Алғашқы күні ҰБТ-дан сүрінгендер аз болмады

03 маусым 2014, 12:56

Кеше ҰБТ тапсырудың бірінші күні өтті. Алғашқы күннің сынағынан сүрінгендердің саны 6233 адамды құрады. Олар қажетті ең төменгі шектік баллды жинай алмаған. Ал 100-ден жоғары нәтиже көрсеткендердің саны 3797 болды.
Ал бір оқушы 125 балл алған. Ол – Алматыдағы №178 лицейдің түлегі Әбдіжаппар Айғаным Бақытқызы. Айғаным Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғарғы 125 баллды жинады. Ол тестілеуді Алматы қаласында Халықаралық білім беру корпорациясының базасындағы ҰБТ өткізу пунктінда тапсырған. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығынан хабарлады.
Ұлттық тестілеу орталығының мәлімдеуінше, ағымдағы жылы қорытынды аттестаттауды ҰБТ түрінде тапсыруға 92 086 бітіруші тілек білдірді. Оның ішінде 63 606-сы қазақ тілінде және 28 480-і орыс тілінде тапсырады.
Айта кетейік, 2 маусым күні тестілеуге 26 147 бітіруші қатысты, оны қазақ тілінде - 18 417, орыс тілінде - 7 730 түлек тапсырды. Тестілеу ҰБТ өткізу пунктінің 61 базасында өтті.
«Тәртіп бұзғаны үшін 13 талапкер аудиториядан шығарылды. Тест тапсырушылардан 5 962 ұялы телефон, 1 783 шпаргалка, 121 калькулятор, 6 фотоаппарат, 2 рация табылған», - деп хабарлады ҚР БҒМ баспасөз қызметінен.