Қазақ мықты болмай, мемлекет мықты болмайды

01 мамыр 2013, 12:25

«Бетегең кетсе, бел қалады; бектерің кетсе, ел қалады; ал берекең кетсе, нең қалады?!»
Бұл ел басына күн туған заматта халықтың еңсесін тіктеп алу үшін қазақ бұқарасына  айтылған  үндеу болатын-ды. Аттың жалында, түйенің қомында жүрген ежелгі бабаларымыз бірлік деген сөздің бүкіл бір ұлтты ұйыстыратын ұғым екенін жақсы сезінді. Сондай сезінуден болар, кезінде қазақтың бауырмалдығын арқа тұтып, туыс-бауыр болуға ұмтылғандар көп болды. Қазақ сол бауырлас болғысы келгендерге қолындағы барын берді, сыйлады, төріне шығарды. Сөйтіп, біз әлемдегі көпұлтты мемлекеттердің қатарына қосылдық. Ал бұдан ұтқанымыз не, ұтылған тұсымыз бар ма?

Ұлттың құрылысы толық зерттелінуі керек
Жалпы, көпұлтты мемлекет бо­лудан ұт­­қанымыз не, ұтылар тұсы­мыз қане деп ой қаузағанымызда, зиялы қауым өкі­л­­дерінің біразы 130 ұлтты бір мем­ле­кеттің аясына ұйыс­ты­рудан ана­ғұр­лым зиян шекпейтінімізді, мем­лекетті құ­рушы негізгі ұлт ретінде үнемі өзіндік мүддеміз айқын екендігін баса айтты. Не­гізінде, бұған қатысты де­рек­терге жү­гінсек,  1926 жылы Қазақстан хал­қы­ның 87  па­йы­зын мемлекет құру­шы ұлт ретінде қа­зақ халқы құраған. Ке­ңес Одағының со­лақай саясатының сал­дарынан бұл көр­сеткіш 50-жыл­дары 28 пайызға де­йін тө­мен­деген. Ал 1991 жылы 42 па­йызға жетіп, бү­гінде Тәуел­сіздік за­ма­нында бұл ме­же 67 пайызды маңайлап отыр. «Әт­те­ген-айы сол: қазақ­ты­ғы­мызды аяқтан ша­лып жүрген – сол қа­зақ­тар­дың өзі. Сон­дықтан қазір бізге қа­жеттісі – ұлт­тық құрылыс­тың толық зерт­те­лінуі» де­седі сарап­шылар.
Аймара ТІЛЕУКИНА, әлеуметтанушы:
– Қазақ мәселесі туралы сөз еткен­де мынадай бір мысқыл сөз ойыма орала­ды. Бір қазақ суға батып бара жатып «құт­қа­рыңдар, құтқарыңдар» деп айғайласа, әл­гі­ні сыртынан көріп тұрған екінші қазақ «сені құтқарсам, мынау өзінің қаза­ғына кө­мектесіп жатыр» деп өзге ұлт өкілдері рен­жиді. Сондықтан менен қай­ран жоқ, қара­ғым» деп қарап тұр дейді. Міне, ащы да болса, бұл – шындық. Аста­рында бүкіл бір ұлт­тың бейнесін айқын­дайтын зіл жа­тыр. Қазір біз көпұлтты мем­лекет болудан еш­қандай зиян шекпейміз. Қазақтың сол өзге ұлтқа жалтақтығынан есеміз кетуі мүмкін. Орыс ұлтының екі азаматы ара­мыз­да отыр­са, бүкіл қазақ орыс тілінде сөйлеп кетуді әлі тоқтатқан жоқпыз. Бізді құртатын – қоғам­дағы өзіміздің қазақтар. Өзінің тілін, дінін, ділін ажырата білмейтін қазақ­тар­дың көрсеткішінің басымдық беруі бізге айрықша қауіп төндіреді. Сон­дық­тан қазақ мемлекетіне нақ қазір сырт­тан келе­тін, өзгеден келетін қауіп жоқ. Біз өз ішіміз­дегі ұлттық құрылысымызды, ұлт­тық құра­мы­мызды зерттеп алғанымыз жөн. Олай етпесек, дінін шатастырып, тілі­нен безініп, діл дегенді мүлде ұқпай жүр­ген қазақ өкіл­дерінің біразының әрекеті болашақта ірге­мізді солқылдатпасына кім кепіл?! Сон­дық­тан бұл мәселеде өз ұлты­мыздың кем­ші­лігін, жетіспей жатқан дү­ние­лерін іздеп, олқылықтарымыздың ор­нын толтырған жөн болар. Бізге алдымен осы мәселені ше­шу­ді ойластыру керек. Ол үшін ұлттық иде­о­логиямызды нығайтуы­мыз қажет. Ұлттық құндылықтарды баға­лау үрдісі те­рең­дегені жөн. Сондықтан ең абзалы ұлт­тың құрылысын, құрамын, құн­дылықтарын зерттейтін орталықтар аш­ыл­ғаны жөн.

Абзалында мұндай ұсынысты біраз ма­мандар қауымы сөз етіп жүр. Маман­дар­дың пайымдауынша, аталмыш орта­лық­тар мың өліп, мың тірілген қазақ хал­қының мерейін одан әрі аспандата түсу үш­ін қажет.
Трайбализмнен сақтану керек
Айтқандай-ақ «ұлттың ұйысуын, бір­лік­тің нығаюын тереңдететін мұндай орта­лық­тарды қоғамымызға қажет» деп са­най­тын мамандарымыздың біразы «егер ондай орталықтар құрылса, береке-бір­лік сөзінің құны арта түседі» дегенді алға тар­тады. Мәселен, кейінгі кездерде «бе­ре­ке, бірлік» деген қасиетті сөздерді орын­ды-орынсыз пайдаланып, беделін түсіріп ала­тынымызды, лауазымды тұлғалардың аузынан осы сөздер шығатын болса, бір­ден соңынан «көпұлтты Қазақстан» деген тір­кестер тіркеліп тұратынын, жалпы, «бе­ре­ке» мен «бірлік» сөзінің құны арзандап бара жатқанын алға тартқан мамандары­мыз «еліміздегі қазақтың бірлігі болмаса, бас­қалардың ахуалы одан да мүшкіл болып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан біз үш­ін қазір жүзшіл, рушыл, жершіл болып жік-жікке бөлінгеннен ұлт болып ұйысқан абзал» деседі.
Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, сарапшы-маман:
– Әрине, қарапайым жұрттың арасын­да елін, жұртын, руын сұрағанда тұрған еш­теңе жоқ. Бұл – қазақ халқының салтын­да бар дүние. Біздегі қазіргі мәселе – шені мен шекпені келісіп тұрғандардың арасын­дағы рушылдық. Олар бір лауазымды ор­ын­ға отыра қалса, өз руласын маңына жай­ғастыруға тырысады. Кейінгі кезде «ко­манда» деп жүрміз. Ол командада кім­дер болатыны белгілі жайт. Осыдан кейін барып, жік-жікке бөліну, ру-руды жіктеу дерті басталады. Бірлікке сызат түсіретін жайт­тардың бірі – осы. Сондықтан біз көп­ұлтты мемлекет болудан емес, трай­ба­лизм дертіне шалдығудан қорқуымыз қа­жет.

Жалпы, көпұлтты мемлекет бірлігін сақ­таудың заманға сай тағы бір жолы бұл – бәсекеге қабілетті болу. «Қазақ баласы қай кезде де бәсекеге қабілетті, қарымды бол­са, өзге ұлт өкілдері де олардың ая­сы­на жиналып, мемлекет құрушы негізгі ұлт­тың ықпалына ыңғайланбақ» деседі ға­лымдар.
Сапабек ӘСІПҰЛЫ, жазушы-ғалым:
– Қазақтың мерейі үстем болуы үшін қазақ баласы кез келген салада қарымды, қабілетті болуы керек. Бәсекеге қабілеттілі­гіміз жоғары болып, әрбір кезде өзіндік ойымызды ашық, нықтап айта алатын бол­сақ, қазақтың іргесі сөгілмейді. Өзге ұлттар біздің аямызға ұйысып, бірлігіміз нығайып, мемлекеттігіміз арта түседі. Сондықтан бо­ла­шақта іргеміз сөгілмесін десек, қазақты­ғымыз, қазақтық идеологиямыз тереңдеуі керек. Сонда ғана көпұлтты Қазақ елі тату­лық­тың мекеніне айналмақ.