Ұлттық спорт

Тойдың көркі – ат жарыс

Абылай ханның 300 жылдық мерейтойына арналған ат спорты түрлерінен өткен жарыста жүлдеге алты бірдей жеңіл көлік қойылды. Ауа райы тосын мінез танытып, жаңбыр шелектеп құйса да, мерекелік шараға келген халықтың көңілі көтеріңкі болды. Тек ат жарыс басталған сәттерде ғана жаңбырдың сап тыйылғаны елді бір желпінтіп тастады. Ұйымдастыру комитетінің мүшелері де жіті қимылдап, сайысты лезде бастап жіберді.
Алдымен 2400 метрлікке ашық жарыс өтетін болды. Оған 11 үміткер қатысты. Шу деп сөреден аттанғандардың ішінде Пав­лодар қаласы «ҚазАТ» ат клубының екі бірдей сәйгүлігі алға шықты. Атбегі П.Кора­бель­ников баптаған қара айғырмен шапқан шабандоз Еділ Құсайынов 2 минут 45 секунд ішінде мәреден өтіп, осы қашық­тықтың жеңімпазы атанды. Екінші орын осы клубтың тағы бір мүшесі Тұрат Саттаровқа бұйырды. Ақтөбелік шабандоз Дастан Ишинбеков (атбегі З.Хатков) үшінші жүлдені еншілеп қайтты.
Мұнан соң жанкүйерлер назарына 7000 метрлік құнан бәйге ұсынылды. Дәл осы жарыс басқасынан өзгерек болды десек артық айтпаспыз. Өйткені қатысу­шы­лардың көптігі жарыстың да белсенді өтетінінен хабардар етіп тұрды. Үш айна­лым­нан тұратын бәсекеде Алматы қаласы өкіл­дерінің жолы болды. Атбегі Н.Шар­шем­баев баптаған «Стелла» жирен айғыры мен «Бүркіт» торы айғыры (шабандоздары – Марсель Марсұлы, Елшат Берменқұлов) алғашқы екі орыннан көрінді. Ақмола облы­сының намысын қорғаған шабандоз Нұрғазы Еркімбек «Баян» атты жирен байталымен үшінші жүлдегер атанды.
Тоқ бәйгеге қатысушылар 16 000 метрлік қашықтықта бақ сынасты. Сайысқа қатысқан 40 шақты тұлпар сөреден топталып аттанғанымен, біразға дейін бір топ шоғыры сейілмеді. Екінші айналымнан соң ғана топ тізгінін Астана, Магнитогорск, Алматы қалаларының шабандоздары бастады. Шу дегеннен алда жүрген үшеудің арасынан астаналық Фархад Казаков «Достық» торы айғырымен мәре сызығын 20 минут 45 секунд ішінде қиып, «Нива» автокөлігін олжалады.

Аламан бәйге 25 шақырым, яғни 10 айналым болды. Бұл қашықтықты бабы келген сәйгүліктер ғана шауып өтетіні белгілі. Шу дегеннен Петропавл қаласының шабандозы Диқан топ бастады. Әйтсе де айналым аяқталған сайын Астана қаласы мен Алматы, Қарағанды облыстарының өкілдері арасында жарыс қыза түсті.
Аламан бәйгеге бас жүлде, яғни оның екеуі жеңіл көлік екенінен хабардар шабан­доздар атбасын тарта отырып, соңғы екі айналымда көсіле шапты деуге болады. Бұл жолы Алматы облысы Жамбыл ауда­нына қарасты «Ақ қайнар» ауылында тұратын атбегі Ғабит Үмбетовтің қуаны­шын­да шек болмады. Диас Үмбетовтің «Қарақұс» атты бес жастағы қара айғыры мәре сызығынан жеке дара өтті. Оның уақыты жарыс хаттамасында 37 минут 56 секунд болып тіркелді. Оның жеңісі «Джип» автокөлігімен марапатталды. Екінші орыннан көрінген Астана қаласының өкілі Төрел Тоқталеев (ат иесі – А.Әмірханов, атбегі – С.Арынов) «Лада» жеңіл көлігінің кілтін алды. Үшінші-бесінші орындарды өзара бөліскен Астана қаласы, Қарағанды облысы Нұра ауданы мен Алматы облысы Қаратал ауданының шабандоздары ақшалай сыйлықтарға ие болды. Өкінішке қарай, оңтүстік астанадан келіп, мәре сызығынан бесінші болып өткен «Ерсұлтан» жирен айғыры зорығып кетті. Өкінішті-ақ!
Бәйге жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары Светлана Жалмағамбетова, Жабал Ерғалиев, Владислав Косарев, Серік Үмбетов, Қазақстан Республикасы арда­гер­лер кеңесі орталық комитетінің    төрағасы Өмірзақ Озғанбаев және Ақмола облы­сының әкімі Қосман Айтмұхаметов құттықтап, өз қолдарымен жеңіл көлік­тер­дің кілттері мен ақшалай сыйлықтарын табыс етті.




Көрілген: 1226    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 09.10.2013, 12:38

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31