Министр жауап бере алмаған сұраққа бала қайдан жауап берсін?!

05 маусым 2014, 11:01

ҰБТ енгізгелі бері айтылып келе жатқан мәселе – қисынсыз сұрақтар мәселесі. 2004-ші жылы ең алғашқы сынақта оқушылар «Абылай ханның шапанында неше түйме бар» деген сұрақтың жауабын таппай дал болған еді. Сол шудан кейін 300-ден астам тест сұрақтарынан қисынсыз деп министрліктің өзі алып тастады. Алайда, мұндай былықтар Ұлттық бірыңғай тестілеу басталған 10 жыл ішінде бірнеше рет қайталанды. Бұл мәселе биылғы жылы да бой көрсетті. Қисынсыз сұрақтар қатарында болған "Алматыдағы сыра зауыты қашан ашылды?" деген сауалға Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов те жауап бере алмаған. Өзі жауап бере алмаған сұрақ жайлы қойылған журналистер сауалына министр мырза «түсініксіз сауалдар бойынша Аппеляциялық комиссияға шағымдансын" деп құтылды.
Аслан СӘРІНЖІПОВ, ҚР Білім және ғылым министрі:
– Биыл 50 мыңнан астам сұрақ бар. Ол сұрақтарды арнайы комиссия, арнайы жұмыс топтары, сарапшылар дайындайды. Сұрақтар туралы сұрақтар болса аппеляциялық комиссияға келіп, оқушылар өз пікірін айта алады.

Атыраулық ата-аналардың бірі тест сұрақтарының ішінде «Махамбеттің руы кім?» деген сауалдың болғанын айтады. «Бұл балаларды жүзге, рушылдаққа бөлінуге арналған ба?» дейді ашынған ана.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерде оқушылар сынақты ұялы телефондағы ватсап арқылы тапсырып шықты деген мәлімет қаптап кетті. Мұғалімдер тест жауаптарын тікелей талапкерлерге лақтырып отырған. Тіпті, оқушылардың өздері сынақтағы сауалдардың дұрыс жауаптарын ғаламторда жариялап жатыр. Алайда, министр бұл оқиғалардға алңдаушылық таныта қоймады.