Бір елді ашаршылықтан арашалаған қос қоян

28 желтоқсан 2010, 13:22

Бұл әңгімені елімізге белгілі сатирик, танымал журналист, ұс­та­зым Мартбек Тоқмырзадан естіген едім. Қарағанды облысы­ның Қарқаралы өңірінде Кешубай деген би өткен екен. «Өз за­ма­нын­да Заң-Кешубай деп атаныпты», – деуші еді Мартбек ұстазым өзі­нің бабасы жайлы әңгімесін бастағанда. Соның баласы Бай­қо­тан да би болған көрінеді. Оны жұрт «көреген» деп атап кетсе ке­рек. Ол кісінің көреген аталуына мына бір жағдай себеп болған екен.
Байқотан би көпестермен көп ара­ла­сып, тамыр болған көрінеді. Күндердің кү­нінде сол көпестерден екі қоян сатып алып, арнайы тас қора салдырып, ішіне шөп үй­гізіп, жем салатындай ғана тесік қалдырып, ішіне қоя беріпті. Жұртына «бұл қояндар жайында ұмытыңдар» депті. Не керек, ұрғашы-еркекті қоян өсіп-өне бастайды. Өскені сонша – өздеріне салынған қораға сыймай, жерді тесіп, бірі үйден, бірі сырттан шыға бастайды. Қолдан жемделген қоян сол ауылдың иті мен мысығы тәрізді бола бастайды. Ауылдың айналасынан ұзамай, үйдің, қораның бұрышынан ін қазып жүре беретін болыпты.
Көп уақыт өтпей, қолдан жасалған ашар­шылық та басталады. Ауылдағы қы­бырлаған малдың бәрін кеңестіктер алды­на салып, айдап әкетеді. Талғажау етуге де еш­теңе қалдырмайды. Айналадағы ауыл­дар­да аштықтан адам өліп жатқанда әлгі ауылдан «жаназа оқылып» жатқанын ешкім көрмейді. Аштықтан қырылып жат­қан ешкімді көрмейді. Сол кезде бұларды көре алмайтын біреу кеңес әскеріне арыз жазып жібереді: «Бұлар не ұрлық қылуда, не адам етін жеп күн көруде», – деп. Кеңес әскері арызды қуалап, әлгі ауылға қарай бет алады. Ауылға жақындап, кезеңнің ба­сына шыққанда арасындағы біреуі: «Бұ­лар ұрлық қылып жатқанға ұқсамайды, кірген де, шыққан да із жоқ. Сондықтан баса-көктеп кірмей, барып, мән-жайды біліп қайтайық», – дейді. Сөй­тіп, бұ­лар аттың басын Байқотан бидің үйі­не бұ­рады. Би бұларды «құдайы қонақ кел­ді» деп, ет асып қарсы алады. Бұлар аң-таң. «Не­нің еті?» деп сұрайды. Би «қоян­дікі» дейді. Сөйтсе, бұл ауыл тұр­ғын­дары ауыл­ға бауыр басқан қояндарды азық етіп отыр­ған. «Қырық жыл қырғын болса да, ажа­лы жеткен өледі» деген осы болса керек. Ал мән-жайды білуге кел­ген солдат­тар келген іздерімен шара­сыз­дан кері қайт­қан көрінеді. Қоян мал емес, алдына са­лып айдап әкететін.
Қоян жылғы жұт, қоян жылғы қуғын-сүргін деп жатамыз, алайда қоянның да бір ауылды ашаршылықтан аман алып қал­ған жағдайы бар екен. Би атадан тара­ған әулет бүгінде бабаларының киесі қоян-ау деп топшылайды. «Себебі әкем Ме­кем­тастың басына құран бағыштауға барған сайын қабірден қоян қашып шығады. Осындай жайттың талай рет куәсі болдым», – деуші еді марқұм Мартбек ұстазым.