Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

30 мың патентті шаң басып жатыр

12 сәуір 2013, 13:05

Ел боламын деген мемлекет өнертапқыштарымен мақтанса керек. Адам өмірі мен тұр­мысының деңгейін заман көшіне ілестіріп отырған техникалық төңкерістердің пайда болуына ғалымдардан гөрі өнертапқыштардың анағұрлым көбірек ықпал еткендігіне тарихтың өзі дәлел. Өнертапқыштарының еңбегін бағалап қана қоймай, оны қажетіне жаратып отырғандар – қазір технологиясы дамыған озық елдер қатарында.
Бүгінгі күн тәртібінде тұрған өзекті  мә­селелердің  бірі отандық өндіріске жаңа­лық енгізу екендігін  Мемлекет басшысы Н.Назарбаев  жиі айтып жүр. «Оларды із­деу, даярлау және барынша қолдау қажет. Мен Үкімет алдына 100 абсолюттік инно­вацияны іздестіру туралы міндет қойдым. Осы ретте, әлемнің еш жерінде абсолютті инновация жоқ екенін мен түсінемін. Бірақ бізде мұндай шешімді енгізу және табу үшін әлеует бар. Мысалы, біз барлық абсолюттік инновацияны қамтамасыз ете алмауымыз мүмкін. Сондықтан мен 2020 жылға дейін 10 инновацияны, одан кейін тағы 10-ын табу мақсатын қою керек деп ойлаймын және бұл жұмысты жүйелі, үздіксіз негізде жүргізу керек. Бұл – өте маңызды міндет. Үкімет оны шешу үшін тездетіп айналысуға тиіс» дегенде Елбасы Н.Назарбаев ел арасында өнертапқыш­тардың көп екендігін біліп айтса керек.
Шынымен де,  Қазақстан өнертапқыш­тардан кенде емес. «Кенде» дейміз-ай, біз тіпті бұл тұрғыда бай екенбіз. Мұндай жағымды ақпаратты  ҚР Әділет министр­лігінің Зияткерлік меншік құқығы жөніндегі комитет төрағасы мәлімдеген болатын. Отандық БАҚ-тарға берген мәлімдеме­сін­де А.Естаев: «Соңғы 20 жыл ішінде еліміз­дегі ғылыми жетістіктерге 30 мың патент берілді. Халқымыздың санын ескеретін болсақ, біздің ғылыми әлеуетіміз Жапония мен Ресейден кем түспейді. Бүгін­де Қазақ­стан өнертапқыштығы жөнінен алдыңғы қатарлы орындарды иеленіп отыр», –  дейді. Айта кетейік, өнертапқыш­тарды  қол­дау мақсатында инновациялық жоба­ларды инвестициялық қолдау жөнін­дегі арнайы бағдарлама қабылда­нып,  «Техно­логиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ құрылған-ды.
Қазақстан Республикасы Әділет министр­лігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің Ұлттық зияткерлік меншік институты  па­тент санының артқандығына сүйінші сұрай айтады, алайда одан не пайда – егер өнер­тапқыштардың басым бөлігінің өнертабыс­тары сол патент күйінде қалып қой­са... Өздерінде қаражат қайдан болсын, ал өндіріске енгізіп, қолданысқа қоса­тын кәсіпорын жоқ­тың қасы. Иә, са­рап­тамалық ке­­ңес­­тің ұсыны­сымен өткен жылы барлығы 241,07 млн теңгенің жобасы (20 жоба) таңдап алыныпты.  Бұл 2011 жылмен са­лыс­тырғанда көп көрінеді, яғни 2012 жы­лы бір жобаға 12 млн теңге бөлінсе, өткен 2011 жылы ол   6,13 млн теңгені құрапты. Алайда бұл мәлімет мамандарды қанағат­тандырып отырған жоқ. «Өйткені еленбей, ескерілмей жатқан инновациялар біздің елде өте көп» дейді олар.
Өнертапқыштарға қатысты ең өзекті мәселе – олардың дені ауылда көрінеді. Ауылдағы ағайын арасындағы өнертап­қыштарды  іздеп тауып жүрген ешкім жоқ. Бізге қарағанда шетелдіктер шапшаң екен, олардың идеяларын сатып алып, өз елінде пайдаланып жүргенге ұқсайды. Былайша айтқанда, қолда бар қазына­мыздың қадірі болмай тұр. Тиын-тебенге сатып алынған қазақ идеясы қыр асып, ғаламат ғылымға айналып жатыр. Не істемекке болады?  
Мамандар венчурлық қор ашуды ұсынады. Алайда Қазақстанда мұндай қор әлі дұрыс дамымаған. Демек, тығырықтан алып шығатын жол бұл емес. Бәлкім, өнер­тапқыштарға жеңілдетілген несие беру керек шығар?
Тоқтамыс МЕҢДЕБАЕВ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Бұл – жақсы бастама. Дамыған елдердің кейбірінің тәжірибесінде бұл мәселе дұрыс жолға қойылған. Сарап­тамалық комиссия болашағы, өміршең­дігі бар-ау деген патенттерді іріктеп, банк­тер арқылы несие берілсе, өз кезе­гінде ол өнертабыс өндіріске енгізіліп жатса, жақсы болар еді. Өйткені қаншама өнертабыс жоба күйінде іске аспай жатыр. Өздеріңіз білесіздер, қазір ше­тел­ден қыруар қаржыға техни­ка сатып аламыз. Ал олардың дені ескірген, заманауи емес, сол себепті қоймаларда қаңтарылып босқа тұр. Сондықтан да инновация иелерін жеңіл­детілген нес­ие беру арқылы ынта­ландырсақ, бұл мемлекетке де, кәсіпо­рындарға да, өнертапқыштарға да тиімді болар еді.

Ілияс ИСАЕВ, экономист сарапшы:
– Дамыған елдерде өнертапқыш­тарды ынталандыру үшін арнайы қорлар жұмыс істейді. Оның барлығы мемлекеттік болу шарт емес. Оған биз­нес те тартылады. Өнертабыстарды пайдаға асыру үшін тиімді жолдың бірі – осындай қор құру. Сол сияқты өнер­тапқыштарды жеңілдетілген несие арқылы қаржыландыруға да болады, әрине. Егер де оның жаңалығы ертеңгі күні қандай да бір кәсіпорынға мил­лиард­таған қаржы түсіруге кепілдік берсе. Айтайын дегенім, өнертапқышты несиелендіруге ірі кәсіпорындар кепіл болулары керек. Әйтпесе банктердің тәуекелге бара қоюлары екіталай. Негізі, біздің елде өнертапқыштар өте көп. Олардың жаңалығын пайдаланып, отандық өнеркәсіп саласын мейлінше дамытуға болар-ақ еді.