Ұлттық спорт

Меркіде Жауғаш Батыр турнирі өтті

  • Меркіде Жауғаш Батыр турнирі өтті

    Меркіде Жауғаш Батыр турнирі өтті

Жақында Жамбыл облысының Меркі ауданында тұңғыш рет ұлттық жекпе-жектен Абылай ханның ақ туын ұстаған, қазақтың көрнекті қолбасшысы, мәмілегер елшісі Жауғаш батыр Қырбасұлының рухына бағышталған республикалық турнир өтті, деп хабарлайды «Алаш айнасы» газеті.

Еліміздің спорт агенттігі мен Республикалық жекпе-жек федерациясы мұрындық болған Жауғаш батыр бабамыздың турниріне еліміздің түкпір-түкпірінен келген 100-ге тарта таңдаулы жекпе-жек шебері қатысты. Айтулы турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде Жауғаш батырдың тікелей ұрпақтары бабадан мұра боп қалған Абылай ханның ақ туын көпшілік алдына алып шықты.




Мерейлі Меркінің мәдениет сарайының төріне құрылған темір торлы сұсты сегіз бұрышта өткен адуынды айқастарды тамашалауға келген жанкүйерлерде есеп болмады. Республикалық жекпе-жек федерациясының президенті Сабыржан Махметов спортшыларға «Жауғаш батырдай ту көтеріп, ел қорғайтын хас батыр болыңдар» деп тілек айтты. Турнирге Жауғаш батырдың тікелей ұрпақтары мен «Сәмен батыр» қоғамдық қоры, сондай-ақ Меркі аудандық әкімдігі жан-жақты демеушілік жасап, қолдау көрсетті.

Жүлделер 9 салмақ дәрежесі бойынша сарапқа салынды. Жекпе-жектер 5 минуттан 2 раундқа созылды. Ал сегіз бұрыш ішінде айқасқан екі спортшы тең түскен жағдайда, 3 минуттық қосымша кезең белгіленді.

Әсіресе, 55, 60 және 70 келі салмақтардағы бәсекелстік өте жоғары болды. Бұл салмақтарда жеңімпаз атану үшін әр спортшы 3-4 кездесуден өткізді. Қорытындысында, 55 келі салмақта алматылық «Бекнар» клубының өкілі Мейір Әбілғазимов барлық қарсыластарына басымдық танытып, Жауғаш батыр атындағы турнирдің алғашқы жеңімпазы атанды. Сондай-ақ ол демеушілер тағайындаған қомақты сыйақымен және үздік техникасы үшін арнайы кубокпен марапатталды.

60 келі салмақта атақты Ардақ Назаровтың «Әлем файтерс» клубының танымал спортшысы Қазбек Әшімов қарсылас шақ келтірмеді. Қазбек те медаль, дипломмен бірге қомақты сыйақыға ие болды.

70 келі салмақта да «Әлем файтерс» өкілі Нұржан Тұтқаев чемпион атанды.

Аса ауыр салмақта қарағандылық Мирас Қонақовтың мерейі үстем болды.

Жалпыкомандалық есептегі бас кубокті алматылық «Алаш Прайд» клубы еншілесе, екінші-үшінші орындарды «Әлем файтерс» пен «Бекнар» клубтары өзара бөлісті.

Мейір Әбілғазимов, турнир жеңімпазы

- Мен мұның алдында Алматыда өткен екі республикалық турнирде жеңімпаз атанғанмын. Бұл жолы да бас жүлдеден дәметіп келгенім рас. Әр жекпе-жек барысында жеке бапкерім Бекнар ағамның үйреткендерін бұлжытпай орындауға тырыстым. Сол зая кеткен жоқ, жеңімпаз атанып, үздік техникам үшін арнайы кубокпен мараптталдым. Әрине, өте қуаныштымын. Осындай ержүрек батырларымызға арналған сынақтар көбейе берсе екен деп тілеймін.

Сабыржан Махметов, ҚР жекпе-жек федерациясының президенті

- Біз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен осынау ұлан-байтақ даламызды, өзен-көл, ну орман, асқар тауларымызды ұрпақтарына аманат етіп кеткен батыр бабаларымыздың өр рухына әрқашан тағзым етуге тиіспіз. Ар-намысты ту еткен хас батырларымыз қан майданда дүлей дұшпанмен жекпе-жекке шығып, ел мен жердің тұтастығын қорғап қалды. Сондықтан, Абылай ханның ақ туын абыроймен көтерген, көрнекті қолбасшы Жауғаш батыр Қырбасұлы бабамыздың рухына бағышталған турнирдің басты мақсаты – өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, ержүректілікке, намысқойлыққа баулу, ұлттық жекпе-жегіміздің мәртебесін көтеру. Қазіргі дүрбелең заманда ұлт мүддесі үшін күресетін ақылына көркі, білегіне жүрегі сай сайдың тасындай іріктелген өр рухты азаматтарды тәрбиелеу.

Нұрбол Мамырбаев, ҚР жекпе-жек федерациясының вице-президенті

- Мен өзім Жауғаш батырдың тікелей ұрпағымын. Ұлт азаттығы үшін жан аямай күресіп, бар саналы ғұмырын сарп еткен бабамыздың тұңғыш турнирі жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Еліміздің әр қиырынан келген спортшылар жеңіс үшін аянып қалған жоқ. Айқас алаңында төккен терлері ақталып, қомақты сыйақыларға ие болды. Турнирдің өтуіне қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған азаматтарға үлкен алғысымды білдіремін. Алла разы болсын! Бабамыздың әруағы бір аунап түскен шығар... Бұйыртса, келесі жылы бұл турнирдің ауқымын халықаралық деңгейге көтеруді ойластырудамыз.




Көрілген: 3308    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 05.05.2014, 11:54

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30