«Аязата қай арманыңды орындағанын қалайсың?»

26 желтоқсан 2013, 14:21

Данияр ЕСЕНБАЙ, 4 жаста, Орал қаласындағы №30 мектептің 1-сынып оқушысы:
– Аязатаны биыл ерекше күтіп жүрмін. Себебі мамам айтқан маған, ол шаңғы алып береді деп. Біз қаланың шетінде, әдемі табиғаты бар жерде тұрамыз. Демалыста шаңғы тепкен көп кісілерді көремін, сосын қызығамын. Өткен жылы Аязата менімен бірге оқитын досым Алмасқа шаңғы сыйлады. Таңертең есік алдына шықса, үлкен қорапқа салып қойыпты шаңғыны. Ашып көріп, қуанып мені шақырды. Екеуміз шаңғы тептік. Бірақ өзіңде болғаны жақсы ғой.

Мөлдір АМАНҚОСОВА, 5 жаста, Оралдағы №12 балабақшаның тәрбиеленушісі:
– Аязатаға айтатын арманым көп. Біріншіден, папа-мамам ауырмасын деймін. Папамның жүрегі ауырады, жұмыстан келіп, үйде уф-уф деп жатады. Мамам да «басым ауырды бүгін» деп келеді күн сайын. Екінші арманым – адамдарды рактан емдейтін дәрі берсе. Неге рактан? Білмеймін, ол ең жаман ауру дейді ғой.

Саяжан ЕРКЕБҰЛАН, 4 жаста, Алматы қаласы:
– Мен балабақшаға барамын. Ертең тәрбиеші Айнұр апай бізге «Аязата мен Ақшақар келеді» деді. Мен мерекеге көбелек болып киініп барамын. Апай Аязатаға арманыңды айтуға болады деген. Біздің ауылда күн суық. Мамам мен папам күнде-күнде пеш жағып, үйді жылытады. Оларға ағам да көмектеседі. Суықтан анам кішкене ауырып қалды. Мен Аязатадан мамамның тез жазылып кетуін сұраймын. Ал ойыншықтар мен тәттілерді папам да сатып ала алады.

Абай АРМАНҰЛЫ, 5 жаста, Алматы қаласы:
– Балабақшадағы жаңа жылға қоян болып киіндім. Негізі, мамам Бэтменнің киімін алып берем деген. Бірақ ауылдан таба алмадық. Аязата мен Ақшақарға жақсы өлең жаттап алдым. Мәнерлеп оқып берсем сыйлық береді ғой. Сосын Аязатаға арманымды айтамын. Бірақ құлағына сыбырлап айтамын. Аязатадан коньки сұрамақшымын. Өскенде Денис Тен сияқты спортшы болсам деймін...