2012 жыл: бізді қандай өзгерістер күтіп тұр?

28 желтоқсан 2011, 13:51

Елімізде алдағы ұлу жылының шымылдығын түретін тың жаңалық көп. Оның ішінде халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететіндері де баршылық. Мәселен, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы – 9, әлеуметтік жәрдемақы 7 пайызға артады. Сол секілді шаштараз, етік жөндеу, көлік жуу секілді шағын бизнес түрлері бухгалтерлік есеп жүргізуден босатылады. Яғни енді мұндай ұсақ кәсіпкерлікке есепші ұстаудың қажеті болмайды. Бәрінен бұрын, «Халықтық ІРО» бағдарламасы арқылы қараша жұрт ел байлығына ортақтасуға мүмкіндік алмақшы...

Зейнетақы мен жәрдемақы 7 пайызға өседі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2012 жылы зейнетақыны белгілеудегі жоғары табыс 63 102 теңге (39 АЕК) болып есептеледі. Демек, келесі жылдың 1 қаңтарынан бас­тап ең жоғарғы зейнетақы көлемі 47 327 теңге болмақ. Ал төменгісі – 17 491 тең­ге. Сон­дай-ақ мемлекеттік базалық әлеу­меттік төлемдер де ең төменгі күнкөріс деңгейінің (17 439 т) өзгеруіне сәйкес, біршама өседі (онымен төмендегі таблицадан танысула­рыңызға болады).
Халықтық капитал – «Халықтық ІРО»
Жаңа жылдың тың жаңалығының ірісі – көптен қоғамның талқысында жүрген «Халықтық ІРО» бағдарламасының іске қосылуы. Ол бойынша Қазақстан халқы ел байлығына ортақтасуға мүмкіндік алмақ­шы. Мәселен, бүгіннің өзінде 2012 жыл­дың ІІ-ІІІ тоқсанында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының құрамына енетін бірнеше ірі компанияның акциясы қор нарығына шығарылатындығы мәлім болып отыр.

Жеке кәсіпкерлерге арналған Жаңа жылдық сыйлық
Жеке кәсіпкерлік үшін 2012 жылдан бастап салық есебі 40 пайызға қысқарады. Егер жеке кәсіпкерлер (ИП) бүгіндері салық есебін тоқсан сайын өткізетін болса, енді ол келесі жылдан бастап жылына екі ретке қысқартылады. Сол секілді шаштараз, етік жөндеу, көлік жуу секілді шағын бизнес түрлері бухгалтерлік есеп жүр­гізуден босатылады. Енді мұндай ұсақ кәсіпкерлікке есепші ұстаудың қажеті болмайды.
Энергетика саласы
Биылғы жылдың соңында Сенат «Энергияны үнемдеу және қуат тиімділігі ту­ралы» заң жобасын қабылдаған еді. Осы заңға сәйкес, алдағы жылдың 1 шілдесінен кейін есептегіш құралы бары мен жоқтығына байланысты жылу энергиясын тұтынуда дифференциалды төлем түрі енгізілмекші. Сондай-ақ аталған заң талабы бойынша 2013 жылдан кейін энергия ресурстарын есептейтін құрылғы орнатыл­ма­ған, жаңа­дан тұрғызылған нысандарға жылу, электр мен газ желілерінің тартылуы­на тыйым салынатындығын да ескерте кетелік.
Ең бастысы, бұл заң бойынша электр қуатын шектен тыс қолданатын құрылғы­ларды өндіру мен оны сатуға ақырындап шек­теу қойылады. Яғни 2012 жылдың 1 шіл­десінен бастап 100 ватт және одан жо­ғары қуатты, 2013 жылдың 1 қаңтарынан ке­йін 75 ватты, ал 2014 жылы 25 ватты сым­ды электр лампаларын қолдануға ты­йым салынады.
Үй кітапшасы айналымнан алынып, ӘЖК мен СТН-нің керегі болмайды
2007 жылдың 12 қаңтарындағы «Иден­тификациялық нөмірлерді ұлттық тір­кеу туралы» Заңға сәйкес, 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап идентификациялық нөмірлер қолданысқа енгізіледі. Бұл нөмір алдындағы әлеуметтік жеке кодты (СИК) және салық төлеушінің тіркеу нөмірін (РНН) алмастыратын болады. Ең бастысы, бұл – қандай да бір мемлекеттік қызметке жүгінуде жинақтайтын құжаттар санын қыс­қартумен тығыз байланысты шара.
Сол секілді келесі жылдан бастап айналымнан үй кітапшасы алынып тасталады. Ал ел азаматының тіркелгенін, орнын растаушы құжат мекенжай анықтамасы болып табылады. Бұл анықтаманы Халыққа қыз­мет көрсету орталығынан немесе электрон­ды үкіметтің интернет порталынан алуға болады.
ДСҰ – экономикалық мүмкіндіктер сынағы
Жазда Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйы­мына енеді деп күтіліп отыр. Аталған ұйымға енген жағдайда, халықаралық тәжі­рибеге сәйкес, арзан бағамен импорт тауар­лар елімізге лап қоюы тиіс. Әрине, бұл қа­рапайым азаматтар үшін ыңғайлы дүние, ал отандық өндіріс қиын-қыстау ке­зеңге тап келуі ықтимал. Әсіресе бәсекеге қабілеттілігі жағынан. Осы жағынан ал­ғанда, мамандардың болжамынша, ел эко­номикасында құрылымдық өзгерістер болуы мүмкін.
Отандық джипке мінетін күн де таяу
Ал жылдың аяғында алғашқы отандық джип жарыққа шығады деп күтіліп отыр. «Кроссовер» класындағы жол таңда­майтын Nomad көлігі тек Қазақстанда жинастырылатын болады. Бұл көлікті Ресей, Украина, Ирак және Пәкістан секілді сегіз мемлекетке экспорттау көзделіп отыр. Аталған мо­дель­дің лицензиясын SsangYong оңтүстіккорейлік компаниясынан сатып алған екенбіз. Жобаға 16 миллион доллар инвес­тиция салыныпты. Ал отандық джиптің құны, әзірге шамамен 19 мың долларға бағаланып отыр екен.
Алтынымыз экспортталмайды
2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап елі­мізде өндірілетін барлық алтынды Ұлт­тық банк сатып алатын болады. Соған байланысты алтынды өндірушілердің экспортына тыйым салынады. Ұлттық банктің мәлі­метінше, бұл жағдай 2-3 жыл көле­мін­де сақталады. Осыған байланысты елі­міздің бағалы металдар нарығында реттеу жүргізіледі.
Қазақшаланбаған кино көрсетілмейді
Мәдениет министрлігінің мәліметінше, Жаңа жылдан бастап киноөндіріске түс­кен барлық фильм қазақшалануы тиіс. Ал мем­лекеттік тілге аударма жасалмаған шетелдік және отандық фильмдер көрсетілімге рұқсат ала алмайды.
Байқоңырдан әскери аймақ мәртебесі алынып тасталады
Жаңа жылдан бастап «Байқоңыр» ғарыш айлағы азаматтық аймақ болып саналады. Ал оған дейін сол жердегі №11284 әскери бөлімнің таратылу ісі аяқталуы тиіс. Бұл әскери бөлім зымыран әскеріне теңес­ті­рілген штабтық құрылым болып келген.
Айыптылар тұсауланады
«Шектеу» автоматты жүйесі іске қосы­лады. Яғни алимент төлемеген әке-сы­мақ­тар, сомасы тым көп салықтан жалтарып, қара тізімге енгендер елден жыраққа шыға алмайтын болады.
Көлікті техникалық байқаудан өткізу ісі жекенің қолына көшеді
Келесі жылдан бастап еліміздегі авто­көліктерді міндетті түрде техникалық бай­қаудан өткізу ісі өтпелі кезеңге аяқ басады. Осындай өзгерісті қамтитын заңға сай 2012 жылдан бастап жол полицейлері кө­лік­терді техникалық байқаудан өткізуді тоқ­татады. Ал бұл қызмет түрі толықтай же­кеменшік компаниялардың міндетіне бе­ріледі. Алдағы жылы еліміз бойынша осындай іспен шұғылданатын 200-ге жуық мекеме жұмысқа кіріспекші деп күтіліп отыр. Мамандардың болжамынша, техни­калық байқаудың бағасы да біршама қым­баттайды.
Интернет пен ұялы байланыс тарифі арзандайды

Интернетті пайдалану да қолжетімді бола түспек. Байланыс және ақпарат министрі А.Жұмағалиевтің айтуынша, тек интернет қана емес, ұялы байланыс тарифі де біршама арзандайды. Мә­селен, бүгін­дері желі ішіндегі ұялы байланыс 33 па­йызға, роуминг 48 пайызға, ал ин­терконтент тарифі 20 пайызға төмен­деген. Сондай-ақ аталған ведомство жоспары бойынша, келесі жылы ұялы желі­лердің 4 G жобасы жүзеге асырылмақшы. Елімізде іске қосылмақшы ұялы байла­ныстың төр­тінші буын стандартының жиі­лігі 700 МГц құрайды.
13 мемлекеттің қонағы визасыз келе береді
2012 жылы еліміз 13 мемлекетке қатыс­ты виза режимін алып тастамақшы. Мамандардың болжамынша, виза режимін жекелей жою Қазақстанға туристер­дің ағылуына септігін тигізеді.
Теміржол қызметі қымбаттайды
«Қазақстан теміржолы» Ұлттық компа­ниясының мәліметінше, 1 қаңтардан бастап магистральдық теміржол желілері қыз­метінің ақысы 15 пайызға қымбаттайды. Компания баспасөз қызметінің хабарлауынша, тарифтің қымбаттауы Қостанай – Железорудный учаскесіндегі 46 шақырым жолды электрмен қамту ісін аяқтауға септігін тигізбекші.
Тиындар айналымнан алынады
Елбасының жарлығына сәйкес, 2012 жылдың 31 желтоқсанына дейін айналымнан тиындар алынып тасталады. 1993 жылы қараша айында алғашқы тиындар айналымға енгізілген-тұғын.

2012 жылдың 1 қаңтарына бекітілген базалық мөлшерлемелер:
• Ең төменгі айлық көрсеткіші – 17 439 теңге;
• Ең төменгі зейнетақы көрсеткіші –17 491 теңге;
• Мемлекеттік базалық зейнетақы төлем көлемі – 8 720 теңге;
• Айлық есептік көрсеткіш – 1 618 теңге;
• Ең төменгі күнкөріс деңгейі – 17 439 теңге.