Шырша мерекесінің түп-төркіні түркілерден басталған

Шырша мерекесінің түп-төркіні түркілерден басталған

Жер-ана ақ көрпесін қымтанып, үскірік аяз дала кезіп, періштенің қауырсынындай ақ ұлпа қар көктен жауған тұста «Жаңа жыл келді» деп қуанатымыз бар. Қоғам тарапы әртүрлі сын айтқанымен, жеме-жемге келгенде, Жаңа жылды дәстүрлі төл мерекедей төрге оздырып, осыдан он шақты күн бұрын ғана күпі кигізген Аяз атаға қалай шекпен жауып жібергенін аңғармай қалады. Арамызда беті нарттай қызарған Санта Клаус пен үріп ауызға салғандай Ақшақарымыз жүреді. Ал біз Күнді қазық етіп айналған ғаламшарлардай шыршаның маңында дөңгеленіп бара жатамыз. Неге? Меніңше, оның себебін аталмыш мерекенің түп-төркіні түркілерге тән екендігінен іздеп көрген жөн секілді. Сары майдан қыл суырғандай етіп, осы мәселенің тігісін сөгіп көрелікші.

Алғашқы сөз
«Жаңа жыл мерекесін ата-баба­ларымыз мерекелемеген» дейтін­дер­дің бірқатары Иса пайғам­бардың мәу­літінен (туған күнінен) ойын жырақ ет­кісі келсе, енді бір шоғыры осы мейрамда «ақаңнан сілтеп, арып-ашқандарды» айтып, дат білдіреді. Тағы бір тобы қы­тайдың тарсыл­дақ­тарының бала­лар үшін Әзірейілге айнал­ғанын кесе-көлденең­детіп, ой-жоралғы етеді. Құп! Мұн­дай мысал­дар бай­­дың малындай көп бол­ғанымен, «көптің түкірігі көлге ай­­нал­ғанын» көрген емеспіз. Кері­сінше, аталған мерекеге деген сүйіс­пеншілігіміз күн санап өсетін Тола­ғайдай тау қопарып ба­рады. Дәл осы тұста тізгін тартып, «Жаңа жылды қа­за­қыландырайық» деген бір ауыз сөзді айтатын, жез мұрт Ста­лин­нің идеясындағы жи­рен сақал, көк көзді Аяз атаның келбетін де өзгертіп, қазақ, қала берді түркі аңыздарындағы кейпіне оралуына септесетін кез келген сияқты. Себебі бұл ел ой­лағандай Иса пайғамбардың туылған күні емес. Дәлел керек пе?
Жаңа жыл Исаның (ғ.с.) туған күні емес
532 жылға дейін бүкіл Еуропа христиан дініне сол көзбен қараған Диоклитанның календарын тұтын­ған. Кейіннен христиан дінін сенімі­нің тұғыры еткендер Иса (ғ.с.) пай­ғамбардың туылған күнін Жыл ба­­сы еткісі келеді. Десек те, сол кез­дегі ғалымдардың ешқайсысы Исаның өмірге келген күнін біл­мейтін болып шығады. Сонда бо­саға жақта отырған скифтен шық­қан есепші жұлдызшы Диониси деген кісі: «Жарықтық Иса пайғам­бардың туған күнін мен білуші едім. Ол осыдан аттай 532 жыл бұрын дүниеге келген», – деп, көшпелілер үшін қасиетті сан болып есептелетін 532 деген санды тоқ еткізеді. Яғни сол кездегі көшпелілер табынатын аспан денелерінен Ай 19 жылда бір рет дөңгелегін жаңғыртып отырады. Осы Айдың дөңгелегінің саны – 19 бен Күннің дөңгелегінің саны 28-дің көбейтіндісі – 532. Осылайша, бүгінгі қолданыстағы григориан күнтізбесінің өзін түркілер негіздеп берген. Осы деректің өзі Иса пайғамбардың туған күнінің негізсіз екенін аңғартпай ма?! Ендеше, бұл мейрамның тамыры қай жақта жатыр?..
Алаштың Ақселеуінің бір сөзі
Белгілі этнограф-тарихшы Ақ­селеу Сейдімбек өз кезеңіндегі қо­ғамдық пікірге қарсы біткен бұтақтай: «Өмір-тіршілікте шарт­тылықтар өте көп. Сол шарттылық­тардың ең ғажабы адам бала­сының уақытты межелеуіне қатысты. Мәселен, осы күндері бүкіл­халықтық қуа­ныш ретінде той­ланып жатқан Жаңа жыл мей­рамын ала­йықшы. Қалыптасқан ұғым бойынша, Жаңа жыл, яғни 1 қаңтар – Иса пай­ғам­бардың туған күні. Бүкіл христиан әлемі осылай деп түсінеді, осындай деп той­лайды.
Ол тойына «Рож­дество Хрис­това» деп ат берген. Орыстар православ сенімінде болғандықтан, бұрынғы Юлиан күнтіз­бесінің межесі бойынша, желтоқсанның 25-ін Исаның ту­ған күні деп тойлайды. Мен бір қызықты пікір айтайын. Осы Жаңа жыл тойы арысы Еуразияның ежелгі көшпелі скиф-сақ­тарының, бергісі бүгінгі түркі халық­та­рының, оның ішінде, қазақтардың да байыр­ғы мейрамы деп есептеймін», – депті. Әрине, қазақ этно-танымының көксеңгірі бұл сөзді бекер айтпаса керек-ті.
Түркілерге тән белгілер
Аяз атаның шапанының өзі қазіргі қазақ шекпенінен айырмасы жоқ. Қай еуро­палық дәл осындай үлгіде киім тіккізіп киген еді? Сол Аяз ата мен Санта Клаустың бөрігіне көз жүгіртіңізші. Тағы да түр­кілердің келбеті көз алдыңызға келеді. Ал түрлі аң келбетіне еніп, ертегі кейіп­керіне айналу дәстүрі де даланың, жан-жан­уардың күйін жақсы білетін көшпелілерге тән екені айтпаса да түсінікті. Шырша безендірудің өзі ақтық байлаудан туғаны анық.
Кейбір деректер, Аяз атаның түркілік аңыздағы Қызыр ата екенін айтады. Бұл пікір де негізсіз емес болса керек. Себебі түркі елдерінің ішіндегі башқұрт, татар, шұбаш сынды халықтар әлі күнге 25 желтоқсанда «Нартуған» мерекесін той­лайды.
Аманқос Мектептегі, түркітанушы:
– Өз басым Жаңа жыл мерекесінің түбі түркілерден басталған деген деректерді көрген жоқпын. Десек те, осы мейрамда түркілерге тән кейбір атрибуттар сақталған секілді. Мысалы, жаңажылдық шыршаға келейік. Ға­ламдық философияда «әлемдік ағаш» деген түсінік бар. Бұл пәлсапаның түп-төркіні түркілердікі екені рас. Қазір бұл ұғымды кейбір түркітанушылар «байтерек» деп түсіндіріп жүр. Негізі, бұл – «бай тірек» деген сөз. Оның тарихы тікелей руна жазуымен бай­ланысты. Өйткені руналық концепцияда осыған қатысты ұғым-түсініктер көптеп кездеседі. Біздің салт-дәстүрімізде ақтық байлау деген ғұрып әлі де кез­деседі. Демек, бұл ғұрыптың тамыры тереңде деуге болады.

Серік Ерғали, түркітанушы:
– Бүгінгі Аяз ата мен Ақшақарыңыз бізге 1930 жылдары Сталиннің бұй­рығымен кіргізілген. Түркілер шыршаны «үйіл­геннің ағашы» дейді. Үйілген дегеніңіз –  «иолған» деген сөз. Өйткені түркі сөздері кейде жуан, кейде жіңішке болып айтыла береді. Яғни «елка» деп жүргеніміз, «иол» «жол», «жолшы» дегенді білдіреді. Сол «жолшыңыз» қазіргі тілмен айтсақ, Қызыр ата деген ұғымға саяды. Сібір халық­тарында, яғни түркілерде «күннің туылуы» деген мейрамдар болған. Оны «нартуған» деп атаған. Шубаштар, татарлар, баш­құрттар сол нартуғанды қайтадан қалпына келтіріп, тойлап жүр. Оларда «желтоқсанның 21-22-сінде күн өледі де, 25 желтоқсанда қайтадан туылады» деген сенім болған. Осы мерекені Рим империясы Иса пайғамбардың туған күні ретінде енгізіп жіберген. Мұны Еуропаның өзі де жоққа шығармайды. Сонымен қатар, 25 жел­тоқсанда «ежелгі дінсіз халықтардың күнге табыну мерекесі болған» деген нұсқа бар. Сол мерекеге орай Исаның туған күні белгіленген делінеді. Мұнан ұғатынымыз, Жаңа жылдың бүкіл атрибуттары, ырым-жоралғылары түркілерге тән. Ғұндар Еуропаны жаулағанда барлық құндылық­тарын сол елдерге ала барған. Рим им­периясы халықты ауыздықтау үшін амал жоқтықтан осы мерекеге христиандық сипат беруге тырысқан. Осындай дерек­терге қарай отырып, бұл мерекені «Жаңа жыл» деп әспеттемесек те, күнтізбелік жыл басы ретінде атап өтуге болады.

Мұрат ӘДЖІ  жазған «Шыршалар мерекесі»
Мұрат Әджінің «Қыпшақтар» атты кітабының бір тарауы «Шыршалар мере­кесі» деп аталады. Мұрат Әджі бұл мереке құдайлар мен аруақтар мекені – Жер шарының тура кіндігінде тіршілік еткен Жер-Судың (Иерсу) құрметіне арналғанын, Жер-Судың жанында үнемі ақ сақалды Үлкен (Ульген) есімді шал жүргенін жазыпты. Түркілер оны үнемі әдемі қызыл шекпен киіп жүрген қалпында көріпті. Ежелгі алтайлықтар шыршалар мерекесін 25 желтоқсанда, Күннің түнді «жеңген» кезінен бастап, түркілер Күннің қайта оралғанына қуанып, Үлкенге (Ульген) алғыстарын жаудырыпты, оған тәу етіпті. Дұғаларымыз Тәңірінің құлағына шалынса деген үміт-арманмен Үлкеннің сүйікті ағашы – шыршаны үйлеріне әкеліпті. Бұтақтарына неше түрлі әсем шүберектер байлапты. Сонан соң дөңгелене қол ұстасқан қалпы шыршаны айналып, «түн кетіп, күн келсін» деп ән салған.

Түйін
Әрине, жоғарыдағы деректерге сүйенсек, бұл Жаңа жылдың қазаққа жат емес екенін аңғарамыз. Сондықтан да күнтізбелік жыл басын исламдық құндылыққа қарсы келмейтіндей етіп, қазақыландыру керек секілді. Өйткені түркілік құндылықтар ешқашан да мұсылмандықты жоққа шығарған емес. Сонымен бірге, аспан денелерін бес саусағындай біліп, табиғат тылсымын зерттеген «астроном» ата-бабаларымыз күн мен түн теңелгенде Наурызды тойлап, ал 25 желтоқсандағы (осы күннен бастап, түн қысқара бастайды) күннің түнді «жеңгенін» ұмыт қалдыруы әсте мүмкін бе? Бұл ой да негізсіз емес секілді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста