Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Жұмыстың сапасы жұмыс сағатының ұзақтығына тәуелді емес

01 мамыр 2013, 12:19

ХІХ ғасырдың 60-70 жыл­дары АҚШ-та жұмыс­шы қозғалысының белең алуымен ерекшеленеді. Осы кезде кәсіподақ пайда болып, Ұлттық жұмысшы конгресі құрылады. Олар қойған басты талаптың бірі – сегіз сағаттық жұмыс күні.

Жұмыс сағатының ұзақтығы
Балтимордағы жалпыға ортақ жұмыс­шы конгресі 1866 жылы 16 тамызда мы­на­дай мәлімдеме таратты: «Қазіргі заман­ның бірінші және ұлы талабы – осы елдегі еңбекті капиталистік құлдықтан құтқару үшін америкалық одақтың барлық шта­тын­да сегіз сағаттық жұмыс күнін мойын­дайтын заң шығару. Біз сондай тамаша нә­ти­жеге қол жеткізу үшін бүкіл күшімізді жұмылдырамыз деп шештік».
1868 жылы Пенсильваниядағы тау-кен жұмысшыларының бас көтеруінен ке­йін үкіметке тиесілі кәсіпорындарда сегіз са­ғат­тық жұмыс күнін белгілу туралы заң қа­былданды. Алайда ол барлық жерде бір­дей орындала қоймады. Ал содан бір жыл бұрын бала еңбегін 10 сағатқа шектеу жөніндегі заң қабылданған-тұғын.
Кейінірек Чикаго анархистерінің көсе­мі Альберт Парсонс былай деп жазады: «Біз­дің сегіз сағаттық жұмыс күнімізге ка­пи­талистердің құқығы бар екенімен келісу – жалдамалы жұмыстың әділдігін мо­йын­дайтын факт... Сегіз сағаттық жұ­мыс күнін ка­питалистердің жұмысшыларға итке сү­йек лақтырғандай алдарқатуы дер едім».
Бастапқыда қарсы шыққан анархистер бұл мәселенің жұмысшыларды қатты тол­ған­дыратынын түсінген соң әрі жаппай қозғалыстан сырт қалғысы келмегендіктен, оларды қолдауға мәжбүр болды. Сонысы­мен отқа май құйып, қозғалысты жандан­ды­рып жіберді. Мұның соңы 1886 жылғы 1 мамырда Чикагода өткен жаппай толқу­ға ұласқаны белгілі. Міне, 1 Мамырды атап өту тарихы осы оқиғадан бастау алады.
Чикагодағы қанды қырғыннан кейін отыз шақты жыл өткенде, 1914 жылы әйгі­лі Генри Форд бес күндік жұмыс күнін ен­гі­зіп, АҚШ-тағы ең жоғары жалақыны (күніне 5 доллар) белгіледі. Жұмысшылар­ды компания табысына қатыстыруға жағ­дай жасап, үлгілі жұмысшы поселкесін тұр­ғызды. Форд зауыттарының маңдайша­сын­да «Есіңде болсын, Жаратқан адамды қо­сымша бөлшексіз жасап шығарған» де­ген жазу ілініп тұратын.
Еңбек өнім­ділігіне әсер етпейді
Фордтың осы бір қанатты сөзі бүгін де өзекті. Жүз жылдан бері жүргізілген ғы­лы­ми зерттеулердің нәтижесі аптасына 40 са­ғаттан артық жұмыс істеу еңбек өнімділі­гін төмендетуге алып келеді деген тұжы­рым­ға әкеліп тіреді.
Өткен ғасырдың басында Ford Motor Co ең жоғарғы өнімділікке қол жеткізу үшін қанша сағат жұмыс істеу қажеттігін анық­тайтын ондаған тест жүргізген еді. Сонда ең тиімдісі аптасына 40 сағат екенін анық­талған. Ол 40 сағатқа тағы 20 сағат қосса, ол өнімділікті сәл-пәл көтеруін көте­реді. Бірақ үш-төрт апта өткеннен кейін еңбек өнімділігі құрып тынады.
Бүгінде корпоративтік ортада еңбек ете­тіндер зауыт-фабрика жұмысшыларына 100 жыл бұрын тиімді саналған ереженің жарамды екенін жақсы біледі. Өйткені ап­та­сына 40 сағат жұмыс істейтіндер 60 са­ғат тырбанатындарға қарағанда, көбірек іс тындыратыны әбден дәлелденді.
Ал күн демей, түн демей тер төгетін бел­сенділердің тындырған жұмысы әдетте жақсы жемісін бере бермейді.
Арнайы зерттеу көрсеткендей, апта бо­йы «плантациядан» шықпайтын қыз­мет­керлер жасына жетпей солып, жеке өмірде де жолы болмайтын көрінеді. Кері­сін­ше жұмыс сағатын ұзартуды жақтай­тын­дар орташа еңбек аптасы ұзаққа созы­латын Тайланд, Корея және Пәкістан сияқ­ты елдерге меңзейді. Олар мұндай ұзақ жұ­мыс апталары бәсекелік артықшылық береді деген пікірде.
Әйтсе де өмірдің өзі бұл пікірдің жаң­сақ­тығын дәлелдеп отыр. Бәсекеге қабі­лет­ті алдыңғы қатарлы он елдің алтауында – Швеция, Финляндия, Германия, Нидер­ланды, Дания және Ұлыбританияда жұ­мыс аптасын 48 сағаттан асыру заңға қай­шы. Американың іскерлік ортасында қа­лып­тасқан 50, 60, тіпті 70 сағаттық жұмыс аптасы деген бұл елдерде жоқ. Өйткені ол­ардың ұстанатын қағидасы – «Егер де қызметкеріңнің жұмысы жемісті болсын десең, қысқа мерзім ішінде көбірек жұмыс атқарсын десең, жұмыс мерзімін аптасына 40 сағаттан асырма».
Сондықтан, ғалымдардың пікірінше, жұ­мысын ертерек тындырып кетуді дағ­ды­ға айналдырғандарға жаза қол­дану ар­тық. Керісінше қызметкерлер белгі­лен­ген жұмыс сағатынан асырып еңбек еткені үш­ін кешірім сұрасын. Себебі олар бүкіл ұж­ым­ның жұмысын артқа тартатын жайба­сар­лар болуы мүмкін. Әрине, мұндай пі­кір­мен келісу-келіспеу әркімнің өз еркінде.
«Номенклатура негрлерін» көбейтеді
Бізде де тоғыз сағаттық жұмыс күнін ен­гізу жөнінде мәселе көтерілгені мәлім. Бұл да қоғамда әжептәуір тартыс ту­дырды. Жақ­тау­шылардан гөрі қарсы шық­қандар көп. Белгілі экономист, Қазақ­стан ЖОО қа­уым­дастығының төра­ғасы Рахман Алшанов: «Бізде тоғыз сағаттық жұмыс кү­нін енгізу­дің ал­ғышарты жоқ. Жұмыс күнін ұзарту жұ­мыс­сыздар санын көбейтеді» десе, саясат­танушы Досым Сәтпаев қа­зіргі Қа­зақ­стан жағдайында сегіз сағаттық жұмыс күні – жай ғана шарт­тылық екенін жеткіз­ді. «Кез келген мемлекеттік орган немесе жеке ком­панияның басшысы жеке шеші­мімен жұмыс күнін белгілей алады. Қала­са, қыз­меткерлер 10 сағаттан асырып жұ­мыс іс­тей­тін болады», – дейді ол. Ол тіпті мейрам күн­дері, көбіне демалыс күн­дері кеңседе отыратын шенеуніктерді «но­мен­клатура негрлері» деп атады.
Олар кешке дейін кеңседе әншейін оты­ра­тын шығар. Себебі олар көбіне қар­қын­ды жұмыс істеп жатқандай түр таныта­ды. Жұмыс күнінің 90 пайызын ешкімге керегі жоқ қағаз есеп жазуға жұмсайды немесе Мая­ковский жыр­ла­ғандай, «мәжі­ліс жа­сау­мен» уақытын өткі­зеді. Әлбетте, олар­дың өнім шыға­руға көп уақыт жұмса­ға­нынан өнім сапасы жақ­сарып кетпейді. Ал олардың өнімі тұр­ғындарға көрсететін мемлекеттік қыз­мет екені белгілі.
Айтпақшы, былтыр ресейлік кәсіпкер Михаил Прохоров та жұмыс күніне байла­нысты әңгіменің шетін шығарған. Ол тіпті қыз­ды-қыздымен 12 сағаттық жұмыс кү­нін енгізуге ұсыныс жасады. Осы ұсынысын ақтау үшін мынадай уәж айтқаны да бар: «Ресейдегі жұмыс күні АҚШ-пен салыстыр­ғанда, 20 пайызға кем. Ал ресейліктер зей­нетке 15 жылға ерте шығады». Орыс­тың мил­лиардері отандастары 12 сағат жұмыс күніне көшсе, өзі секілді байып кетеді деп ойламағаны белгілі. Әрі бұл сөзін пре­зи­дент сайлауы алдында айтқан­дықтан, Про­хоровтың ұсынысы арзан пиар ретінде ба­ғаланды.
Қалай болғанда да, бізде де, терістік көр­шімізде де жұмыс сағатын ұзарту тура­лы ұсыныс қолдау таппады. Неге екені тү­сі­нікті. Бір жағынан, мұндай ше­шім Халық­ара­лық еңбекті ұйым­дастыру конвенциясы шеңберінде еліміз қабыл­даған халық­аралық міндеттемелерге сай келмейді.