Отынсыз электр тогын беретін генератор ойлап тапты

12 сәуір 2013, 13:01

Ақтөбелік 24 жастағы өнертапқыштың жаңалығы шетел ғалымдарын қызықтырып отырғанымен, Қазақстанда еш қолдау таппауда. Қазақ көлік академиясы Ақтөбе көлік және коммуникация колледжінің жас мұғалімі Арман Әбілқамиев 22 жасында электр энергиясының балама көзі ретінде пайдалануға болатын инерциялық электр генераторын ойлап тапқан, яғни жанар-жағармайсыз ток өндіруге болатынын дәлелдеген. Егер оның жаңалығы өндіріске енгізілсе, қазір біз айтып жүрген баламалы энергияның тағы бір көзі табылды дей беруге болады.
Арман ӘБІЛҚАМИЕВ, өнертапқыш:
— Физика ғылымының электр энер­ге­тикасы саласына жататын бұл өнерта­быстың басты жаңалығы — электр энер­гиясын өндірудің балама көзі ретінде маховикті, яғни инерциялық дискіні қолдану. Негізгі мақсаты — арзан электр энергиясын беретін, қолданысқа тиім­ді, отынсыз жұмыс істейтін, ұзақ қызмет ететін электр тогының генераторын жа­сау.

Инерциялық электр генераторының жұмыс істеу принципі өз осінен айна­лып тұрған дененің инерциясын электр энергиясына түрлендіруге және жұмса­лып отырған электр энергиясын бірне­ше есе өндіріп алуға негізделген.
Жүйені бастапқы тыныштық күйден қозғап айналдыру үшін электр қоз­ғалтқышының қуаты жетпейтіндіктен, тісті беріліс арқылы генератор рото­ры­ның білігімен байланысқан автомо­биль­дерде қолданылатын электр стар­тері пайдаланылады. Электр стартері гальваникалық элементтен (электр акку­муляторы) қоректенетіндіктен, инерциялық генератор кернеуі 12В тұ­рақ­ты электр тогын пайдаланып, кер­неуі 220В немесе 380В айнымалы элек­тр тогын өндіре алады. Бұл салыс­тырмалы жағдайда инерциялық электр генераторының жай ғана моделі ретінде болғанның өзінде, дәл осындай прин­циппен жұмыс істейтін бірнеше мега­ват­тық үлкен инерциялық электрстан­сыларын салуға жол ашады.
Айналып тұрған денеде пайда болатын инерциялық қасиетті тиімді пайдаланудың жаңа жолын алғаш рет 2009 жылы орыс инженері Эдвид Линевич ұсынған. Ол энер­гия көзі ретінде жүктің инерция қа­с­ие­тін пайдалануға болатындығын дәлел­дейтін электр энергиясын үнемдегіш гене­ратор ойлап тапқан болатын. Алайда Ар­ман­ның жаңалығы Линевичтің жаңалы­ғынан оқ бойы озық шықты, себебі Арман­ның инерциялық электр генераторы токты үздіксіз береді, Линевичтің генераторы токты тек үзіп-үзіп береді екен.
Арманның өнертабысына жергілікті физик профессорлар қарсылық білдіріпті. «Бұл физикалық тепе-теңдікті бұзады. Физика заңдылықтарына сай, электр тогын отын арқылы аламыз. Қанша отын жұмса­лады, сонша электр тогы шығындалады. Ал сен жоқтан бар жасап отырсың», – депті олар. 
Жоқтан бар жасаған Арман бұл өнер­табысы туралы ақпаратты Ұлттық иннова­циялар порталына салған бетте оған Бі­рік­­кен Араб Әмірліктерінің әлемге әйгілі мұнай компанияларының бірінен ұсыныс түсіпті: «Сенің мынау жаңалығың тамаша екен. Біз саған бұл жаңалығыңды сынақтан өткізіп, кәсібіңді жүргізуге көмектесеміз. Бізге кел», — депті. Алайда Арман барған жоқ. Ойлап тапқан жаңалығының толық нұсқасы өз елінде жасалғанын қалаған. Бі­рақ Арманның отынсыз ток өндіретін инер­циялық электр генераторына қызығу­шы­лық танытып отырған отандық кәсіпо­рын көрінбейді.
— Менің жаңалығымның түбі бір күні пайдаға асарына сенемін. Себебі қазір әлемде энергетикалық тапшылық мәселесі алдыңғы қатарға шығып отыр. Дүниежү­зін­де мұнай қоры азайып, қуат көзін тұтыну деңгейі артып барады. Елімізде де электр қуатының тапшылығы алдағы уақытта үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Кейбір бол­жамдар бойынша, елімізде 2020 жыл­ға қарай энергия тұтыну көлемі екі есеге де­йін артады. Экономикамыз қарқынды да­му үстінде, ал электр энергиясынсыз эко­номи­ка болмайтынын ескерсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «жасыл экономи­каға», яғни баламалы энергия көзіне көшу бастамасы кезек күттірмеуі керек, — дейді өнертапқыш.
Арман Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитеті Ұлттық зияткерлік меншік институты республикалық мем­лекеттік қазыналық кәсіпорнына патент алуға өтініш білдірген. Электр энергетикасы саласындағы бірден-бір ғылыми жоба саналатын Арманның инерциялық электр генераторын пайдаланатын күн туар әлі.