Ұлттық тәрбиелеудің маңызы мен ерекшеліктері

Ұлттық тәрбиелеудің маңызы мен ерекшеліктері

Қазақ халқы о бастан бала тәрбиесін бәрінен жоғары қойған. Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, сапалы білім бере білген. «Адам ұрпағымен мәңгі жасайды» деген халқымыз бар ықыласын балаға бөліп, болашағын бағамдаған.

Бала тәрбиесі жайлы қазақ ойшылдары әр түрлі ой-пікір айтқан. Жүсіп Баласағұнның өзі «Құтадғу білік» атты еңбегінде тәрбие жайлы: «...Баланың мінез-құлқы жақсы тәрбиеден туындайды. Егер бала ебедейсіз, шамшыл, өбектеліп өскен болса, бұған бәрінен бұрын оның ата-анасы кінәлі. Отбасы үшін бала – зор қуаныш. Баласыз бақыт жоқ. Бірақ, баланың тууы ата-анаға зор міндет, жауапкершілік те жүктейді. Отбасы тәрбиесі бала мінез-құлқы мен психологиялық бейнесін қалыптастыру негіздерінің негізі. Сондықтан оны балғын шағынан оқытып, жақсылап тәрбиелеу керек. Үй шаруасы мен баланы дұрыс күтіп-бағу үшін тазалық сақтайтын әйелді таңда. Баланы тәрбиелеу әкенің де парызы. Егер бала тәртіпсіз болса, оған әкесі де кінәлі. Ақылды, білімді етіп тәрбиелеу үшін әке-шешесі баласын үнемі назарда ұстауы тиіс. Балаларды қолөнерге баулу, ғылым-білімге қызықтыру – ата-ананың қасиетті парызы. Балаңыз өмірде өксімес үшін оған білім мен кәсіп бер. Үлгілі тәртіптің негізі – білім, әдет-дағдыға машықтану. Сондықтан баланы кішкентайынан тіл алғызу, үлкендерді сыйлауға, ағайын-туысты, ата-ананы қастерлеуге үйрету керек», – дейді.
Тәрбиені қашанда құнды байлыққа балаған халқымыз бала тәрбиесіне ешқашан жүрдім-бардым қарамаған. Ал оған ұлттық сипат беру – ұлт болашағын ойлаудан туған даналық. Сондықтан да «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе», – деп айтты ұлы Мұхтар Әуезов.
Тәрбие адамдардың пайда болуымен бірге туындаған. мінез-құлық кемшіліктері – бұл тәрбиені дұрыс бермеу нәтижесі деп есептелген. Халық баланың жас ерекшеліктерін және психологиясы туралы білімді ғасырлар бойы зерттеп жинаған. Баланың болашақта қалыптасуы біріншіден үлкендермен қарым-қатынасына байланысты болады. Зерттеуші ғалым-педагогтар және психологтар жылдар бойы бақылаған баланың ойын іс-әрекетіне байланысты бірнеше қорытынды жасады. Ата-ананың тәрбиелеу әсеріндегі маңызды ерекшелігі, баланың дидактикалық ойындар ойнауы, рухани және ақыл-ой тәрбиесіндегі маңызы көп және сол үрдісте баланың еңбек құралдары, мамандықтары туралы түрлі заттардың ерекшеліктері туралы біліп, білімде, жұмбақта және жаңылтпашта жарысады. Халық педагогикасы өзіне баланың өмірінің түрлі жақтарын қосып алды, соған қоса олардың денсаулығы, мінез-құлқы, мінез ерекшеліктері және т.б. Көптеген халықтар қыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлген және оны жоғары бағалаған. Өйткені, қыз балаға ертеңгі ұрпақтың анасы, тәрбиешісі деп қараған. Халық педагогикасы тәрбиенің көптеген әдістерін қолданған. Ғасырлық тәжірибеде балаға тәрбиенің әсер ету әдістері мынадай: түсіндіру, оқыту, мадақтау, қолдау, көндіру, жеке үлгі, жаттығуды көрсету, ымдау, тұспалдау, жазалау т.б.
Қара сөздер – жанұя педагогикасында кең тараған тәсіл. Халық педагогикасында қара сөз кодекстері кездеседі үлкеннің-кішіге, ұстаздың-оқушысына, халық кемеңгерінің-жастарға, әкенің-балаға арналған. Халық педагогика тәрбиесінде түрлі афоризмдер бар, оны педагогикалық категорияға қосады: бағыттаушы, алдын ала айту, сынау т.б.
Халық педагогикасында кең тараған тағы бір әдіс – үйрету. «Затты сумен жуады, баланы үйрету арқылы тәрбиелейді». Балаға үйрету арқылы үлкендер оларға тапсырма береді, оның орындалуын тексереді, мысалдар, мінез-құлық және әрекет үлгісін көрсетеді.
Сендіру – бұл тәрбие әдісін өзіне түсіндіру және дәлелдеу, яғни нақты үлгілерді көрсету жатады. Бала белгілі түсініктерден, әрекеттен күдіктенбеуі тиіс. Алдымен рухани тәжірибе жинап, кейін оны басқаруға қолданады.
Мадақтау және қолдау – бұл тәрбие әдісі жанұя тәрбиесінің тәжірибесінде кең қолданылады. Бала әрқашанда өзінің мінез-құлқына, ойына, жұмысына баға бергенді қажетсінеді. Жанұядағы ең бірінші мадақтау-ауызша мақтау және ата-ананың қолдауы. Мадақтау және қолдау балаға стимул болатын үлкен әсер береді. Халықта баланы жақсы әрекет жасауға тырысуы үшін мақтайды. Бұл жағдай балаға емес, ата-аналарына ризашылық білдіріп, мақтау берген.
Тұспалдап айту – тікелей немесе жанама, тәрбие әдісі ретінде әсер ету үшін бүкіл шығыс елдерінде қолданылады. «Қызым саған айтам, келінім сен де тыңда», – дегенге саяды.
Жеке өнеге (әсіресе, ата-аналардың) – бұл халық педагогикасында ең радикалды, ең әрекетті әдіс болып табылады. Ата-ананың рухани бейнесі, олардың еңбегі, қоғамдық әрекеті, жанұядағы өзара қарым-қатынасы, заттарға қарым-қатынасы, өнерге – бұның барлығы балаға үлгі болып табылады және олардың тұлғалық дамуына, қалыптасуына үлкен әсерін тигізеді. Халық кемеңгері бала тәрбиесінде жағымды үлгіні айтады.
Ата-ананың бата беруі – халық педагогикасында ақындық форманы алатын тәрбиенің бір түрі. Жастарға ата-ананың бата беруі, олардың болашақ өмірлік позициясына үлкен әсер етеді.
Ойнау, еңбек ету және оқу барысында ақыл-ой, адамгершілік, физикалық және көркем тәрбие, даму процесі қатар жүреді. Бала осы кезде белгілі дәрежеде білім алады, іскерлікке үйренеді, өзін қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауға, қоғамдық өмірдің әдет дағдыларын игеруге бейімделеді.
Ойын, еңбек, оқу арқылы біз балаларға белгілі бір тұрғыда ықпал жасай аламыз. Ойын, еңбек, оқытуды өзара ұштастырған жағдайда ғана баланың жеке басын дамытуда толық нәтижеге жете аламыз. Көптеген жазушылар бала ойынының психологиялық мәнін көркем бейнелер арқылы ашқан. Бала ойын арқылы өзінің қуанышын, ренішін, арманын бейнелесе, ертеңгі күні, яғни болашақта сол арманын жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Бүлдіршіндердің білімді, білікті, саналы болуында ойынның алатын орны ерекше. Жалпы ойынның қандай түрі болса да атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырады. Ұлттық ойындардың негізгі мақсаты – бала бойына өнердің нұрын себу. Ұлттық ойындардың заман талабына сай өзгертіліп, жаңартылып отырғандары жөн.
Балалар – біздің болашағымыз, өміріміздің жалғасы. Олардың ойын арқылы алған тәлім-тәрбиесі болашақта балаға дұрыс жол көрсетеді. Бүгінгі таңда ХХІ ғасыр табалдырығын еркін аттаған азат ұрпаққа тәлім-тәрбие мен білім беруді жетілдірудің басым бағыттарын айқындап, педагогика ғылымында ұлттық сананы қалыптастыру көкейкесті мәселелердің бірі болып отырғаны анық. Сондықтан келешек ұрпақты ұлттық, халықтық тұрғыдан тәрбиелеу қажет. Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің негізгі бағдарлы идеялары еліміздің президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» халыққа жолдауында былай деп жазылған: «Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мәдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн».
Ұлттық тәрбие қазір елімізде орын алып отырған көптеген мәселелерді: ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, қиын балалар, қарттар үйлеріндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, тағы басқаларды бірте-бірте жоюдың және олардың алдын алып, болдырмаудың негізгі жолы. Ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өседі. Сондықтан да ұлттық тәрбие – ел болашағы.
«Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлттың тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» – деп, кезінде ғалым М. Жұмабаев айтып өткеніндей, ұлт тәрбиесін білім алушыға дұрыс деңгейде бере білсек, бүгінде белең алып жатқан жастар арасындағы келеңсіз оқиғалардан арылуға жол салған болар едік.
Ұлттық тәрбиелік білім жас ұрпақты әсемдікті игеруге, сұлулықты сезініп, қастерлей білуге, оны өз бойына дарыта білуге, яғни, эстетикалық тәрбие бере білуге, ең бастысы рухани даму сипатына жетелейді. Ұлттық тәрбиелік білім беру арқылы, жас өскелең ұрпақты халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпымен таныстырып, адамның ішкі сезімін, жан дүниесін түсіне білуге бағыттауға ұмтыламыз. Халқымыздың сан ғасырлардан келе жатқан ұлттық мұрасын оқу-тәрбие ісімен сабақтастыра отырып тәрбиелеу, ұмыт қалған салт-дәстүр, ұлттық ерекшелігімізді насихаттап, олардың бойына ұлттық психологияны қалыптастыру – әрбір ұстаздың міндеті.
Отбасындағы бала тәрбиесі бүгінгі таңда ғылым мен технологияның даму әсерінен өзгеріске ұшырап бара жатқаны белгілі. Бала ата-ана тәрбиесінен гөрі теледидар мен интернет тәрбиесін алып жатыр десек те болады. Сонда біз болашақ ұрпағымызды тәрбиелерде нендей бағыт ұстауымыз қажет деген ой көкейге ұялайды. Осы жолда бұрынғы дана Абайды тәрбиелеген әже тәрбиесі, Шоқанға әсер еткен Айғаным тәрбиелері бүгіндегі ата-ана мен ата-әжелеріміздің ескеруінде болмауы. Яғни, біз балаға ертегі айта отырып, жаттау жаттатқызып, білім мен тәрбиені егіз ұғымда қатар жолға қояр болсақ, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі дұрыс жолға негізделері анық. Осы тұрғыда Бауыржан Момышұлы: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанына қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын», – деп айтқан.
Ұлы Абай атамыз қазақ отбасындағы кездесетін баланы жасынан алдап түбінде өтірікшілікке, сұм адамшылыққа баулып үйрету сынды тәрбиеге қайшы келетін тұстарды сынға алады. Ондай кемшіліктерді ол өз қара сөздерінде былай жеткізеді: «Әуелі балаңды өзің алдайсың, «ананы берем, мынаны берем» деп бастап, балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдаушы болса, кімнен көресің? «Боқта» деп біреуді боқтатып, «кәпір қияңқы, осыған тимеңдерші» деп, масаттандырып тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде молданың ең арзанын іздеп, «хат таныса болды» деп, «қу, сұм бол» деп тірі жанға сендірмей, жат мінез қыласың. Осы ма берген тәлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?», – дейді.
Әрине, баланың сана-сезімі, ақыл-ойы осы нәресте кезінен қалыптасатынын естен шығаратын тұстарымыз көптеп кездеседі. Ал, біздің ата-бабамыздың ұлттық тәрбиесі осындай бала тәрбиесін жете ойлап, жан-жақты қарастырып, тәрбие бастауларын нақтылап, негіздей білген.
Белгілі әдебиет зерттеушісі әрі жазушы Шеген Ахметов: «Ежелгі Қазақстандағы тәрбие ісі негізінен, басты-басты сегіз түрлі мәселені қамтыған. Біріншіден, тәрбие басы әдептілікке үйретуді көздеп, әдепті бол дегенді басты міндет етіп қойған. Екіншіден, мейірімді болуға тәрбиелейді. Үшіншіден, тілалғыш, елгезек бол деп үйретеді. Бұл еңбекке баулудың алғашқы көрінісі болатын. Төртіншіден, адалдық пен шындыққа баулуды көздеген. Бесіншіден, білгір бол, ұстаз бен ғалымдардың, көпті көрген данышпан қариялардың сөзін тыңда, ақпақұлақ болма, құйма құлақ бол дегенді бойларыңа сіңіре берді. Алтыншыдан, үлкенді, ата-ананы сыйлауға үйретуді басты міндет етіп қойған. Жетіншіден, кісі айыбын бетіне баспа дейді халық тәрбиесі. Бұл кемшілікті айтпа деген сөз емес, қаріп-қасерлердің табиғи кемдігін (мұрны пұшық, көзі қисық, аяғы ақсақ деген сияқты) көрсетпе деген сөз. Сегізіншіден, ел қорғаны батыр бол, халық алдында қызмет ет, бар өнеріңді соған жұмса дегенді үйретеді», – деп ұлттық тәрбиелеудің маңызы мен ерекшеліктерін саралап, талдап береді.
Қазақ отбасында ұлттық тәрбиенің негізі – халықтық педагогика болғандықтан, баланы ұлттық салт-дәстүрлер аясында тәрбиелегенін кәрі тарих та дәлелдеп береді. Яғни, құрсақ тойы, шілдехана, сүйінші, қырқынан шығару, бесік тойы, тұсау кесер, сүндетке отырғызу тағы басқа салт-жоралғылар қатаң ұсталып, басшылыққа алынып отырған. Бұлардың ұлттық ерекшеліктері мен тәрбие негіздері бар. Халқымыздың тәлім-тәрбие беретін әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері мәдени құндылықтарымыздың ажырамас бір бөлігі болып табылады.
Қазақстанда ұлттық мерекеміз Наурыздың өзінен жастардың алар өнегесі мол. Құяр сағасы ұрпағының тәрбиесін ұлттық тәліммен ұштастыра білу.. Қазақ халқының ұлттық мейрамдарында айтылатын өлең-жырларға дейін адамға жақсылық, қайырым жасау, табиғатқа, жан-жануарларға сөз құдiретiмен оң ықпал ету көзделгендігін көреміз. Батырлар жырлары мен лиро-эпостық жырларда, ертегiнiң түрлерiнде де көзделетiн мақсат келер ұрпақты батыр, қырағы, алғыр азамат етiп тәрбиелеу.
Жастарға балбөбек кезінде ұлттық тәрбиені сіңіру тиімдірек. Бала шыбық тәрізді, қайдан жарық шықса, соған қарай бұрылып өседі. Оған қоса, балаға әсер ететін тартымды әуен екенін ескеріп, ұлттық аспаптармен орындалатын әндерді, күйлерді ақырын ғана қосып қойып, санасына әсер ететіндей, құлағын үйрете берген дұрыс. Әр түрлі ою-өрнектермен әшкейленген суретті кітапшаларды халықтық музыка әуенімен біртіндеп ашып, көзін жаттықтыра беру керек. Халық жырауларының термелерін, ертегілерді тыңдату – бала бойына патриоттық сезімін ұялататын бірден-бір тәсіл болмақ. Жас балаларға және ата-аналарға арнап республика көлемінде көп таралыммен халықтың ата-мұрасынан қалған құнды ертегілер, мақал-мәтелдер жалпы ауыз әдебиеті үлгілерін бала сана-сезіміне лайықтап, қалыптасқан шығармаларды сұрыптап шағын кітапшалар етіп шығару қажет. Бала тәрбиесіне жіті көңіл бөліп, әр жас ерекшелігіне қарай білім берумен сабақтастырған орынды деп ойлаймын. Ол дегеніміз бала дүниеге келгенде бесікке бөлеп, бесік жырымен сусындатудан басталғаны абзал. Өйткені, ананың әлдиіне жететін әдемі ән әлемде жоқ. Балаға жасына сай жұмбақ шешкізіп, батырлық жырларды жаттатқызып, жан-дүниесіне жақын мамандыққа қарай икемдеуге септігін тигізер болсақ, болашағынан үлкен үміт күттірер, өз елінің болашағын ойлар азамат тәрбиелеген болар едік.

Ұлдана ӘЖІБАЕВА, ОҚО Сайрам ауданы, Құтарыс ауылы, №30 Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста