"Астана" велоклубы лицензиясынан айырылуы мүмкін
Велоспортта ел намысын байрақты бәсекелерде абыроймен қорғап жүрген «Астана» велоклубынан тағы да дау шықты. Тағы да дегеніміз бекер емес. Өйткені, соңғы екі айдың ішінде клубымыздың намысын қорғайтын үшінші велоспортшы допингпен ұсталды, деп жазады «Алаш айнасы» газеті.
Естеріңізде болар, жуырда ғана «Астана» клубының намысын қорғайтын Валентин Иглинсий рұқсат етілмеген дәрі қолданғаны үшін спорттан үш жылға аластатылған еді. Кейін бұл спортшымен аталмыш клуб та автоматты түрде келісім шартты бұзды. Одан соң Валентиннің ағасы Максим ұсталды. Ол эритропоэтин дәрісін қолданған екен. Ол да спорттан шеттетілді.
Енді 22 жастағы Илья Давыденоктың басы дауға қалды. «Астана» клубының қатарында тәжірибеден өтіп жатқан спортшы тамыз айында сынамадан өткен. Нәтижесінде «А» сынамасын тапсырған өскемендік өреннің қанынан анаболитикалық андрогендік стероид табылған.
Илья Давыденоктан допинг офицерлері сынаманы жастар арасындағы байрақты дода болып саналатын «Тур де л’Авенир» жарысының төртінші кезеңінен кейін алған. Төртінші кезең барысында қазақстандық спортшы көпшілік күтпеген жерден кезең жеңімпазы атанған. Бір қызығы ол алдыңғы кезеңдерде де, кейінгі кезеңдерде де ол топ жару былай тұрсын, үздіктердің қатарынан да көрінген жоқ.
Бұл мәселеге байланысты Халықаралық велоспортшылар одағы Илья Давыденокты «В» сынамасы ашылғанша кез-келген жарысқа қатысу құқығынан айырды. Бүкіләлемдік допингке қарсы агентік өкілдерінің айтуына қарағанда, қазақстандық спортшының қанынан расында рұқсат етілмеген дәрумен табылса, онда 22 жастағы спортшы спорттан екі жылға аластатылатын болады.
Ең бастысы Давыденоктың допинг қолданғаны расталатын болса, «Астана» клубының абыройына да нұқсан келері анық. Тіпті клуб лицензиясынан да айырылуы мүмкін. Өйткені, Халықаралық велоспортшылар одағының (UCI) заңы бойынша бір маусымда үш спортшысы допингпен ұсталған ұжым байрақты бәсекелерге қатысу құқығынан айырылады. Бұл мәселеге қатысты UCI өкілдері аккредитациялық коммисияға шағым түсіріп қойған.
«UCI аккредитациялық коммисияға «Астана» клубының менеджменті мен допингке қарсы саясатын тексеріп шығу туралы өтініш жіберді. Біз мұндай шараны клубтың үш бірдей спортшысының допингпен ұсталғанына байланысты жасап отырмыз», - делінген ресми хатта. «Астана» клубына қатысты ресми шешім келер айда шығатын болады.
Автор: Уалихан Қосанбай
Жұлдыз
Радиосы