Тұтастық

Мемлекеттік қызметке тек мемлекеттік тілді меңгергендерді ғана қабылдау керек пе?

Меруерт Қазбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бұл – жақсы бастама. Әрине, қол­дай­мын. Бірақ асығыстық танытуға бол­май­ды. Қазір мектептерде қазақ тіліне ай­рықша көңіл бөлінуде. Демек, сол тол­қынның орта білім алып, жо­ғар­ғы оқу орындарында оқып, жұ­мысқа ара­лас­қандарынша 10-15 жыл­дай уақыт ке­теді. Міне, сол кезде мем­ле­кет­тік тілді біл­мейтіндерді қыз­метке ал­май қоюға болады. Тіл мәсе­лесі қа­шан­нан өзекті. Оны дамытып, мәртебе­сін көте­руге қазір бар жағдай жасалуда. Тіл тағ­дыры – Пар­ламент қа­быр­ғасында да жиі көте­рі­летін тақы­рып­тардың бірі. Десек те, мұн­дай талап қоюға әлі ерте. Өйткені мем­лекет­тік қызметте отыр­ған­дардың ара­сында қазақшаны жетік білмейтін ма­ман­дар әлі де көп. Бізге қазір мемлекеттік қызметке тек тілді біле­тіндерді ғана ем­ес, сонымен қатар білімді-білікті ма­ман­дарды да тартуы­мыз керек. Дәл бү­гін­гі кү­ні осы жағы ма­ңыздырақ деп ой­лай­мын.


Жолдас Мәмбетов, филология ғылымының кандидаты, доцент:

– Әлбетте! Мемлекеттік тілді білу – әрбір адамның парызы. Әлемнің бар­лық дерлік елдерінде мемлекеттік тілді білуге қойылатын талап күшті. Біздің елдегі мем­лекеттік қызметте отырған­дар «ор­ыс­ша оқығанбыз. Қазақшаға шор­қақпыз. Кеңес үкіметінің жүйесі ғой» деп жатады, ал қасында тұра қал­саң, қазақша жақсы түсінеді, тіпті сөй­лей де алады. Ондай бол­са, мемлекеттік қызметке қабылдану үшін қазақша білу­ге міндеттеуге әбден болады. Қа­зір­ден бастап мықтап қолға алып, мем­лекеттік тілді меңгеруді заң нор­матив­терімен міндеттемесек, «ерте­ңіміз» біт­пейді. Өткенде тілдерді оқыту ор­талы­ғында жұмыс істейтін орыстілді бір азамат былай дейді: «Мен қазақ тілін он жылда үйрендім. Қазір жақ­сы біле­мін. Онымды мақтан тұта­мын, әрине. Алайда жұмыста қазақша сөй­лей­тін адам таба алмаймын. Егер осы үдеріс жалғаса берсе, мемлекеттік тіл орыс тілі болып кете ме деп қор­қамын». Жалпы, қазір Қа­зақ­станда қазақша білетіндер басым. Ал кейбір шенеу­ніктің қазақ­шаға ем­ес, орысшаға жа­қын­дығы – жаман әдет. «Ауру қалса да, әдет қалмай­ды». Ме­нің ойымша, халық арасында әлеуметтік сауалнама жүргізу керек. Егер сұралған­дардың негізгі бөлігі қазақтілді болса, онда «мемлекеттік қызметке тек мемле­кеттік тілді меңгер­ген­дерді ғана қабыл­дау керек» деген заң шығаруды кейінге қалдырудың қажеті де жоқ.


Мұхит Асанбай, саяси ғылымдар кандидаты, саясаттанушы:

– Мен керек деп санаймын. Мем­лекет­тік деп аты айтып тұрғандай, мем­лекеттік қызметкердің атына заты сай бол­ғаны дұрыс, яғни бұл қызметте жұ­мыс істейтін адам қазақшаны жетік мең­герген, ұлтының жанашыр тұлғасы бо­луы қажет. Біз өз алдына қалыптасқан мем­лекетпіз. Осы жағынан алғанда, елі­міз­де шешуші рөл атқаратын қазақ­тың мүд­десі бұл арада бірінші болып ескері­луі тиіс. Егер үкімет мемлекеттік тілді да­мы­туда мейлінше күш жұмсаса, талап қо­йылса, бұл проблема оңай шешілген болар еді. Өйткені мемле­кеттік қызметте отырғандардың 90 пайызы – қазақтар. Олай болса, мем­лекеттік тілді білмейтін­дерді жұмысқа қабылдауға тыйым салу­ға әбден бола­ды. Мемлекеттік тілді да­мы­туға бюд­жеттен қомақты қаржы жұм­сап жатады. Одан да бір тиын бөлмей, мемлекеттік қызметке тек мемлекеттік тілді меңгер­гендерді ғана қабылдайық. Бұл, бірінші жағынан, қазақ тілінің да­муы­на, мәр­тебесін көтеруге айрықша ық­пал етсе, екінші жағынан, мемлекеттік қыз­мет­тегі­лерді қазақша сөйлетер еді.




Көрілген: 2663    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 01.05.2013, 12:17

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30