Шпаргалка түрлері

23 мамыр 2014, 17:25

Сәуір мен мамыр – көктемінің әдемі айы ғана емес, аралық бақылаулардың, тоқсандық қорытындылардың, емтихандардың, дайындықтардың, ҰБТ-ны уайымдаудың және осы аталғандардың бәріне шпаргалка дайындаудың айы. Оқушы, айтыңызшы? Сіз осыған дейінгі дайындық тесттерінде дірілдеген қолдарыңызды шпаргалка тұрған қалтаға салып көрдіңіз бе? Ұялудың қажеті жоқ, біз бәрін де білеміз. Бүгін сіздермен осы бір көмекшілеріңіз туралы, олардың түрі және пайдалану жолдары туралы сөз қозғамақпыз.
Қарапайым шпаргалка. Ұсақ әріптермен бірнеше сұрақтың жауабы жазылған қағазды серіппе секілді орау арқылы жасалады. Мұндай шпаргалкадан көшіру өте қиын. Егер сіз аудиторияның ортасында немесе артқы орындардың бірінде отырсаңыз үміттенуге болады. Десе де осы шпаргалка – білім алушылар арасында ең көп тараған. Сайып келгенде, көшіру өнерін меңгерген адам әйтеуір бір жолын табады деген қорытынды шығады.


Бомба шпаргалка. Дұрыс жауаптар алдын ала жазылған жалпақ қағаз. Әрине, мұны дайындау үшін көп уақыт керек және сыйымдылығы да төмен. Мұнда сұрақ кітапшасының көлеміндей қағазды аласыз да, өзіңізге керек формулалардың немесе жиі қателесетін сұрақтарыңыздың жауабын жазасыз. Сұрақ кітапша таратылған сәтте мүмкіндікті пайдаланып, қағаздарды сұрақ кітапшаның астына қоясыз. Мұндайдан тек 2-3-еу ғана жасағаныңыз дұрыс. Керегіңізді іздеп отырып, кезекшінің көзіне түсіп қалуыңыз ғажап емес.


Кітап шпаргалка. Нағыз еріншек түлекке арналған түрі. Ол үшін анықтама кітаптарындағы, оқулықтардағы қажет тұстарды кесіп, біріктіріп, шағын кітап жасап шығу керек.


Орама шпаргалка. Өте ұсақ әріппен терілген мәтін қатты әжетхана қағазына шығарылады. Сыйымдылығы бір бөлек, ұсталып қалған жағдайда оңай құтылып кетесіз: кезекші байқағанын білдірсе, дереу орап жіберіп, әжетханаға шығып келуді сұрайсыз.


Плееер шпаргалка. Дұрыс жауаптарды алдына ала диктофонға басып алу керек. Оларды тақырып бойынша реттеп орналастырасыз. Солай болғанымен, керек кезде табу қиынға соғады. Оның үстіне, құлаққабыңыз байқалып қалса, тіптен қиын болмақ. Немесе қазір осындай дайын плеер, сағат шпаргалкалар сатылады.


Калькулятор шпаргалка. Қажетті формулаларды калькулятор көлеміндей қағазға жазып, алып кіретін калькулятордың астына жабыстырып аласыз.
Жаға шпаргалка. ҰБТ-ға киім таңдауда да асқан ұқыптылық керек. Мәселен, жағасы бар киім таңдайтын болсаңыз, бір оқпен екі қоянды ата аласыз. Жағаның ішіне шпаргалканы жабыстырасыз да, қарау керек кезде, ыстықтаған кейіп танытып, жағаңызды алдыға созасыз. ҰБТ-ға қара форма мен ақ фартук кисеңіз де, киімнің әрбір бұрышына, фартуктың астына шпаргалка жабыстыруға болады. Кейбір қыздар жауаптар жазылған қағазды сандарына да жабыстырып қойып жатады.


Біз атап өткен шпаргалка түрлері бірнеше жылдан бері қолданылып келеді. Кейбір заманауи оқушыларымызды қызықтырмауы да мүмкін. Алайда, дәл осы жолдармен мыңдаған түлектің ҰБТ тапсырғанын ұмытпаңыз. Және бұл қатып қалған қағида емес, сіз өзіңізге ыңғайлы, өзіңізге пайдасы тиетін шпаргалка түрін ойлап таба аласыз.
Орайы келсе, шпаргалка деген жақсы ғой, бірақ, білген, оқыған, тоқыған одан да жақсы. Өткен тақырыбымызда айтып өткеніміздей, шпаргалка – ең соңғы мүмкіндік қана болсын.
Сәттілік сізге, жас түлек!
Мақала massaget.kz сайтынан алынған