Мерекелік дастарқанға үнем керек пе?

28 желтоқсан 2010, 13:29

Санаулы күндерден соң 2011 жыл – Қоян жылы табалды­рығы­­мыздан аттағалы тұр. Әрбір келіп жеткен Жаңа жылды елден қалыспай тойлау, аста-төк дастарқан жасау, шырша то­йын қыздыру қазақтың қанына сіңгелі қашан? Бүгінде жылы­на бiр рет қауышатын Жаңа жылды әркім өзіндік дәстүрімен ерек­шеленіп қарсы алғысы келеді. Жайнаған дастарқан, атылған аққайнар, тарту етер сыйлықтар, арнайы шақырылатын Аязата мен Ақшақар осы бір кештің ажарын аша түспесе, кемітпесі анық. Жыл өткен сайын насихаты күшейіп, барша қауым әбігерге түсіп қарсы алатын биылғы Жаңа жылға дайындықты Алматы халқы ендігі бастап та кетті. Бұған біздің жаңажылдық дастарқан «бухгалтериясын» жасай жүріп көзіміз жетті.
...Сонымен, шаттығы мол мереке Жаңа жылды қарсы алу үшін жасалатын дастар­қан мәзіріне қанша қаржы кетеді? Енді аз-кем осыған тоқталсақ... Мәселен, сіз Жаңа жыл кешіне, ең алдымен, тәтті тоқаштың бiрнеше түрiн әзiрлейсiз. Сонан соң қазақтың ұлттық тағамы — ет. Бұдан кейін дастарқанның көркін кіргізетін салаттың үш-төрт түрін міндетті түрде жасайсыз. Үстел­ді жайнату үшін жеміс-жидектің де бірнеше түрі қажет. Сусындар, арақ-шарап, аққайнар дегеніңіз тағы бар. Бұған тәтті кәмпиттер мен мерекелік кешке арналған тортты қосасыз. Ал енді есептеп көрелік... Біз еттің бір келісін 800-900 теңгеден деп алдық. Оған қазы-қартаны қосамыз. Бүгінде ет базарында қазының келісі 1500 теңгеге шарықтап кеткен. Ал салатқа қажетті жұмыртқаның 1 данасы – 18-20 теңге (бізге он шақты жұмыртқа қажет), жүгері-бұршақ – 110-120 теңге, қызылша – 90 теңге, шұжықтың 1 келiсi – 750-800 теңге, iрiмшiк – 600-900 теңге, пiсiрiлген тауық етi – 600-700 теңгеден, тұздалған балық – 200-400 теңге, көкөнiстен: алма – 150-200 теңге, мандарин – 200-250 теңге, бананның 1 да­насы 40-50 теңге, ана­нас – 500 теңге, қызанақ пен қияр – 300-400 теңге, су­сын­дарға келетiн болсақ, шырындар – 120-300, iшiм­дiк­тер – 300-2000 теңге, бұған тағы әр келісі – 700-800 теңгеден кем емес кәм­питтi қосыңыз. Бұдан соң 2500-3000 теңгенің тор­тын қосасыз. Міне, орта­ша айлық табысы бар бір отбасы үшін жаңажыл­дық дастарқан мәзіріне осынша ас-ауқат керек. Есептеп кеп жіберсек, мұның бар­лығын алуға 40-50 мың теңгедей қаражат қажет. Бұдан әрісін байыптай беріңіз, мұны қалтаңыз көтере ме, әлде мерекелік дастарқанға үнем жасайсыз ба?
Жалпы, көптеген мамандар Жаңа жыл­ды шығыны мен шаттығы қоса жүретін мереке деп есептейді. Тіптен қайсыбір сарап­шылар «бір күндік мереке үшін ша­шылып, шығындалудың қажеті жоқ. Ша­маға қарай көсіліп, мейлінше үнем жасауға тырыс­қан жөн» деседі. Бұл ретте тәуелсіз сарапшы Айдана ТІЛЕУКИНА:
– Менiң ойымша, қаласаң да, қала­ма­саң да кез келген мерекелiк дастарқан әдет­тегiден артығырақ қаржы жаратуды қажет етедi. Өз отбасыңмен күнтiзбе бо­йынша жыл алмасқан күнi дастарқан ба­сын­да жиналасың. Оның үстiне балалар тәт­тi тағамдар мен экзотикалық жемiс-жи­дек­тердi ұнатады. Қысқы соғым тағы бар. Қанша тырыссаң да, шығындалатының анық. Бірақ үнем қай кезде болсын қажет. Меніңше, бұзылмайтын, сақтау мерзiмi ұзақ азық-түлiк пен күнделiктi тауарларды желтоқсан айының басында жаңажылдық «бум» басталмай тұрып алған абзал. Бұл да қалтаңыздағы қаржыны үнемдеуге сеп болады. «Жаңа жылды қалай қарсы алса, солай өтедi» дегендi ескерiп, бүгінде жұрт шамадан тыс шығындалып жатады. Өз басым мұны құптамаймын, – дейді.
Расымен де, қазірде «Жаңа жылды қалай есіктен енгізсең, күнделікті тірлігің де солай өрбиді» дегенді желеу етіп, шығынға белшеден батып жататынымыз да жасырын емес. Ал қайсыбір тарап мұны қалыпты деп те санайды. Қалай десек те, бүгінде біз Барыс жылын шығарып салып, Қоян жылын қарсы алмақпыз. Жұлдыз­шы­лар биылғы жаңажылдық дастарқанды да «жыл иесіне» байланыстырып даярлау қажеттігін алға тартады.
Қаперіңізде жүрсін: астрологтер «биыл дастарқанда сұр және қызыл түстің көбірек болғаны жөн» деседі. Өрік, шие, сәбіз, құл­­пынай шырыны мерекелік дастарқан­ның негізгі сусыны болмақ. Банан, ананас, анар жеміс-жидектің негізгі түрі болмақ. Салат­тарда жасыл түстің, яғни шөп-шаламның көбірек болғаны дұрыс. Бұған қоса дастарқанның өзінің түсі ақ болғаны абзал. Жыл иесіне ұнау үшін торттың бетін грек жаңғағымен, кивимен, бананмен әше­кейлегеніңіз жөн. Сондай-ақ мамандар ыстық тамақты еттің сүрленген, тұздалған түрінен жасағаннан гөрі жас малдың етінен дайындауға кеңес береді. Ал дастарқандағы ыдыс­та­рыңыз сұр және күміс түс­тес фар­фор ыдыс­тар болуы қа­жет. Міне, жа­ңа­жыл­дық дас­тарқан осы­лай айшық­та­луы тиіс. Қа­лай десек те, әне-міне Жаңа 2011 жыл есіктен ен­бек... Сондықтан біз «Жа­­ңа жыл өзіндік ыр­зық-не­сібе­сі­мен келсін! Әр қа­зақ­тың дас­тарқаны кең, мерейі үстем болсын!» де­мекпіз...

Жаңажылдық әзіл
sms:
«Мен сізді қатты сыйлаймын, менi тыңда­ңыз­шы. Мен әлi ешкімге айтқан жоқпын. Сізге ай­тар жаман хабарым бар. Өзiңіз басқаларға бiр­деңе қылып айтарсыз. Сіз тек ренжiмеңіз, кө­ңiлiңіздi бұзғым келмейдi. Бiрақ өзiмнен естiге­нi­ңіз дұрыс болар. Жұрт көзінше жылап жүр­ме­ңіз, сабырлы болыңыз. Қолым дiрiлдеп, әрең жа­зып отырмын, мен де жаңа естiдiм –
бұл өмiр­де Аязата жоқ екен...»