Тұсау

Ауыл қаланы асырай алып отыр ма?

  • Ауыл қаланы асырай алып отыр ма?

    Ауыл қаланы асырай алып отыр ма?

 


Елбасымыз бір сөзінде: «Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек, дағдарыс жағдайында бізді асырайтын – ауыл», – деген еді. Рас, бұрын ауылдарымыз «миллиардер ауыл» атанып, өнімі көл-көсір тасып, қаланы асырап жататын. Ет те, сүт те, көкөніс пен жеміс те ауылдан толассыз ағылатын. Ал біз бүгінде аграрлы ел бола тұра, ауыл шаруашылығы өнімдерін ауылдан «дорбалаудан» гөрі, шекараның арғы бетінен «арбалауды» жөн көріп алдық. Ауыл жастары да ауылда жұмыс болмағаннан кейін қалаға ағылуда. Кейбір деректер бойынша, соңғы 10-15 жылда ауылын тастап, қалаға көшiп кеткен ауылдықтардың саны 2 миллионға жетiп жығылады екен. Соның барлығы дерлік жұмыссыздықтан «алтын бесігінен» безуде. Кейбір сарапшылар  «өркениетті елдердегідей ауылда халықтың он пайызы тұрса жетеді, қаланы солар-ақ асырауы тиіс» деген де пікірлер айтып жүр. Алайда «қазір халықтың тең жартысы ауылда тұрса да, қаланы асырай алып отыр ма, асырай алмаса, оған не кедергі» деген сауалдарды мамандарға қойған едік.


gani-kaliev-ia


Ғани ҚАЛИЕВ, «Ауыл» партиясының төрағасы:


Иә

– Ауыл – ел экономикасының қайнар көзі. Елді азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз ететін ерекше сала. Бұрын ауыл шаруашылығы өнімдерінің ауылдан қалай ағылып келіп жатқанын көз көрді. Қазір де ауыл қолда бар мүмкіндіктерін беріп жатыр. «Не ексең, соны орасың» дегендей, бүгінде біз ауылға қандай жағдай жасап отырсақ, ауыл да сол жағдайға қарай өнімін беріп отыр. Егер ауылшаруашылық өнімдердің денін ауылдан алғымыз келсе, ауылға жағдай жасауымыз керек. Сонда ауыл көркейіп, өзін де, қаланы да, бүкіл қазақты да асырайды.


Қазір біз өзімізге керекті нәрсенің көбін шекараның арғы бетінен тасуға үйреніп алдық. Соны өзімізде өндірсек, құнарлы жеріміз де, техникамыз да, жұмыс күші де бар. Тек ниет жетіспей отыр.


Дамыған елдердің барлығын ауыл асырап отыр, соған сай, оларда ауылға көмек пен қамқорлық та ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, Еуропа елдерінің ауа райы қолайлы, жер жағдайы біздегіден екі-үш есе жоғары. Соның өзінде 1 гектар жерге бюджеттен 550-600 доллар қаржы аударып, көңіл бөледі. Ал бізде – гектарына 5-6 доллар көлемінде. Ресейдің де жер жағдайы біздегіден 2,5 есе жақсы болса да, 1 гектарға 40 доллардан ақша бөледі. Белоруссия да әр гектарына 250 доллардан қаржы бөліп келеді. Біз ғана «шөміштен қағып», жердің қадіріне жетпей келеміз. Егер біз сол елдердей көңіл бөлсек, ауыл шаруашылық өнімімізбен талай елді жаулап алар едік.


Биылдан бастап Кедендік одаққа кіріп отырмыз. Егер сол елдермен иық тірестіре алатындай бәсекеге қабілетті болғымыз келсе, ауыл шаруашылығымызды дамытуды қолға алып, ауылға көңіл бөлуіміз керек. Осы орайда біз «Ауыл» партиясының атынан Үкіметке ұсыныс жасадық. Оның ішінде ауылдық жерлерді шоғырландырудың пайдасы, бос жатқан жерлерді және 40 миллион гектарға жуық жайылымдық жерді іске қосу, Үкіметтен бөлінетін субсидия көлемін арттыру мәселелері қамтылған. Мұның барлығы ауылдың жағдайын көтеру арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға арналған. Ауылдық жердегі шағын жеке шаруашылықтарды шоғырландыру арқылы кооператив құру керек. Және үкіметтен көмек ретінде бөлінген қаржыны делдалдарсыз солардың өз қолына беру қажет. Сондай-ақ несие беру шаруасы да бізде – қиямет-қайым. Ең алдымен, қаржы Ұлттық банктен бөлініп, «ҚазАгро» ұлттық холдингіне» түседі. Одан әрі екінші дәрежелі банктер арқылы шаруаларға таратылады. Өз кезегінде көрсеткен қызмет ақысы үшін банкте өз үстемесін қойып, қолдан-қолға өту нәтижесінде оның үстемесі еселене түседі. Үстемесі жоғары несие шаруаның ісін алға бастырмайды. Сол үшін ауыл шаруашылығы банкін құрып, арадағы делдалдарды алып тастау керек. Қазіргі жағдай ауылдағы шаруаға қиындық әкеліп, ауыл шаруашылығы өнімінің қымбаттауына әкеліп отыр. Осылайша, ауылға қолдан қиындық жасап берудеміз. Егер осындай қиыншылықтардың бәрі жойылса, ауыл қаланы асырамақ түгілі, мемлекетімізге қыруар пайда әкелер еді.

Қазір кейбіреулер «ауылдың болашағы жоқ» деген әңгімелер айтып жүр. Ауыл күні кеше ғана гүлденіп тұрған, мыңғырған малы, суы мен нуы да мол, шөбі шүйгін кеңшарлар ғой. Керісінше, еліміздің ауылсыз болашағы жоқ.


ilias-isaev-jok1


Ілияс ИСАЕВ, экономист-сарапшы:


Жоқ

– Ауыл қаланы асырамақ түгілі, өзін-өзі асырай алмайтындай күн кешуде. Ауылда техника мүлдем жоқ. Қолда бар малы тек күнкөріс көзіне ғана жарайды. Жаппай егіліп жатқан егін де жоқ. Егін егетін жердің көбі жекеменшікке сатылып кеткен. Ауылдықтар азық-түлігін қаладан тасып ішеді. Өйткені оны қолдан өндіруге жағдай жоқ. Ауылдағы бас көтерер азаматтардың барлығы қалаға жұмыс іздеп кеткен. Ауылда жұмыс болмағаннан кейін қалаға жұмыс іздеп кеткен жастардың көбі бүгінде өздерін ғана емес, ауылда қалған ата-анасын да асырауда.


Осылайша, бұрын ауыл қаланы асырап келсе, бүгінде қала ауылды асырайтын дәрежеге жетті.

Ауылда жұмыс болмағандықтан, жастар жаппай қалаға кетті. Егер ауылда екі қолға бір күрек табылып, ай сайын жалақы алып отырса, Алматының базарына келіп, «арба» сүйреуге таласпас еді. Бүгінде ауылда екі сиыр, он қойы болса, оны «өзін-өзі жұмыспен қамтушының» қатарына қосып отыр. Мұны тіпті идеология қылып, халықтың санасына сіңіріп те тастадық. Осы идеологияның, ауылдағы жұмыссыздық деңгейін төмен етіп көрсетуіміздің салдарынан ауыл тұрғындарының дені жұмыспен қамтылған болып шыға келуде. Осындай көзбояушы ақпаратқа қаныққан жоғары шенділер ауылда жұмыс көзін ашуға құлықсыздық танытуда. Ал шындығында бүгінде ауылда жұмыс көзін ашқан күннің өзінде онда жұмыс істейтін жастардың өзі қалмай барады. Шаруаның қолындағы азғантай малы – тек күнделікті аштан өлмеудің қамы. Ал одан әрі ауылдағы шаруаның жағдайын жақсартуды, шаруашылығын кеңейтуді, ауылды қаланы қамтамасыз ететіндей деңгейге жеткізуді ешкім ойлап отырған жоқ. Мұндай жағдайда ауыл қаланы асырай алады деп қалай айтамыз?

Атакәсібіміз төрт түлік болғанына қарамастан, ет пен сүт өнімдерінің көбін шеттен тасып ішіп-жейміз. Өйткені бүгінде сол қолайлы болып отырған сыңайлы. Шынын айтсақ, ауылдың  қаланы асырауына өзіміз мүдделі емеспіз. Қаланың іргесіне әкеліп сүт өнімдерін өндіретін өндіріс ошағын саламыз да, ауылдан сүтті ірітіп-ашытып қалаға тасимыз. Одан да неге өндіріс орнын ауылға салмаймыз? Сүтке сұраныс болғаннан кейін ауылдықтар да сиырды көбейтуге күш салар еді. Қазір Алматы қаласына тіркеуі жоқ азаматтарды енгізбеу туралы сөз болуда. Ауылда жұмысы жоқ жастар амалының жоқтығынан қалаға ағылып жатыр. Сол үшін алдымен ауылда өндіріс ошақтарын ашып алған соң ғана оларды қалаға тіркемеудің амалын қарастырған жөн еді. Жағдай дәл осылай жалғаса беретін болса, ауыл қаланы бүгін де, ертең де асырай алмайды.



Бейтарап пікір

Дулат ИСАБЕКОВ,
жазушы, драматург:

– Дәл қазір ауылды тиімді пайдалана алмай отырмыз. Бізде бәрі өндіріледі. Алайда дәмі жоқ, экологиялық жағынан таза емес, өзгенің сапасыз өніміне көз сүзіп отырмыз. Бұл – жоғары жақтағы осыған мүдделі кейбір топтардың жасап отырған әрекеті. Осы қиянатқа тосқауыл қойылса, бәрі орнына келер еді.



 




Көрілген: 3579    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 26.04.2010, 12:33

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30