланып жүре алмай қалдым. Жедел жәрдем жіберіп, Нұртас інім бір айға жуық емдеткізді. Содан бері жеті жылдың жүзі болды. Құлан-таза жазылдым.
Осыдан бір жарым жылдай бұрын дәл Жаңа жылдың қар­саңында жұбайым ауруханаға тексерілуге барады. Енді кешік­се, жүректің тромбасы жарылып кетуі мүмкін екен. Ал мен ол кезде Алматы облысында сайлау науқанында жүргенмін. Жет­кенімше операция жасап қойыпты. Алдымнан Нұртас шықты.
«Аға, сәл кешіккенде не боларын кім біліпті. Жүрек түбіндегі бір тамырдың қан жіберу өтілі 10-ақ пайызды құрапты», – деді ол.
Операция бөліміне өзі алып кірді. Шыны есіктің ар жағын­да әртүрлі трубкалардың астында жұбайым жатыр. Таныған сыңайлы. Нұртас компьютерді іске қосты. Бүкіл операцияны көрсетті. Данияр деген жас хирургпен таныстырды. Мықты шәкірті екен.
Осындай күндердің бірінде суық хабар жетті. Нұртас Кә­кім­жанұлы Қазыбаев інімнің жүрек сағаты тоқтапты. Үйімізде отырып жыладық, теледидардан көрсетілген бейнесіне қарап қапаландық. Аллаға тапсырдық, құран оқып, қол жайдық. «Неге аурудың алдын алмады екен?» Өзімді өзім жұбаттым. «Алла сүйген құлдарын өзіне қажет кезінде алады». Бірақ Нұртас інімнің өлмес рухы қалды. Ол жүздеген, мыңдаған адамды ажалдан арашалап қалды. Сол сауап бала-шағасын желеп-жебеп жүрер. Тірліктегі жақсылығы мәңгі дүниенің пейіш есігін ашып тұрғанына сенемін. Қожа Ахмет Ясауи хикметінде:
... Кәне, ғалым, іс-әрекет, жарандар,
Құдайдан жан аяйтұғын не амал бар?! –
деген екен.
...Не амал бар?!


Бейбіт ИСАБАЕВ, Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
ӘДІЛЕТСІЗ ЖЕҢІЛІС
Бұл дүниеде жұмыр басты пендеге ана­дан артық қымбат жан жоқ. Мен ол кезде «Өркен» – «Горизонт» газетінде бас редак­тор­дың орынбасары қызметінде болатын­мын. Сол жылдары анам Рәкүл Рыспайқызы бүйрегінен қатты ауырып, урология инсти­тутында ота жасалды. Алайда отаның сәтсіз жасалу себебінен бүйрегіне грыжа шығып, денсаулығы нашарлай берді. Со­дан соң шарасыздықтан қаладағы №7 клиникалық аурухананың хирургия бөліміне жатқызуға тура келді. Дәрігерлер алғашында дәрі­герлік тексеру және емдеу жұмыстарын бастады. Сөз арасында «ана­ңыз­дың халі нашарлау, ота жасау керек» дегенді айтты. Сондай кезде анаң үшін бар жаныңды салып, жақсы хирург дәрігер іздеу әркімнің басынан өтетін жағдай емес пе. Менің анама отаны Сейіт деген жігіт жасайды деп шешілген екен. Алайда хирургия бөлімше­сіндегі дәрігерлермен және емделушілер­мен әнгімелесу бары­сын­да олардың аузы­нан Нұртас Қазыбаев деген мықты хи­­ру­рг­тің барын естідім. Амал жоқ, сол кісіге жолығуға тура келді.
 Бөлімшенің дәлізінде кездесіп қалдық. Мен «Ассалаумағалайкүм» деп амандас­тым. Ол болса «Уағалайкүмассалам» деп қолын созды. Жүзі өте жылы екен. Мұсыл­манша амандасуынан-ақ жүрегінің иманы бар азамат екенін сездім. Сөйтсем, бұл жігіт белгілі мемлекет және қоғам қайрат­кері, қазақ көсемсөзінің қас шебері, публи­цист жазушы әрі өзіміздің ұстазымыз Кә­кім­жан Қазыбаев ағамыздың баласы екен. Ол мені танымаса да, не жағдаймен және қайдан келгенімді сұрастырды. Шешемнің Бақанастан келгенін айттым. Сол кезде «О, өзіміздің Қонаев ағамыздың ауылынан екенсіздер ғой» деп күлді. Сөз арасында өзінің асығыс екенін, жарты сағаттан кейін кезекті ота жасауға баратынын айтты. Мен дереу анамның жағдайын айтып, көмек көрсетуін өтіндім. Содан кейін екеуміз анам­ның жатқан палатасына кірдік. Ол асығыс болса да, анаммен сөйлесіп, дәрі­гер­лердің жасап жатқан ем-домымен та­ныс­ты. Сөйтсек, емдеу барысында біраз кемшіліктер кетіп жатқан екен. Сол кезде Нұртас процедура кабинетіне келіп, мед­бике қыздарға емдеу шараларын қалай жасау керектігі жөнінде дауысын нығарлай түсіндірді де, емдеуші дәрігерге өзі ескер­тетінін айтты. Мен болсам сөз арасында оған «анама отаны сіз жасаңызшы» дедім. Ол «түстен кейін жолығайық» деді. Түстен кейін келсем, алдымнан баяғы таныстар сияқты өзі жылы қарсы алды. Содан кейін: «Саспаңыз, сіздің анаңызға отаны өзім жасаймын. Екі аптадан кейін сауыққан күйін­де алып кетесіз» деді. Мен бір ғана көрген адамымның осыншалықты қарапа­йым әрі мейірмандығына таңғалдым. Үлкен қызметкер болсам бірсәрі, қатарда­ғы журналиспін. Папасы жөнінде жақсы сөздерді көп естіген едім. «Ал енді сондай адамның баласы қалай жаман болсын» деп қоямын іштей.
 Көп ұзамай анама ота сәтті жасалды. Анамның палатасына күнделікті келіп жүрдім. Анамның Нұртасқа риза болғаны соншалықты, «Кәкімжан Қазыбаев сияқты ірі тұлғаның баласы қандай кішіпейіл. Адамды дәрімен ғана емес, жылы сөзімен де емдей алатын керемет қасиеті бар екен» деп ағынан жарылып отырды. Қазір анам­ның жасы 80-ге таяп қалды. Ота жасағаны­на 20 жылдан аса уақыт өтті. Бұл, әрине, медицинада Гиппократтың антынан айны­ма­ған Нұртас сияқты алтын қолды хирург­тің еңбегі екені сөзсіз.
Кейіннен біз жиі хабарласып тұрдық. Талай бірге футбол да ойнадық. Өз таныста­рымның ішінде денсаулығы нашарлап, ота жасау мәселесіне тірелген кезде, олардың бәріне Нұртасқа бару керектігі жөнінде кеңес беріп жүрдім. Кейде өзім хабарласып, көмектесуі жөнінде өтініш те жасадым. Ешқа­шан бетімді қайтарған емес. Бір күні саусағымды шыны кесіп кетті. Тез жазылып кеткен соң, оған онша мән берген жоқпын. Алайда ауа райы құбылған кезде саусағым сырқырап жүрді. Бір күні жақын танысым­ның халін біліп шығайын деп Нұртас істейтін ауруханаға бардым. Сол жерден Нұртасты кездестіріп қалдым. Әңгіме ара­сында сырқырап жүрген саусағымды көр­сет­тім. Ол ұстап қарады да, «терінің астын­да «инородное тело» бар ғой» деді. Содан соң екеуміз процедура кабинетіне келдік. Әңгімеге тарта отырып, саусағыма тиісті медициналық шараларды жасады да, сау­сақ терісін кесіп жіберді. Мен тіпті сезбей қалдым. Ішінен пинцетпен әйнек сынығын алып шыққанда өзім таңғалдым. Қолы қандай жеңіл! Дереу таңып берді. Сөз арасында «бұл кабинетте мен үшін министр болса да, елші болса да, бәрі – пациент» деп күлді. Екеуміз біраз әңгімелесіп отыр­дық. Қандай қарапайым, қандай мәде­­ниет­ті азамат. Мейірбан жүзі адамды өзіне тартып тұрады. Сол кезде өзінің қызметіне де, достыққа да адал азамат болса, Нұртас­тай болсын деп ойлаған едім. Алайда бұл екеуміздің соңғы кездесуіміз екенін біл­меппін.
Арада біраз уақыт өткенде Қазақстан­ның Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне ауыстым. Бір күні Алматы­ға демалысқа келіп, үйдегі теледидарды қос­тым. Қарасам, Нұртас жайлы хабар екен. Тесіле қарап қалдым. Жүргізушінің сөзіне мән берсем, өткен шақпен айтып жатыр. Елең ете түстім. Өз құлағыма өзім сенбеймін. Сөйтсем, өзім ерекше құрмет­теп, аға тұтқан досым бақилық сапарға аттанып кетіпті. Мүмкін емес деп қоямын. Қандай ауыр қайғы! «Талай адамды ажал­дан алып қалған  алтын қолды хирургке не болды екен» деген сауал көңілімді маза­лай берді. Таң атқанша дұрыс ұйықтай алмадым.
 Ертесінде дереу мамасының үйіне барып, көңіл айтып шықтым. Алдымнан жылы жымиған Нұртас шықпады. Үйде шуақ шашқан Нұртастың күлкісі жоқ. Жылап отырған мамасын құшақтадым. Әлі де сенбеймін. Иә, Нұртас өз өмірінде талай адамды ажалдан арашалау барысында сұм ажалды жеңіп шығып еді. Саналы ғұмы­рын­да бір ғана жеңіліс тауыпты. Ол – өзінің жеке өмірі үшін күресте. Бойындағы бар күш-жігерін өзгелердің өмірі үшін күресте сарп етіп жіберген екен ғой. Өмір жалған деген осы емес пе...