2011 жылғы төтенше оқиғалар

28 желтоқсан 2011, 13:44

1. Ақпан. Алматыда төтенше жағдай орын алды. «Жұлдыз» ықшам ауданының 400-ге жуық тұрғынына жанармайдан улану қаупі төніп, олар шұғыл көшірілді. Оған сол маңнан өтетін теміржолдан цистерна шығып кетіп, керосин төгілуі себеп болған.
2. Сәуір. Батыс Қазақстан облысының көп аймақтарын су басты. Соның салдарынан 1100 тұрғын үй мен 2000 саяжай су залалын шекті. Облыс орталығы мен аудандарында 5 денсаулық сақтау нысаны, 14 электр подстансысы жұмысын тоқтатты.
3. Маусым. Шығыс өңірінде алапат бұршақ жауды. Үлкендігі сонша, 4 ірі қара мен 78 ұсақ мал қырылған. Абырой болғанда, тұрғындар арасында зар­дап шеккендер жоқ. Бірақ тұрғындарға айтарлықтай шығын келген. Егін егілген 5 мың гектар алқап бүлініп, Үржар, Ақжар, Жанай Тілек, Алтыншоқы, Айтбай, Лайбұлак, Наулы елді мекендеріндегі мектептер мен үйлердің терезелері шытынаған. Бұршақ аралас қатты дауыл ағаштарды да құлатып, 2 мың шаршы метр шатырды сындырып кеткен.
4. Қыркүйек. Астанадағы апатты жағ­дайда тұрған екі қабатты үй құлап, бірнеше адам зардап шеккен. Біреуі оқиға орнында көз жұмса, екіншісі ауыр жарақаттармен емханаға жеткізілді.
5. Қыркүйек. Шығыс Қазақстан облысында аусыл дерті тарап, аймақта төтенше жағдай жарияланды. Қатерлі індеттің оша­ғы – Күршім ауданына қарасты Қара­шілік ауы­лы болды. 700-ге жуық малдың аталмыш кеселге шалдыққаны анықталған. Ауру малдың барлығының көзі жойылып, өр­телді. Елді мекенде карантин жарияланып, тұрғындардың кіріп-шығуына тыйым салынды.
6. Қазан. Атырау қаласында екі бірдей жарылыс орын алды. Оған «Халифат жауынгерлері» ұйымының қатысы бары тергеу кезінде расталған. Бас проку­ратураның хабарлауынша, прокуратура ғимаратының жанында болған жарылыста қаза болған Атырау қаласының тұрғыны Б.Сұлтанғалиев екен. Аталған оқиға бойынша «Лаңкестік» бабымен екі қылмыстық іс қозғалып, арнайы жедел-тергеу тобы құрылады.
7. Қараша. Таразда лаңкестік әрекет орын алды. Кейін анықталғандай, жарылыстардан және одан кейін атыс-шабыстан жеті адам қаза тапқан. Оның ішіндегі бесеуі -құқық қорғау органы қызметкерлері. Тағы үш адам ауыр жараланды. Қызмет бабында қаза болғандар мен зардап шеккендер Елбасы қолдауымен тиісті марапаттарға ие болды.
8. Желтоқсан. Жаңаөзендегі ереуіл кезінде 16 адам қаза тауып, 86 адам жа­ра­ланған. Еңбек дауына байланысты туын­даған қақтығысты Елбасы өз бақы­ла­уына алған-ды. Қазіргі кезде жағдай тұ­рақ­танып, Бас прокуратура тиісті органдар­мен бірлесе тыңғылықты тергеу амалдарын жүргізуде.